Егер ғайбат айтқан адамның ғайбаты ғайбатталған адамға жетпей тұрып (шынайы) тәубе етсе, тәубесі пайда береді ме?
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Минхә ар-Рауда әл-Әзһар фи шарх әл-Фиқһу әл-Әкбар» (440 бет) кітабында айтты:
«Раудату әл-Ғулама» кітабында: «Әбу Мухаммадтан, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, былай деп сұрадым: «Егер ғайбат айтқан адамның ғайбаты ғайбатталған адамға жетпей тұрып (шынайы) тәубе етсе, тәубесі пайда береді ме?». Ол: «Иә, тәубесі пайда береді. Өйткені ғайбат айтушының күнәсі күнәға айналмас бұрын тәубе етті ғой (яғни, оның күнәсі адамның ақысына қатысты күнә емес, тек Аллаһпен екеуінің арасындағы күнә болып тұр. Ал Аллаһу Тағалаға қатысты болған күнә тәубе арқылы кешіріледі). Өйткені оның айтқан ғайбаты ғайбатталған адамға жетумен (ғана адамның ақысына қатысты) күнә болады», деді. Мен: «Ал егер ғайбаттаушы тәубе еткеннен кейін оның айтқан ғайбаты ғайбатталған адамға жетсе?», деп сұрадым. Ол: «Ғайбаттаушының тәубесі ол себепті бұзылмайды, бәлки Аллаһу Тағала екеуінде (тәубе еткен ғайбаттаушы мен ғайбатталған адамды) кешіреді: ғайбаттаушыны тәубесі үшін, ал ғайбатталған адамды зиян шеккен машақаты үшін. Өйткені тәубені қабыл еткеннен кейін оны кері қайтару жомарттыққа жараспайды, бәлки екеуінде (тәубе еткен ғайбаттаушы мен ғайбатталған адамды) кешіреді»».