Yesterday

Имам (әл-Музһири атымен танымал) Мухаммад ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әл-Ханафи رحمه الله تعالى

Фақиһ әрі мухаддис имам Музһируд-Дин әл-Хусәйн ибн Махмуд ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әш-Ширази әл-Ханафи

Ғалымдарды аударып, оларды, еңбектерін, ұстаздарын, сапарларын және шәкірттерін таныстыру — олардың естелігін мәңгі қалдырудың бір түрі, сондай-ақ кейінгі білім іздеушілер ұмтылатын үлгі мен өнегені көрсету болып табылады.

Сондықтан ғалымдар бұл салада еңбектеніп, арнайы кітаптар жазған. Ғалымдар мен олардың өмірі, тарихы және еңбектері жайлы айтылған үлкен әрі көпқырлы еңбектерге қарамастан, кейбір ғалымдар бұл кітаптарда мүлде аталмай қалған.

Бұл – табиғи жағдай.

Осындай ғалымдардың бірі — еңбектерінен ірі ғалымдар пайдаланғанымен, өздері оны өмірбаян еңбектерінде атамаған — имам Музһируд-Дин әл-Хусәйн ибн Махмуд ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әш-Ширази әл-Ханафи.

Имам Музһиден тек өз еңбектері арқылы ғана танылған. Өйткені ғалымдардың өмірбаянын жазғандар ол жайлы мәлімет бермеген. Мысалы, хафиз Ибн Хаджар әл-Әсқалани әш-Шәфиғи «әд-Дурар әл-кәминә фи әғйан әл-миә әс-сәминә» атты ғалымдар туралы кітабын жазғанымен, оны атамаған. Соған қарамастан, ол «Фәтху әл-Бәрри шарх Сахих әл-Бухари» еңбегінде одан нақыл келтірген.

Сол сияқты хафиз әс-Суюти әш-Шәфиғи де «әл-Хауи фи әл-фәтәуә» кітабында имам Музһириден нақыл келтірсе де, «Буғат әл-уәғәт фи табақат әл-луғауийин уә ән-нуһат» атты еңбегінде оның өмірбаянын бермеген.

Осы себепті имам Музһиридің туған жылы, ұстаздары немесе шәкірттері жайлы нақты мәлімет бізге жетпеген. Алайда оның барлық қолжазба еңбектері жарық көрсе, бәлкім оның өмірінің кейбір қырлары, сапарлары және кімдерден білім алғаны белгілі болар.

Аты-жөні мен лақабы: ол — әл-Хусәйн ибн Махмуд ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әш-Ширази әл-Ханафи, «Музһируд-Дин» («Дінді танытушы») деп лақап аталған, немесе көптеген ғалымдар айтқандай «әл-Музһири».

«Әз-Зәйдәни» — «Зәйдан» деп аталатын Куфа маңындағы бір жерге (Зәйдан сахарасына) байланыстырылып айтады.

Еңбектері:

  1. «Әл-Мәфәтих фи шарх әл-Мәсабих» — оның ең маңызды еңбектерінің бірі. Бұл кітап зерттеліп (тахқиқ жасалып), университет баспасынан жарық көрген.
  2. «Шарху усул Ибн әл-Хажиб» — бұл еңбекті ол «әл-Мәфатих» кітабының ішінде атап өткен.
  3. «Мағрифату әнуәғ әл-хадис» — хадис түрлері жайлы трактат. Бұл оның «әл-Мәфатих» кітабының кіріспесінен алынған, деп әз-Зирикли «әл-Әғләм» еңбегінде айтқан.
  4. «Фәуәид фи усул әл-хадис» — хадис негіздері жайлы еңбек. Мұны да әз-Зирикли «әл-Әғләм» атаған.
  5. «Шарху мақамат әл-Харири» — әл-Бағдади «Иддах әл-мәкнун» еңбегінде келтірген, кейін әз-Зирикли де «әл-Әғләм» соны қайталаған[6].

Әл-Бағауидің «Мәсабих әс-Сунна» кітабына жазған «әл-Мәфәтих фи шарх әл-Мәсабих» шархының маңыздылығы

Имам әл-Музһири әл-Бағауидің «Мәсабих әс-Сунна» атты кітабына «әл-Мәфәтих фи шарх әл-Мәсабих» деген атаумен шарх жазған. Бұл еңбекке ірі шариғат ғалымдары өз түсіндірмелерінде жүгініп, одан көптеп пайдаланған.

Мысалы, Ибн Хаджар әл-Әсқаләни әш-Шәфиғи «Фәтху әл-Бәрри» кітабында (2/229), Джәлалуд-Дин әс-Суюти әш-Шәфиғи «әл-Хауи ли әл-Фәтәуә» (3/428) және «әш-Шәмәил әш-Шәрифа» (330-бет) еңбектерінде бірнеше жерде одан нақыл келтірген.

Сондай-ақ Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи «Ғумдату әл-қари» (8/153) кітабында және басқа да орындарда, әл-Манауи «Файду әл-Қадир» (5/289) және «әт-Тайсир би шарх әл-джәмиғ ас-Сағир» (1/347) еңбектерінде, Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи «Мирқат әл-Мәфатих» кітабында өте көп пайдаланған.

Одан алғашқылардың бірі болып пайдаланған — ат-Тыйби. Ол «Мишкәт әл-Масабих» кітабына жазған «әл-Кәшиф ғән хақаиқ әс-Сунан» атты шархында көптеп сілтеме жасап, оны (مظ) деген белгімен көрсетіп отырған.

Фиқһ ғалымдары да бұл еңбектен пайдаланған. Мысалы, Шәмсуд-Дин ар-Рамли әш-Шәфиғи «Нихая әл-Мухтаж» (19/147), Сулейман әл-Джамал «әл-Манһаж» кітабына жазған хашиясында (7/640), сондай-ақ Мухаммад әш-Шәукәни «Нәйл әл-Әутар» (2/317) еңбегінде және басқа жерлерде одан пайдаланған.

Сондай-ақ Нуғман әл-Әәлуси «әл-Аят әл-Бәйинәт» (73-бет), және Исмаил Хаққ әл-Бурсауи әл-Ханафи әл-Матуриди «Рух әл-баян фи тафсир әл-Қуран» (8/162) еңбектерінде де одан нақыл келтірген.

Қайтыс болуы

Ғалымдар оның һижри 727 жылы қайтыс болғанын бірауыздан айтқан.

Имам әл-Музһири бұл шархын толық аяқтап үлгермей, дүниеден өтті. Ол «Мәсабих» кітабының соңғы бөлімдеріне дейін жеткен еді. Кейін оның бір шәкірті автордың әдісі мен стилін, сондай-ақ пайдаланған дереккөздерін сақтай отырып, еңбекті аяқтап шықты. Соның нәтижесінде бұл толықтыру имам әл-Музһиридің өз шархы сияқты болып көрінеді.

Сондай-ақ, бұл құнды еңбекті «Дару ән-Нәуәдир» баспасындағы білікті мұхаққиқ ғалымдардан құралған ғылыми комиссия шейх Нуруд-Дин Талибтің жетекшілігімен жоғары деңгейде ғылыми тұрғыда тахқиқ жасаған. Олар мәтінді дәлме-дәл реттеуге ерекше көңіл бөліп, басылымды төрт қолжазба нұсқаға сүйене отырып дайындаған.

Аллаһ тағала имам Имам Музһируд-Дин әл-Хусейн ибн Махмуд әз-Зәйданиді кең рақымына бөлесін, қабірін нұрға толтырсын, амал дәптерін ауыр етіп, дәрежесін жоғары етсін. Оның ілімін қабыл етіп, жазған еңбектерін өзіне үздіксіз сауап болып ағылатын садақа жәриядан етсін.

Аллаһ тағала оны пайғамбарлар, шыншылдар, шәһидтер және ізгілермен бірге тірілтіп, жәннаттың ең жоғары дәрежелерінен орын нәсіп етсін. Бізді де оның ілімінен және еңбектерінен шынайы түрде пайда алуды нәсіп етсін. Әмин.