Тыйым салынған кәсіп туралы.
1. Имам Абдул-Ғани әл-Ғунайми әл-Майдани әл-Ханафидің «әл-Любаб фи шарх әл-Китаб» кітабында («жалға алу» бабында):
«(Және) күнә істерді жалға алуға болмайды, мысалы: (ән айту, жоқтау айту) секілді, сондай-ақ басқа да барлық шариғат қайтарған (музыка секілді) ойын-сауық түрлері. Себебі бұл — күнә істі істеу үшін жалдау болып табылады. Ал күнә іс келісімшартқа құқылы емес (яғни, келісімшарт жасағанның өзінде, келісімшарт дұрыс емес)».
2. Имам Нәджмуд-Дин әз-Зәһиди әл-Ханафидің «әл-Муджтаба шарх Мухтасар әл-Қудури» кітабында:
«Егер біреуді танбур немесе барбат (гитара, домбыра секілді ішекті музыкалық аспаптар) жасап беру үшін жалдаса, еңбекақысы оған адал болады, алайда күнә іске көмектескені үшін өзі күнәға батады.
Сол сияқты, егер зимми (мұсылман қол астындағы кітап иесі) өзіне шіркеу немесе синагога салып беру үшін жалдаса (еңбекақысы адал), бірақ бұл да күнә іске жәрдемдесу болып саналады.
Ал егер біреуді (шіркеу) қоңырауың соғу үшін жалдаса — рұқсат етілмейді.
Шошқа бағуға жалдау мәселесінде келіспеушілік бар.
Шарап сатуға жалдау — рұқсат етілмейді.
Ал егер зимми мұсылманнан үйді тұру үшін жалдаса, онда еш айып жоқ, тіпті ол үйде шарап ішсе, айқышқа табынса немесе шошқа кіргізсе де.
Ал егер біреуді өлең, фиқһ немесе басқа нәрселерді оқу үшін кітапты, не Құранды (мусхафты) жалдаса — рұқсат етілмейді».
3. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи өзінің «Минхату әс-Сулук фи шарх Минхати әл-Мулук» (423 бет) кітабында:
«(Әнші мен жоқтаушы әйелдің ешбір шартсыз алған ақысы – рұқсат).
Өйткені ол иесінің разылығымен берілген, сондықтан ол ақша оған халал болады
(мағынасы: әнші ешқандай келісімшартсыз өз еркімен ән айтып, адамдар оған өз еріктерімен ақшалай сыйлық берсе, бұл берілген ақша әншінің мүлкіне өтеді.)
(Ал егер шартпен алынған болса – харам).
Себебі шарт қойылған жағдайда бұл ақы күнәлі іс үшін берілген ақыға айналады (яғни, әнші ән айту үшін алдын ала келісім жасап, сол үшін ақы алса, бұл алған ақшасы оған харам болады).
Сондықтан ол (әнші) алған ақшасын иелеріне қайтарып беруі міндет. Егер иелерін білсе – соларға қайтарады, өйткені бұл алу – күнә. Ал күнәлі түрде алынған малдың жолы – оны қайтару.
Ал егер иелерін білмесе – оны садақа етіп береді.
Әл-Хаким әншінің табысы туралы былай деген:
«Егер ол ақша қарызды өтеуге жұмсалса, қарыз иесіне оны алу адал емес, өйткені бұл (яғни, әншінің табысы) тартып алынған мал үкіміндей.
Ал қазылық үкім арқылы берілген жағдайда (яғни сот шешімі арқылы қарызды өтеу ретінде мәжбүрлеп берілсе) – қарыз иесі оны алуға мәжбүр етіледі (қабылдауға міндеттеледі)»».