Сауда бабындағы «хияр» түрлері
Егер сауда толықтай орындалған болса, кейін екі тараптың бірі тауарды қайтаруға құқығы бар ма?
Сауданы бұзуға екі тараптың ақысы жоқ, тек төмендегі жағдайлардан басқа:
¹Хияру шарт: «Мына затты бір күн (немесе үш күн¹) хияру шартпен саттым» немесе «сатып алдым» десе, хияру шарт иесі осы уақыт арасында сауданы бұзуға құқылы² (мысалы, тауарды үйіне барып көрсетеді. Егер ұнамаса, онда хияру шарт құқығымен кейін әкеліп тапсырады).
¹Имам Әбу Ханифа құзырында үш күннен артық мерзімге хияру шарт жасауға болмайды. Ал Әбу Юсуф пен Мухаммадтың көзқарасы бойынша, нақты уақытын белгілеу шартымен ұзақ мерзімге де хияру шарт жасауға рұқсат етіледі. Алайда, егер хияру шарт мәңгілікке, белгісіз уақытқа немесе «менде хияру шарт бар» деп уақыт көрсетілмей жасалса, онда сауда фәсид болады.
²Ал егер хияру шарт жасаған адам аталған уақыт ішінде тауарды қайтармаса немесе оны өзінің мүлкіндей пайдалана бастаса, онда сауда автоматты түрде толық іске асқан болып саналады. Егер хияру шарт иесі — сатушы болса (яғни, «мына затты бір күнге (немесе үш күнге) хияру шартпен саттым» десе), онда тауар оның меншігінен шықпайды. Бұл жағдайда сатып алушы осы уақыт ішінде тауарды бүлдірсе немесе жоғалтса, оның құнын өтейді.
Хияру руия: Егер бір адам тауарды көрместен сатып алса, онда ол тауарды көзімен көргеннен кейін ерік иесі болады: қаласа – сатып алады, қаламаса – сатып алмайды³.
³ Бұл хияр түрі сатып алушының қайтыс болуымен немесе оның тауарға разылығын ашық білдіруі (мысалы, мақтап айтуы, пайдалана бастауы) арқылы жойылады. Бұл құқық тек сатып алушыға тиесілі, яғни тауарды көрмей сатып алған адамға қатысты. Сатушыға бұл хияр түрі жүрмейді. Егер сатып алушы сауда барысында тауарды көрген болса, онда оған хияру руия құқығы берілмейді.
Тауарды көру мәселесі – сатып алынғалы жатқан нәрсенің сипатына байланысты. Мысалы:
- егер тауар үйінді түрінде сатылып жатса, онда үйіндісін көруі жеткілікті;
- немесе бүктеліп тұрған мата болса, оның сыртын көруі – көру ретінде есептеледі. Бұл жағдайларда сатып алушыда хияру руия құқығы болмайды.
Хияру айып: Егер сатып алынған тауардан қандай да бір айып (нұқсан) табылса, онда сатып алушы ерік иесі болады: қаласа – сол күйінде, сол бағаға алады, қаласа – тауарды толығымен кері қайтарады⁴.
Тауардағы айып дегеніміз – сауда әдетінде (ғұрыпта) тауардың бағасына кері әсер ететін кез келген кемшілік. Ал сауда ғұрпында бағасына әсер етпейтін нәрсе болса – айып болып есептелмейді.
⁴Тауардың кемшілігіне қарай бағаның белгілі бір бөлігін қайтаруды талап етуге болмайды (мысалы: тауарды 1000 теңгеге сатып алған соң, одан айып табылса, «онда 500 теңгені қайтар» деу – дұрыс емес).
Егер сатып алған тауарды қайтаруға ешқандай хияр болмаса, онда тауарды екі тарап (сатып алушы мен сатушының) разылығымен кері қайтаруға болады ма?
Иә, екі жақ разылығымен сауданы бұзу рұқсат, және мұны шариғатта «әл-иқала» деп атайды. Бұл алғашқы бағамен сауда келісімін бұзу¹.
Егер сатушы немесе сатып алушы сауда келісімін бұзуды талап етсе, екінші тараптың бұған келісуі – мұстахаб².
¹Яғни: Бір адам қаламды 100 теңгеге сатып алды. Кейін саудадан айнып, келісімді бұзуға бел байлады. Саудагерге барып жағдайды айтып, ол бұзуға разы болды. Яғни сатып алушы қаламды қайтарып береді, ал саудагер оған 100 теңгені қайтарады — тіпті сол сәтте теңге құнсызданып кеткен болса да (мысалы, бұрынғы 100 теңге қазіргі құны бойынша 10 теңгеге түссе де). Саудагер оған бастапқыдағы 100 теңгені ғана қайтарады. Сол сияқты, егер тауар доллармен сатып алынған болса, сауданы бұзған кезде де саудагер сатып алушыға доллармен қайтарады.
² Хадис: «Кімде-кім мұсылманға сатқан тауарды кері алса, Аллаһу Тағала оның күнәларын кешіреді» (Сахих. Ахмад, 7431; Әбу Дәуіт, 3460;).
Шейх Мухаммад Әли ибн Шәфиқ ән-Нәдуй әл-Ханафи, «әл-Фиқһу әл-Муиассар мәғә Бидаяту әл-муфти уә ниһаяту әл-мустафти», 333 бет.