Today

Бағаналар арасында сапқа тұрудың мәкруһтығы туралы.

Бізге Һаннад, ол Уәкиғтен, ол Суфияннан, ол Яхия ибн Һани ибн Уруа әл-Мурадиден, ол Абдулхамид ибн Махмудтың былай деп айтқанын жеткізді: «Біз әмірлердің бірінің артында намаз оқыдық. Адамдар (мешітте) бізді қысып жіберді де, біз екі бағананың арасында тұрып намаз оқыдық. Намаздан соң Әнәс ибн МӘлик: «Біз бұл жағдайдан Аллаһ Елшісінің ﷺ заманында сақтанатынбыз», – деді».

Бұл мәселеде Қурра ибн Ияс әл-Музаниден де хадис риуаят етілген.

Имам әт-Тирмизи айтты: «Әнәс хадисі — хасан сахих хадис. Бұл мәселе жайлы кейбір ғалымдар бағаналардың арасында сапқа тұруды мәкруһ санаған. Бұл — Ахмад пен Исхақтың да көзқарасы. Ал кейбір ғалымдар бұған рұқсат берген».

Муфти Асғар Әли ар-Раббани әл-Ханафи әл-Матуриди «Джәмиғу әт-Термизи уә әл-мәзһәб әл-Ханафи» (2\539) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«Бұл тараудағы Әнәс ибн Мәликтен келген хадис арқылы — бағаналар арасында сап түзеудің мәкруһ екендігі дәлелденеді.

1. «Шарх Сунән Әбу Дәуід» (3\223) хадис жианығаны жазылған түсіндірмеде айтылғандай: «Бұл мәкруһ болудың себебі – немесе саптың үзілетіндігі, немесе бұл жер аяқ киім жиналатын орын болғандығы. Бірінші себеп шындыққа көбірек ұқсайды, өйткені екіншісі (яғни, баға арасына аяқ киім қою үрдісі) кейін пайда болған (яғни, сахабалар кезінде болмаған). Ал егер мешіт тар болса, онда бағаналар арасында тұру рұқсат екеніне ешқандай келіспеушілік жоқ. Алайда мешіт кең болса, онда бұл – мәкруһ».

2. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафидің «Умдату әл-Қари» (4\418) кітабында:

«(Жамағатсыз жағдайда бағаналар арасында намаз оқу» тарауында) мынадай түсініктеме берілген: «Бұл тарау – жеке (жамағатсыз) оқылатын намазда бағаналар арасында тұру жайында. Яғни, адам жалғыз өзі намаз оқыса, бағаналардың арасында тұруда еш әбестік жоқ. Мұнда «жамағатсыз» деп нақты көрсетілген, өйткені жамағатпен оқылған намазда бағана сапты бөледі, ал жамағатта сапты түзету – шариғатта талап етілген. Өткен ізгілерден болған ғалымдары бұл мәселеде түрлі көзқараста болған:

  • Әнәс ибн Мәлик — бағаналар арасында тұруды мәкруһ санаған. Себебі оған тыйым жайлы риуаят келген, әрі оны әл-Хаким сахих деп бағалаған.
  • Абдуллаһ ибн Масғуд: «Бағаналар арасында сап түземеңдер, сапты толықтырыңдар» деген.
  • Хасан әл-Басри мен Ибн Сирин — мұны рұқсат еткен.
  • Сағид ибн Джубайр, Ибраһим әт-Тәймии, Суәйд ибн Ғуфәлә – жамағатқа имам болғанда бағаналардың арасында тұрған. Бұл — Куфа ғалымдарының көзқарасы.
  • Имам Мәлик «әл-Мудууәнә» еңбегінде: «Мешіт тар болса, бағаналар арасында намаз оқуда әбестік жоқ», – деген.
  • Ибн Хабиб: «Сапты бөлуге тыйым – мешіт кең болса ғана. Тар болса – рұқсат», – деген.
  • Имам әл-Қуртуби: «Бағаналар арасында тұрудың мәкруһтығының себебі – бұл жер мұсылман жындар намаз оқыған орын деп риуаят етілген», – дейді».

3. Ибн Әбидиннің «Хашиясында» (2\414):

«(Имамдық тарауында:) ««Миғрадж әд-Дирая» кітабында (имамдық тарауында) былай деп келтірілген: ең сахих риуаят — Имам Әбу Ханифадан риуаят етілген мына сөз: «Имамның екі бағананың ортасында, мешіттің бір бұрышында, не қабырғасына жақын, не бағанаға таяу тұруын мәкруһ көремін¹».
Себебі бұл — үмметтің амал-тәжірибесіне қайшы келеді. Сондай-ақ, сүннетке сай болғаны — имамның жамағат сабының дәл ортасына тұруы».

4. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафидің «әл-Биная шарх әл-Һидая» (2\343) кітабында:

«Ең дұрыс көзқарас — Имам Әбу Ханифадан риуаят етілген мына сөз: «Имамның екі бағананың ортасында тұруын мәкруһ көремін». Тағы бір риуаятта: «Немесе мешіттің бұрышында, не қабырға маңында, не бағана жанында тұруын мәкруһ көремін» – делінген. Себебі бұл — үмметтің амал-тәжірибесіне қайшы.

Ал жамағат қатарлары тең болса, кісі имамның оң жағына тұрады (егер мүмкін болса). Егер сап ішінде бос орын көрсе, соны толтыруы тиіс. Соңынан біреу келіп, екеуі қатар тұрады деп күтудің қажеті жоқ».

5. Имам ат-Тахтауи әл-Ханафидің «Мәрақи әл-Фәләх» (1\167) кітабына жазған хашиясында: «Имам Әбу Ханифадан риуаят етілген: «Имамның екі бағананың арасында, не мешіттің бір бұрышында, не қабырғасына таяу, не бағана маңында тұруы мәкруһ». Себебі бұл — үмметтің амалынан тыс нәрсе».

¹Бұл жерде имамның бағана арасында тұруын мәкруһ санаған риуаятты келтіріп отыр, өйткені Имам Әбу Ханифадан имамның екі бағана арасында тұруында әбестік жоқ деген де риуаят бар. Кейбір ғалымдар осы екінші әлсіз риуаятқа сүйеніп, жамағатқа да рұқсат берген.