﴾Уа, иман келтіргендер! Егер Аллаһтың (дініне) қолдау көрсетсеңдер, Аллаһ да сендерді қолдайды һәм аяқтарыңды тайдырмай (хақ жолда) нық басқызады﴿.
﴾Уа, иман келтіргендер! Егер Аллаһтың (дініне) қолдау көрсетсеңдер, Аллаһ да сендерді қолдайды һәм аяқтарыңды тайдырмай (хақ жолда) нық басқызады﴿ «Мухаммад» сүресі, 7-аят.
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«﴾Уа, иман келтіргендер! Егер Аллаһтың (дініне) қолдау көрсетсеңдер, Аллаһ да сендерді қолдайды﴿ яғни: егер сендер Аллаһтың дініне көмек етсеңдер, Ол сендерге жәрдем береді. Немесе: егер сендер Аллаһтың әулиелеріне көмек етсеңдер, Ол сендерді дұшпандарыңа қарсы жәрдем етеді.
Сосын Аллаһтың дініне және Оның әулиелеріне көмектесу екі түрлі болады:
- Біріншісі: жанмен және малмен көмектесу — яғни, Аллаһтың разылығы үшін жан мен малды Оның жолына сарп ету.
 - Екіншісі: дәлелдермен, айқын айғақтармен көмектесу — яғни, бізге жүктелген міндет бойынша, діндегі дәлелдер мен айғақтарды орнатып, қарсы тарапқа қарсы көрсету арқылы.
 
Сосын Аллаһтың бізге көмектесуі де екі жолмен болады:
- Біріншісі: Ол дұшпандарына қарсы бізге үстемдік беріп, оларды жеңуге жәрдем етеді. Бірақ бұл әрдайым емес: белгілі бір жағдайларда және белгілі бір уақытта ғана болады.
 - Екіншісі: Аллаһ бізге соңында жеңісті нәсіп етеді. Яғни, кейбір соғыстарда біз жеңіліс тапсақ та, олар бізге үстем түссе де, соңғы нәтиже біз үшін болады.
 
﴾һәм аяқтарыңды тайдырмай (хақ жолда) нық басқызады﴿. Соғыстар мен шайқастарда (Аллаһ) мүміндердің аяқтарын бекем етеді немесе ақыретте аяқтарын орнықты етеді — яғни, олар таймайды. Дұрысын Аллаһ білуші».