«Мүміннен басқа ешкіммен дос болма және тақуадан басқа ешкім сенің тамағыңды жемесін».
Бізге Амр ибн Аун, ибн Мубарак, ол Хайуа ибн Шурайхтен, ол Сәлим ибн Ғайланнан, ол әл-Уәлид ибн Қаистен, ол Әбу Сәғидтен немесе Әбу әл-Һайсамнан, ол Әбу Сағидтен, Аллаһ одан разы болсын, ол Пайғамбардан ﷺ былай деп айтқанын жеткізді: «Мүміннен басқа ешкіммен дос болма және тақуадан басқа ешкім сенің тамағыңды жемесін». «Сунән» Әбу Дәуіт.
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» (4832-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Мүміннен басқа ешкіммен дос болма) яғни, иманы шынайы, кәміл болған адаммен ғана дос бол. Сонда оның дос болуы саған бұл дүниеде де, ақыретте де пайда береді (және тақуадан басқа ешкім сенің тамағыңды жемесін»). Тағам беру екі түрлі болады: сүйіспеншілік пен бауырмалдық негізінде берілетін тағам және мұқтаждықтан туындап берілетін тағам. Егер тағам – сүйіспеншілік пен бауырластықтың белгісі ретінде берілсе, онда оны мүмін адам жеуі тиіс.
Ал егер тағам – адамның мұқтаждығын өтеу үшін берілсе, онда оны кез келген адам жеуіне болады, ол баршаға ортақ. Өйткені Аллаһ Тағала былай деген: ﴾Өздері мұқтаж болып, ауыздарының суы құрып тұрса да, пақыр-міскінді, жетім мен тұтқынды қуана-қуана тамақтандырады﴿ («әл-Инсан» сүресі, 8 аят).Бұл аят – тағам беру ісі тек мүміндермен ғана шектелмей, жалпы адамзатқа (яғни мұқтаж жандарға) қатысты екенін білдіреді».