Мұсылмандардың бір-бірінің үйіне кіруде бейқамдық танытуы және кірер алдында рұқсат сұраудың міндеттелу хикметі.
Әл-Азһардың ғұламалар кеңесінің мүшесі болған Шейх Әли Махфуз әл-Ханафи әл-Әзһари өзінің «әл-Ибдағ фи мадар әл-ибтидағ» (386-391 бет) кітабында айтты:
Жек көрінішті әдеттердің бірі — мұсылмандардың бір-бірінің үйіне кіруде бейқамдық танытуы және хижаб сақталмай, ерлер мен әйелдердің араласуы. Бұлар — Құран мен сүннетте тыйым салынған бидғаттар.
﴾Уа, иман келтіргендер! Өз үйлеріңнен басқа үйлердің босағасынан үй иелерінен рұқсат сұрамайынша һәм сәлем бермейінше аттамаңдар. Солай істегендерің өздерің үшін қайырлы әрі лайықты болмақ. Ендеше, ойланып, осы пәрменнің байыбына барып, хикметін түсінерсіңдер. Егер үйде ешкім болмаса, өздеріңе қандай да бір жолмен рұқсат етілмейінше ол үйге кірмеңдер. Ал егер сендерге: «(Дәл қазір) кіруге болмайды, қайтыңдар», – делінсе, қайтып кетіңдер. Сол сендерге әлдеқайда лайықты. Аллаһ сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді жақсы біледі﴿
«Сол сендерге әлдеқайда лайықты» дегені — сендер үшін жақсырақ әрі пәктеу. Өйткені мұнда көңілге кірбің түсірмеу және күмәннан аулақ болу бар.
Әйелдердің ар-намысын құрметтеу, абыройды қорғау және мұсылманның өз үйінде Аллаһ рұқсат еткен еркіндікті пайдалану құқығын сақтау үшін, Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ әрбір мүмінге өзгенің үйіне оның иелерінен рұқсат сұрап, сәлем бермей тұрып кіруді тыйым салды. Егер үй иелері кіруге рұқсат берсе, кіреді, ал рұқсат бермесе, кері қайтады.
Өйткені әрбір адамның өз үйінде өзгелердің, тіпті ең жақын адамдарының да көргенін қаламайтын жеке жағдайлары болады. Егер келген кісіге үй иелерінен рұқсат сұрамай баса-көктеп кіруге жол берілсе, ол оларды өздеріне ұнамсыз күйде тосыннан көріп, көңілдеріне қаяу түсіруі мүмкін. Үй иесінің әйелін басы ашық, денесінің кейбір жерлері жалаңаш күйде көріп қалуы да ықтимал. Мұның өзі келген адамды азғырып, үй иесіне ауыр тиеді. Бұдан туындайтын жаман салдарлар мен қайғылы нәтижелер де айқын.
Дәл осы зор хикметке байланысты асыл шариғат адамға рұқсат сұрамай тұрып өзгенің үйіне сығалап қарауды харам етті. Тіпті имам әш-Шафиғи, Аллаһ оны рақымына алсын: «Осындай жағдайда оның көзі шығарылса, ол үшін өтем төленбейді», — деген. Ол Сәһл ибн Сағдтың, Аллаһ оған разы болсын, мына хадисін дәлел еткен:
«Бір адам Пайғамбардың ﷺ бөлмесіндегі тесіктен сығалап қарады. Пайғамбардың ﷺ қолында шаш тарауға арналған темір құралы бар еді. Сонда ол ﷺ: “Сенің қарап тұрғаныңды білгенімде, мына құралмен көзіңе шаншыр едім. Расында, рұқсат сұрау көз үшін ғана бекітілген”, — деді».
Яғни рұқсат сұрау — үй ішіндегілердің әуретіне көз түсірмеу және олардың жеке жағдайларын көріп қоймау үшін бекітілген. Хадисті әл-Бухари, Муслим, әт-Тирмизи және ән-Нәсәи риуаят еткен.
Әл-Жауһари: «Шаш тарауға арналған темір құрал — үлкен инеге ұқсайтын, шаш өруші әйелдер әйелдердің бұрымдарын реттеу үшін қолданатын құрал», — деген.
Әбу Һурайрадан, Аллаһ оған разы болсын, жеткен риуаятта Аллаһ елшісі ﷺ былай деген:
«Кімде-кім бір қауымның үйіне олардың рұқсатынсыз сығалап қараса, олардың оның көзін шығаруына рұқсат етіледі».
Бұл хадисті әл-Бухари мен Муслим риуаят еткен. Әбу Дәуіттің риуаятында: «Егер олар оның көзін шығарса, ол үшін өтем төленбейді», — делінген.
Ән-Нәсәидің риуаятында Пайғамбардың ﷺ былай дегені жеткізілген:
«Кімде-кім бір қауымның үйіне олардың рұқсатынсыз сығалап қарап, олар оның көзін шығарса, ол үшін құн да төленбейді, қысас та қолданылмайды».
Убада ибн әс-Самиттен, Аллаһ оған разы болсын, жеткен риуаятта Аллаһ елшісінен ﷺ үйлерге кіруге рұқсат сұрау жайында сұралғаны айтылады. Сонда ол:
«Кім рұқсат сұрап, сәлем бермей тұрып үйдің ішіне көз салса, оған кіруге рұқсат жоқ. Ол Раббысына қарсы келді», — деген.
Мұны ат-Табарани риуаят еткен. Риуаятшылары — сенімді адамдар.
Бұдан рұқсат сұрауды міндеттеудегі хикмет — ар-намысты қорғау және көңілге қаяу түсірмеу екені түсінікті болады. Үй ішіндегілер өз жағдайларын реттеп, жабылуы тиіс жерлерін жаба алуы үшін сүннетте рұқсатты үш рет сұрау керектігі айтылған. Пайғамбардан ﷺ жеткен хадисте:
«Рұқсат үш рет сұралады: біріншісінде үйдегілер құлақ түреді, екіншісінде өз жағдайларын реттейді, үшіншісінде кіруге рұқсат береді немесе кері қайтарады», — делінген. Мұны ат-Табарани жеткізген.
«Сендердің бірің үш рет рұқсат сұрап, оған рұқсат берілмесе, кері қайтсын», — деген.
Әл-Бухари Қатада арқылы осыған ұқсас мағынада риуаят еткен.
Рұқсат сұрау тек бөгде адамдарға қатысты, ал туыстарға қатысы жоқ деп ойлама. Аяттағы үндеу барлық мүміндерге ортақ. Сондықтан бұл үкім туысқа да, бөгдеге де бірдей қатысты. Оны әке де, ұл да, әкенің бауыры да, нағашы да сақтауға міндетті.
«Бір адам Аллаһ елшісіне ﷺ келіп:
— Анамның қасына кірерде де рұқсат сұраймын ба? — деп сұрады. — Иә, — деді ол. Әлгі адам: — Оның менен басқа қызмет ететін адамы жоқ. Сонда да рұқсат сұраймын ба? — деді. Пайғамбар ﷺ: — Оны жалаңаш күйінде көргің келе ме? — деп сұрады. — Жоқ, — деді ол. — Ендеше, рұқсат сұра, — деді».
Мұны Мәлик «әл-Муаттада» Ата ибн Ясардан жеткізген. Міне, бұл — әдептіліктің ең жоғары әрі кемел көрінісі.
Сондай-ақ Аллаһ құлға қожайынының алдына, ал азат балаға өзі қызмет ететін адамның алдына кірерде, әурет ашық болуы ықтимал үш уақытта рұқсат сұрауды міндеттеді. Аллаһ Тағала былай деген:
﴾Уа, иман келтіргендер! Қол астыларыңдағы құлдарың мен қызметшілерің һәм араларыңдағы балиғатқа толмаған жас балалар мына үш мезгілде жеке бөлмелеріңе кіру үшін рұқсат сұрасын: таң намазының алдында, түскі уақытта тынығып алу үшін киімдеріңді шешкендеріңде және құптан намазынан кейін. Міне, осы үш мезгіл сендердің ұятты (яғни, абиырларыңның ашылып қалуы әбден мүмкін болған) шақтарың. Ал бұдан өзге уақыттарда сендер үшін де, олар үшін де бір-біріңе рұсатсыз кіріп-шығудың айыбы жоқ. Өйткені (бір шаңырақ астында немесе бір аулада болғандықтан) біріңе-бірің кіріп-шықпауларың мүмкін емес. Міне, Аллаһ сендерге аяттары мен нұсқауларын осылайша баяндайды. Аллаһ бәрін білуші шексіз ілім иесі, әр ісі мен үкімінде көптеген хикметтер болған асқан даналық иесі﴿ («Нұр» сүресі, 58-аят).
Осы үш уақыттан басқа кездерде қызметшіге — мейлі ол құл болсын, мейлі бала болсын — рұқсат сұрамай кіруге жол берілген. Ал бала балалық шақтан өтіп, балиғатқа толған соң, өзге бөгде адамдар секілді, өзі қызмет ететін адамның алдына кез келген уақытта кірерде рұқсат сұрауға міндетті. Аллаһ Тағала былай деген:
﴾Балаларың балиғатқа толғанда, өздерінен үлкендердің рұқсат сұрағанындай, олар да жеке бөлмелеріңе кіру үшін рұқсат сұрасын. Аллаһ сендерге Өзінің аяттарын, хикметті нұсқауларын, міне, осылай баяндайды. Аллаһ бәрін білуші шексіз ілім иесі, әр ісі мен үкімінде көптеген хикметтер болған асқан даналық иесі﴿ («Нұр» сүресі, 59-аят).
Аллаһ мүміндердің ар-намысы қорғалып, жүректері нәпсіқұмарлықтың кірінен таза, өшпенділік пен кекшілдіктен аман болуы үшін оларды осындай жоғары әдептермен тәрбиеледі.
Дана Заң Иесінің ерлерге де, әйелдерге де көздерін төмен салып, күдік пен күмән тудыратын орындардан аулақ болуды бұйыруының сыры да осында. Өйткені көз салу — зинаға бастайтын жол, азғырудың бастауы, бұзақылық пен арсыздықтың хабаршысы.
Сондай-ақ мұсылман әйелдерге өздерінің әшекей-көріктерін көрсетуге және бөгде ерлерге әуреттері мен сұлулықтарының қандай да бір бөлігін ашуға тыйым салынды. Өйткені бұл азғыруға, мұсылмандар арасында арсыздықтың таралуына және олардың Аллаһтың қаһары мен ашуына ұшырауына себеп болады. Аллаһ Тағала былай деген:
﴾(Уа, Мухаммад!) Мүмін ер кісілерге айт: Харамға көз салмасын (яғни, бөтен әйелдерге және өзге ер кісілердің әуреті сынды қарауға болмайтын нәрселерге қарамасын)! Сондай-ақ абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сол оларға әлдеқайда лайықты. Шүбәсіз, Аллаһ олардың не істеп, не қойып жүргенінен толық хабардар.
Мүмін әйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сымбат-көріктерін көрсетпесін һәм орамалдарын омырауларына дейін түсіріп тартсын. Әшекейлері мен сымбат-көріктерін күйеулері, әкелері (сондай-ақ аталары, әкелері мен аналарының бауырлары), қайын аталары, өз ұлдары, өгей (әрі сүт) ұлдары (сондай-ақ өзіңіз, өгей және сүт немерелері), (өзіңіз, өгей және сүт) бауырлары, бауырларының ұлдары, әпке-сіңлілерінің ұлдары, арлы мұсылман әйелдер немесе қызметші, яки жақсы араласатын әйелдері, қоластындағы күңдері, (қартайып немесе өзге де себептермен) еркектік қабілетінен айырылған еркек қызметшілері мен құлдары және әйелдіктің һәм әйел әуретінің не екенін әлі түсіне қоймаған жас балалардан өзгелерге көрсетуші болмасын. Жасырын әшекейлері мен сымбат-көріктеріне бөтен ер кісілердің назарын аударатын және олардың құмарын оятатын әрекеттерге бармасын. Уа, мүміндер, (күнәларың үшін өкініш білдіріп,) бәрің бірауыздан Аллаһқа тәубе етіңдер. Сонда ғана (азаптан құтылып) мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер﴿ («Нұр» сүресі, 30–31-аяттар).
Осы хикметке толы аяттан Аллаһ Тағаланың ерлерге көздерін төмен салып, ұятты жерлерін сақтауды бұйырғанын және әйелдерге де дәл солай бұйырғанын көресің.
Бұзақылық пен бүліктің алдын алу, жамандыққа бұйырушы нәпсінің дәмесін үзу және жүректерді қаяудан сақтау үшін әйелдерге әуреттерін ашуға, әшекей-көріктерін көрсетуге тыйым салынды. Мұның мақсаты — татулықтың жалғасуы және өзара ынтымақтың сақталуы.
Осыдан Ислам дінінің мұсылман ер адамға некелесуге болатын бөгде әйелге қол тигізуді, онымен араласуды және оңаша қалуды неліктен харам еткені түсінікті болады. Өйткені мұндағы азғыру күштірек, зиян үлкенірек әрі жамандыққа ұрыну ықтималы жақынырақ.
Ат-Табарани сахих иснадпен Аллаһ елшісінің ﷺ былай дегенін риуаят еткен:
«Сендердің біріңнің басына темір ине сұғылғаны — өзіне халал емес әйелге қол тигізгенінен қайырлы».
Сондай-ақ ол Аллаһ елшісінің ﷺ мына сөзін де жеткізген:
«Әйелдермен оңаша қалудан сақтаныңдар! Жаным қолында болғанмен ант етемін: ер адам әйелмен оңаша қалса, шайтан міндетті түрде олардың арасына кіреді. Ер адамға балшыққа не қара лайға былғанған доңыздың келіп жанасқаны — өзіне халал емес әйелге жанасқанынан қайырлы».
Осы Құран аяттары мен Пайғамбар ﷺ хадистерінің жиынтығынан хақ діннің мұсылман мен күнә атаулының арасына әдептен берік бөгет, бұйрықтар мен тыйымдардан мықты қорған орнатқаны айқын болады.
Ендеше, бүлікке толы осы заманда мұсылмандар Аллаһ үйреткен әдептерді ұстанды ма? Аллаһ тыйым салған істерден аулақ болды ма? Аллаһ Елшісі ﷺ сақтандырған нәрселерден сақтанды ма? Әйелдері мен қыздарына өздеріне қатысты шариғат әдептері мен дін үкімдерін үйретуге көңіл бөлді ме? Өздері мен бұзақылардың, азғындық таратушылардың арасын алшақ ұстады ма? Мұның ешқайсысы орындалмады.
Сондықтан жамандықтың өршіп, бұзақылықтың жайылып, ерлер мен әйелдердің араласуының күннен-күнге артып бара жатқанын көресің. Аллаһтың дінін білмеу мұсылман отбасыларына терең тамыр жайды. Соның салдарынан біз ең жаман салдарлар мен аса ауыр қасіреттердің жақындағанын аңғартатын адамгершілік құлдырау мен қоғамдық азғындауға тап болдық.
Байлардың үйлеріне қарасаң, олардың көбінен исламдық сипаттың жоғалғанын көресің. Оның орнын дін үкімдері мен көркем әдептеріне еш үйлеспейтін, арлылық пен абыройды сақтауға мүлде сәйкес келмейтін еуропалық әдеттер басқан.
Ондағы зәулім үйдің әйелі қызметшілерімен, нөкерлерімен араласып, дін ер адамдардан жасыруды бұйырған әшекейлері мен көркін олардың алдында ашып жүреді. Ал «құрметті мырза» мұны көрсе де, қарсылық білдірмейді, қызғаныш та танытпайды. Оның ойынша, қызметші сұлулықтың тартымдылығы жүрегін толқытпайтын жансыз зат секілді немесе оңаша үйінде отырған әйелдерге қараудан азғырылмайтын, арсыздықтан қорғалған біреу тәрізді.
Ат арба мен автокөлік жүргізушілерінің үйінде оңаша өмір сүретін арлы әйелдерді серуендету үшін әртүрлі алыс жерлерге алып бара жатқанын көресің. Бұл — бөгде әйелдермен оңаша қалудың өзі. Асыл шариғат мұны ауыр күнәлі істердің қатарына жатқызады.
Енді орта дәулеттілер мен кедейлердің үйлеріне қара. Ондағы әйелдің күйеуінің туыстарымен, әкесі мен анасы жағынан немере туыстарымен және көршілерінің ұлдарымен араласатынын көресің. Кейде олардың алдында жұқа немесе қысқа киіммен, басын, білектері мен кеудесін ашып жүреді. Бейне бір мұсылмандар қатарынан емес секілді.
Кейде ол осындай ұятты кейіпте су тасушының, сүт сатушының, диірменшінің, наубайшының және көше-көшені аралап жеміс-жидек пен көкөніс сатушылардың алдына да шығады. Егер дінінің әдептерін сақтаған болса, азғырудан сақтанып, бұзақылық пен жамандықтан аулақ болу үшін осылардан және солар секілді адамдардан жабынуы тиіс еді. Өйткені шайтан адам баласының бойында қан тамырларындағы қан секілді жүреді.
Аллаһ Өзінің ардақты Кітабында әйелдерге әшекей-көріктерін күйеулерінен, махрам туыстарынан және азғыруынан қауіптенбейтін қызметшілері мен құлдарынан өзге ер адамдардың көзінен жасыруды міндеттегеннен кейін, мұсылман әйелдердің осындай күйде болуы қандай ұнамсыз! Аллаһ Тағала былай деген:
﴾Мүмін әйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сондай-ақ еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сымбат-көріктерін көрсетпесін һәм орамалдарын омырауларына дейін түсіріп тартсын. Әшекейлері мен сымбат-көріктерін күйеулері, әкелері (сондай-ақ аталары, әкелері мен аналарының бауырлары), қайын аталары, өз ұлдары, өгей (әрі сүт) ұлдары (сондай-ақ өзіңіз, өгей және сүт немерелері), (өзіңіз, өгей және сүт) бауырлары, бауырларының ұлдары, әпке-сіңлілерінің ұлдары, арлы мұсылман әйелдер немесе қызметші, яки жақсы араласатын әйелдері, қоластындағы күңдері, (қартайып немесе өзге де себептермен) еркектік қабілетінен айырылған еркек қызметшілері мен құлдары және әйелдіктің һәм әйел әуретінің не екенін әлі түсіне қоймаған жас балалардан өзгелерге көрсетуші болмасын. Жасырын әшекейлері мен сымбат-көріктеріне бөтен ер кісілердің назарын аударатын және олардың құмарын оятатын әрекеттерге бармасын﴿ («Нұр» сүресі, 31-аят).
Бұдан да сорақысы — ерлердің әйелдердің алдына кіріп, Аллаһ Тағаланың тыйымдарын бұзуға батылы баруы. Ал Ұлы әрі Құдіретті Аллаһ оларға арлылық пен пәктіктің бірден-бір кепілі болған хижабты сақтауды міндеттеді. Әсіресе күнә мен мойынсұнбаушылық көбейген осы заманда мұның маңызы зор. Аллаһ Тағала былай деген:
﴾Сондай-ақ егер пайғамбардың жұбайларынан сұрайтын нәрселерің болса, перденің ар жағында тұрып сұраңдар. Міне сол өздеріңнің де, олардың да жүректеріңнің тазалығы үшін ең лайықтысы осы болмақ﴿ («Ахзаб» сүресі, 53-аят).
«Әйелдердің алдына кіруден сақтаныңдар!»
Сонда ансарлардан бір адам:
— Күйеуінің туысы туралы не айтасыз? — деп сұрады.
Пайғамбар ﷺ:
— Күйеуінің туысы — өлім, — деді».
Бұл хадисті әл-Бухари мен Муслим риуаят еткен.
Ансарлық кісі күйеуінің бауыры, бауырының ұлы немесе немере бауыры секілді туыстары туралы сұрады. Яғни оларға да өзге бөгде ер адамдар секілді әйелдердің алдына кіруге тыйым салына ма дегенді білгісі келді.
Пайғамбар ﷺ оған күйеуінің туысының әйелдің алдына кіруі өзге адамның кіруінен де ауыр қауіп әрі үлкен азғыру екенін айтты. Өйткені ол күйеуімен туыстығын өзінің жаман мақсаттары мен арам пиғылдарын жүзеге асыруға пайдалануы мүмкін. Оның неке байланысын үзіп, отбасылық өмірдің тәртібін бұзуы — өлімнің дене қозғалысын тоқтатып, дене мүшелерін бір-бірінен ажыратуына ұқсайды.
Аллаһ елшісі ﷺ рас айтты. Қаншама берекелі шаңырақтың күйрегенін, бірлігі бекем, тұрмысы реттелген қаншама отбасының шырқы бұзылғанын көрдік. Қаншама сүйіспеншілік пен сыйластықтың дұшпандық пен суықтыққа айналғанына куә болдық.
Бұған бөгде ерлер мен күйеулердің туыстарының әйелдермен араласуынан басқа себеп болған жоқ. Ендеше, мұсылмандардың күмәнді айқын сеніммен алмастырып, бейқамдықтың ақыры неге соқтыратынын түсінетін, діннің әдептерін ұстанып, оның көркем мінезін бойларына сіңіретін кезі келмеді ме?
Олардың мастықтан айыққандай ес жиып, ғапылдықтан оянатын кезі келмеді ме? Сонда олар құтылулары діндерінің үкімдеріне қайта оралуға және Пайғамбарларының сүннетімен амал етуге байланысты екенін ұғынар еді.