Yesterday

Шейх Мухаммад Әли ибн Джәмил әс-Сабуни әл-Халаби әл-Ханафи رحمه الله تعالى

Ілім иесі және іліміне амал етуші ғалым, фақиһ, хафиз, муфассир.

Шейх Мухаммад Әли әс-Сабуни әл-Ханафи Сирияның Алеппо (Халаб) қаласында һижри 1349 жылы дүниеге келген. Ол ғылым мен ғалымдарды сүйетін отбасында тәрбиеленді. Әкесі – шейх Джамил әс-Сабуни – өз дәуіріндегі Алеппоның ірі ғалымдарының бірі болған. Бұл берекелі әулеттен шейх Атауллаһ әс-Сабуни, шейх Ахмад әс-Сабуни секілді көптеген ғалымдар шыққан. Шейх әкесінен ғылымға деген сүйіспеншілікті мұра етіп алып, одан көптеген шариғи әрі араб тілі ғылымдарын үйренді.

Алғашқы араб және шариғи ілім негіздерін қаладағы бастауыш мектептердің бірінде оқып, Құран Кәрімнің біршама бөлігін жаттады. Кейін орта мектеп кезеңінде Құранды толық жаттап шықты. Бастауышты мемлекеттік мектепте үздік тәмамдап, кейін Алепподағы сауда техникумына түсті. Алайда өсімқорлыққа қатысты пәндер оның шариғи ұстанымына сай келмегендіктен, ол бұл оқуын тастап, «әл-Хусрауия» (Шариғат колледжі) медресесіне ауысты.

Бұл жерде ол шейх Мухаммад Саид әл-Идлиби, шейх Ахмад әш-Шамма, шейх Мухаммад Нәжиб Хията, шейх Мухаммад Зейн әл-Әбидин әл-Джазба, шейх Мухаммад Рағиб әт-Таббах, шейх Мухаммад әс-Салқини және басқа да Алеппоның беделді ғалымдарынан тәлім алды. Ол Құран, тәпсір, хадис және оның ғылымдары, фиқһ пен усул, мирас, сира, ислам тарихы, араб тілі (наһу, сарф, бәләғә), сондай-ақ математика, физика, химия, география, ағылшын тілі секілді пәндерді оқыды.

1369 һ. (1949 ж.) Шариғат колледжін үздік бітірді. Үздік оқуына байланысты Сирия Уақыптар министрлігі оны әл-Азһар университеті жанындағы Шариғат факультетіне оқуға жіберді. Ол 1372 һ. (1952 ж.) оқуын тәмамдап, кейін жоғары мамандандырылған оқуын жалғастырып, 1375 һ. (1955 ж.) «шариғи сот ісі» мамандығы бойынша «жоғары діни ғылыми» дәрежесін алды.

Отанға оралған соң Алеппода орта мектептерде ислам тәрбиесі пәнінен ұстаз болды. 1962 жылы Сауд Арабиясына іссапармен жіберіліп, Король Абдулазиз университеті (Мекке бөлімшесі) жанындағы Шариғат және педагогика факультеттерінде дәріс берді. Ол жерде шамамен 28 жыл қызмет атқарып, көптеген университет оқытушыларын тәрбиеледі.

Ғылыми еңбектеріне байланысты Умм әл-Қура университеті оны «Ғылыми зерттеу және ислам мұрасын жаңғырту» орталығына ғылыми қызметкер етіп тағайындады. Ол имам Әбу Джағфар ән-Наххастың (338 һ.) «Мағани әл-Қуран» еңбегін алты том етіп тахқиқ жасап шығарды.

Кейін Рабита әл-Әлам әл-Ислами құрамындағы «Құран мен Сүннеттегі ғылыми мұғжиза» ұйымында кеңесші болды. Бұдан соң өзін толықтай ғылыми еңбек пен жазушылыққа арнады.

Шейх Меккедегі әл-Харам мешітінде дәрістер өткізіп, қажылық маусымында пәтуа беріп отырды. Джидда қаласында сегіз жылға жуық апта сайын тәпсір сабағын жүргізіп, Құранның үштен екісінен астамын түсіндірді. Сонымен қатар Сауд Арабиясы телеарнасында Құранды толық тәпсірлеуге арналған 600-ден астам бағдарлама жазып, 1419 һ. жылы (1999 ж.) аяқтады.

1431 һ. жылы (2010 ж.) Dubai International Holy Quran Award оны «Жылдың ислам тұлғасы» деп жариялады. Ұйым басшылығы оның «Сафуат әт-Тәфасир» және «Рауәи‘ әл-бәйән фи тафсир аят әл-Әхкәм» еңбектерін ерекше атап өтті. Шейх өз сөзінде: «Мен өзімді Аллаһтың Кітабына және шариғи ілімдерге қызмет етуге арнадым», – деді.

Негізгі еңбектері:

  • «Әш-Шариғаттағы мұрагерлік»
  • «Сүннет қазыналарынан»
  • «Пайғамбарлық және пайғамбарлар»
  • «Рауәи‘ әл-байан фи тафсир аят әл-ахкам» (2 том)
  • «Сафуат әт-тафасир»
  • «Әш-Шарх әл-муяссар ли-Сахих әл-Бухари» (5 том)
  • «Тәпсир әл-уадих әл-муйәссәр»
  • «Ибн Кәсир тәпсірінің ықшамдалған нұсқасы» (3 том)
  • «Пайғамбарымыздың ﷺ көп әйел алуына қатысты күмәндерге жауап»
  • «Намаз рисаласы»
    және басқа да қырықтан астам еңбек.

Мінезі жұмсақ, тілі таза, ақиқатты батыл айтатын, сабырлы, кішіпейіл жан еді. Ғылыми дәрежесіне қарамастан өзін әрдайым «ілім іздеуші» санады. Көп ғибадат жасап, Құранды жиі оқитын, Аллаһтан қатты қорқатын.

Сырт келбеті нұрлы, айбарлы, ақ сақалы өзіне ерекше көрік беретін. Басына ақ сәлде тағатын.

Сириядағы төңкеріс кезінде де ұстанымы айқын болып, халық жағында екенін білдіріп, қан төгуді тоқтатуға шақырды.

Шейх 91 жасында, 2021 жылы Түркияның Стамбул қаласында дүниеден өтті.

Аллаһ Тағала Шейхымызды рақым етсін, дәрежесін көтерсін, Құран мен сүннетке жасаған қызметін сауап таразысында ауыр етсін. Әмин.