Yesterday

Ғұлама мухаддис Абдул-Хақ Сайфуд-Дин әл-Бухари әд-Дәһләуй әл-Ханафи «истиғаса мен тәуәссул» туралы.

Ғұлама мухаддис Абдул-Хақ Сайфуд-Дин әл-Бухари әд-Дәһләуй әл-Ханафи өзінің әйгілі «Ләмәғату әт-Тәнқих фи шархи Мишакт әл-Масабих» кітабында (7\38-40) «истиғаса мен тәуәссул» туралы айтты:

«Қысқасы, Құран мен сүннет дүниедегі жағдайлар мен ондағы адамдар туралы өлілердің хабардар болатынын білдіретін риуаяттарға толы. Бұл мәселені жоққа шығаруға еш орын жоқ — оны тек хадистерді білмейтін надан адам немесе діннің өзін жоққа шығарушы ғана теріске шығарады.

Ал қабір иелерінен жәрдем сұрау мәселесіне келсек, кейбір фақиһтер оны жоққа шығарған. Егер олардың жоққа шығаруы “өлілер естімейді, білмейді, зиярат еткен адамды да, оның жағдайын да сезбейді” деген түсінікке негізделсе — бұның дұрыс еместігі дәлелдермен анықталған. Ал егер “оларда бұл орында (яғни, қабірстанда) жәрдем беруге күш-құдірет жоқ, олар мұндай істерге араласа алмайды, олар бұл дүниеде басқалармен айналысуға мүмкіндік бермейтін сынақтармен шұғылдануда, сондықтан ешқандай жәрдем көрсете алмайды” деген себеппен жоққа шығарса — мұны да түгелдей дұрыс деп айтуға болмайды, әсіресе тақуа, Аллаһтың сүйікті құлдары — әулиелер туралы сөз болғанда.

Себебі олардың рухтары Аллаһтың құзырында барзах әлемінде ерекше жақындыққа, жоғары мәртебеге және қабыл болатын шапағат ету, дұға жасау және оларды өздеріне себеп еткен зиаратшылардың қажеттіліктерін тілеп сұрауға қабілетті болуы мүмкін — дәл Қиямет күніндегідей. Бұны жоққа шығаратындай қандай дәлел бар?

Имам әл-Байдауи ﴾(Кәпірлердің жанын аяусыз жұлқып) суырып алушы періштелерге, (мүміндердің жанын қинамай) байыппен алушы періштелерге, (иләһи пәрмендерді бұлжытпай орындау мақсатында аспан кеңістігінде) жүзіп жүрген періштелерге, (міндеттерін мүлтіксіз орындауда) бір-бірімен жарысатын періштелерге, (Алланың пәрменімен болмыстағы жауын жаудыру, жел тұрғызу сынды табиғи құбылыстар мен өзге де елеулі) істерді жүргізуші періштелерге серт!﴿ («ән-Нәзиғат» сүресінің 1–5 аяттарын) өлім сәтінде денеден ажыраған кемел рухтардың сипаттары деп түсіндірген, яғни: олар денелерден өте қатты “суырылып алынғандай” бөлінеді, сосын періштелер әлеміне серпінмен көтеріліп, онда жүзеді; қасиетті мекендеріне қарай асығады; олардың артықшылығы мен күш-қуаты себепті олар басқарушы періштелер қатарынан болады.

Және мен өлілерден жәрдем сұрауды («истиғаса\тәуәссулді») жоққа шығарушылардың «жәрдем сұрау» деп қандай мағынада түсінетіндерін білмеймін; ал біз түсінетін нәрсе — мұқтаж, әлсіз пенде өзінің қажетін Аллаһтан сұрайды, Оның кеңшілігін тілейді, әрі Аллаһтың құзырында дәрежесі биік, құрметті құлының руханияты арқылы Аллаһқа жақындай отырып, оны себеп етіп жалбарынады.

Пенде (тәуәссулде) былай дейді: “Уа, Аллаһ! Өзінің рақымына бөлеп, құрметтеген осы құлыңның берекесі арқылы және оған көрсеткен ілтипетің мен кеңдігің арқылы менің қажеттілігімді өтей гөр, сұрағанымды бере гөр. Сен – беруші әрі жомартсың”.

Немесе ол Аллаһтың құзырында құрметті, жақын болған бұл құлға дауыстап (яғни, истиғаса жасап): “Уа, Аллаһтың құлы! Уа, Оның сүйікті досы! Мен үшін шапағат ет, Раббыңа дұға қыл, Одан менің сұрағанымды беруді, қажетімді өтеуді сұра” – дейді.

Бұл жерде беруші де, дұғаға жауап беруші де, үміт етілетін де – ұлық Раббымыз. Ал арада тұрған құл – тек себеп қана. Шын мәнінде күш те, әрекет те, жүргізуші билік те – бір ғана Аллаһқа тән.

Аллаһтың әулиелері – Оның құдіреті мен үстемдігі алдында өз еркі жоғалған, толығымен Жаратушыға тәуелді болған жандар. Оларда өз бетімен әрекет ету, күш жұмсау, билік жүргізу жоқ – бұл дүниеде тірі кезінде де болмаған, қазір де жоқ. Олардың сипаты – толықтай жоғалу және өзін-өзі жоққа шығару.

Егер мұны жоққа шығарушылар айтып жүргендей “өзгеден сұрау”, “серік қосу” болғанда, онда тірі кезінде де салих, тақуа құлдармен тәуәссул жасап “дұға қылып беруін сұрау” әрекетін де тыйып тастау керек болар еді. Ал ондай тыйым жоқ. Керісінше, бұл – діндегі әдемі, құпталған, кең таралған амал.

Егер олар “әулиелер өмірде болған дәрежесінен айырылды, немесе құрметтері жойылды” десе – ол үшін дәлел қайда? Ал егер “өлімнен кейін (қабірде) бастарына түскен жағдайлар(яғни, қабірдегі сұрақ-жауап) оларды бұл істерден алаңдатып қойды” десе – бұл да жалпы заңдылық емес, әрі оның үнемі солай Қиямет күніне дейін болатынына дәлел жоқ (өйткені кейбір қабірлер жәннаттың бақшасы болады, ал шәһидтердің рухтары ұшып жүреді).

Ең көбі — бұл мәселе барлық әулиеге бірдей қатысты емес. Ал жәрдем сұраудың (истиғасаның) пайдасы – жалпыға ортақ.

Тіпті кейбірі толықтай қасиеттілік әлеміне тартылып, Жаратушының құзырында өзін жоғалтқан жағдайда болуы мүмкiн. Ондай кезде оның дүние әлеміне көңіл бөлуі, оған назар аударуы, ондағы жағдайларға араласуы болмайды. Бұл – дүниеде жүрген кейбір рухани ұстаздардың (шейхтердің) халдеріндегі айырмашылыққа ұқсайды: біреулері өз-өзіне келе алмай рухани тартылуда болады, ал басқалары орнықты, сабырлы күйде өмір сүреді.

Ал мұны (истиғаса\тәуәссулді) толықтай жоққа шығару немесе толықтай терістеу — дұрыс емес. Оған дәлел де жоқ. Керісінше, оған қарсы дәлелдер бар. Иә, егер зиярат етушілер қабірдегілерді өз бетінше әрекет ететін, толық билікке ие, Аллаһтан тәуелсіз күші бар деп сенсе — бұл, әрине, қате. Надан қарапайым халық осылай ойлап, кейде қабірді сүйіп, оған сәжде жасап, оған қарай намаз оқып жіберетін жағдайлары да болады. Мұндай істерден тыйым салынған және қатаң ескерту жасалған. Сондықтан бұл нәрселерден сақтандыру қажет.

Алайда қарапайым халықтың жасайтын мұндай қателіктері діндегі үкімге өлшем болмайды және бұл мәселемізге қатысы жоқ. Және шариғатты білетін, дін үкімдерін түсінетін адам мұндайға ешқашан сенбейді, ондай амалды жасамайды.

Ал кемел рухтардың жаны арқылы жәрдем алудағы хәлдер туралы әулие шейхтардың айтқандары — есепсіз көп, олардың кітаптарында бұл жайында кеңінен жазылған және өз араларында да белгілі. Оларды тізіп шығудың қажеті жоқ. Әлбетте, мұны жоққа шығарып, қарсы шығатын адамға олардың сөздері әсер етпеуі де мүмкін; Аллаһ бізді ондай күйден сақтасын.

Иә, сүннетте мәйіттерді зиярат еткенде олармен амандасу, олар үшін жарылқау тілеу және Құран оқу келген. Бірақ жәрдем сұрауға (яғни, истиғасаға) тыйым салынғаны туралы ешбір дерек жоқ. Осылайша зиярат — әрі жәрдем беру, әрі жәрдем сұрау мақсатымен болуы мүмкін, бұл – зиярат етушінің және зиярат етілгеннің рухани дәрежесіне байланысты әртүрлі деңгейде іске асады.

Білгейсің, бұл мәселедегі пікірталас пайғамбарларға қатысты емес. Өйткені олар — бәрінің бірауызды келісімі бойынша — дүние өміріндегі нағыз тіршілікпен тірі. Аллаһтың игілігі Пайғамбарымызға және барлық пайғамбарларға болсын. Біз бұл жерде сөзді ұзақ айтуымыздың себебі — мұны жоққа шығарушыларға жауап үшін.

Себебі біздің заманымызда өліп бұл өткінші дүниеден мәңгілік мекенге өткен Аллаһтың әулие құлдарынан жәрдем сұрауды, рухани көмек күтуді жоққа шығаратын бір топ пайда болды. Олар Раббысының құзырында тірі болған әулиелерден жәрдем сұраушыларды пұтқа табынушылар секілді Аллаһқа серік қосты деп атайды. Олар осы секілді сөздерді айтады. Бірақ мұны айтуға олардың ешбір білімі жоқ; олар тек болжап, ой ойларынан сөйлейді.

Бұл мәселе жайлы баяғыдан бері көңілімде айту ниеті жүретін, енді Аллаһтың кеңшілігімен және Оның жәрдемімен осыны айту маған мүмкін болды. Істердің уақытқа байланыстылығы бар; айтылғандай: “Қайырлы бұлттың жаңбыры бар, мезгілі келгенде жауады”.

Аллаһтан амандық пен сақтауды тілейміз. Ол бәрін жақсы біледі, Оның үкімдері ең дұрыс. Уа, Аллаһ! Бізге ақиқатты ақиқат кейпінде көрсетіп, оған ілесуді нәсіп ет. Бізге жалғанды жалған кейпінде көрсетіп, одан аулақ болуды нәсіп ет. Бізді тура жолға сал — Өз нығметке бөлеген құлдарыңның жолына, қаһарына ұшырағандардың да, адасқандардың да жолына емес. Әмин».