Today

Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Маған адамдармен, олар «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ, Мухаммад – Аллаһтың Елшісі» деп куәлік беріп, намазды толық орындап, зекетті бергенге дейін күресуге әмір етілдім».

Хазіреті Абдуллаһ ибн Омар (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты:

«Маған адамдармен, олар «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ, Мухаммад – Аллаһтың Елшісі» деп куәлік беріп, намазды толық орындап, зекетті бергенге дейін күресуге әмір етілдім. Егер олар осыны орындаса, Исламның хақысы себепті болатын жағдайлардан басқа кезде, олардың қандары мен мал-мүліктері менен қорғалған болады. Ал олардың есебі – Аллаһтың құзырында».

«Сахих әл-Бухари», 25; «Сахих Муслим», 22.

Шейх Мухаммад Әли ас-Сабуни әл-Ханафи өзінің «әш-Шарх әл-муяссар ли-Сахих әл-Бухари» кітабында (25-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

Сөздердің түсіндірмесі:

«(«Маған адамдармен) – мұндағы «адамдар» дегені – барлық кәпірлер. Олардың қатарына пұтқа табынушы мүшріктер де, айқышқа табынушы кітап иелері де кіреді. Сондай-ақ кейбіреулер: мұнда «адамдар» дегені тек пұтқа табынушылар, яһуди мен христиандар кірмейді деген. Себебі олар жизия (ислам мемлекетінде өмір сүретін кітап иелерінен алынатын арнайы салық) төлеуді қабылдаса, соғыс тоқтатылады. Аллаһ Тағала айтты: ﴾... жизия салығын өз қолдарымен әкеліп төлегенге дейін, олармен соғысыңдар﴿ «Тәубе» сүресі, 29-аят; (олар «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ, Мухаммад – Аллаһтың Елшісі» деп куәлік беріп) – яғни Аллаһтың бірлігіне, әрі Мухаммадтың ﷺ Елші екеніне куәлік беріп, (намазды толық орындап, зекетті бергенге дейін күресуге әмір етілдім) яғни: «Маған Аллаһ Тағала әмір етті». Өйткені Аллаһ Елшісіне ﷺ әмір беруші – Ұлық әрі Ұлы Аллаһтан басқа ешкім жоқ. (Егер олар осыны орындаса, Исламның хақысы себепті болатын жағдайлардан басқа кезде) – яғни Ислам бойынша хақ жазаға лайық іс жасамаса ғана. Мысалы: қасақана кісі өлтіру, үйленген адамның зина жасауы, Исламнан шығу. Ондай жағдайда шариғи жаза ретінде өлтіріледі,(олардың қандары мен мал-мүліктері менен қорғалған болады) – яғни олар қандарын және мал-мүліктерін өлтірілуден және тәркіленуден қорғаған болады. Өйткені олар мұсылман болды. (Ал олардың есебі – Аллаһтың құзырында») – яғни біздің міндетіміз – сыртқы амалға қарап үкім шығару. Ал ішкі сырлары мен ниеттерінің есебі – Аллаһ Тағаланың құзырында.

Хадистен алынатын пайдалар:

Біріншісі: Хадистен әдейі намазды тастаған адам тәубеге шақырылатыны, егер намаз оқымаса, шариғи жаза ретінде өлтірілетіні түсініледі.

Екіншісі: Хадис сыртқы амалдардың қабыл етілетініне дәлел. Ал ішкі сырлар мен ниеттер Ғайыптарды Білуші Аллаһқа тапсырылады.

Үшіншісі: Бұл хадисте таухидті мойындап, шариғат үкімдерін ұстанатын бидғат әһлін кәпірге шығармау керектігіне ишара бар.

Төртіншісі: Исламға кіру үшін екі куәлік сөзін айту міндетті. Себебі хадисте: «... Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ, Мухаммад – Аллаһтың Елшісі ...» делінген.

Бесіншісі: Мүшріктер Исламды қабылдағанға дейін олармен күресу, ал кітап иелері жизия төлегенге дейін олармен күресу міндет екендігі баяндалған.

Алтыншысы: Ислам парыздарының бірін жоққа шығарып, оның парыз екенін теріске шығарған адам шариғи жазаға тартылады. Аллаһ Тағала айтты: ﴾Егер тәубеге келіп, хақ дінді мойындап, намаз оқыса һәм зекет берсе, оларды жөніне жіберіңдер. Шүбәсіз, Алла – Ғафур (құлдары қанша жерден ауыр күнәға батса да, тәубесіне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (тәубе етіп, Өзіне бет бұрған мүмін құлдарына ерекше мейірімді)﴿ «Тәубе» сүресі, 5-аят.

Маңызды ескерту:

Аллаһ Елшісі ﷺ мүшріктермен соғысуға әмір етілді. Себебі олар бүкіл адамзат үшін қауіп саналады. Өйткені Аллаһқа күпірлік етулері арқылы жер бетінде бұзақылық таратады, иман келтіргендердің дін рәсімдерін орындауына кедергі жасайды, олардың қанын төгеді, Аллаһтың үйлерін қиратады.

Бұл – атеист коммунистер мұсылмандардың жерлерін басып алған кезде жасаған істеріне ұқсас: адамдарды өлтірді, мал-мүліктерін талады, құлшылық үйлерін қиратты.

Сондықтан мұсылмандарға олардың жамандығын тоқтату және жер бетін олардың ластығынан тазарту үшін олармен күресу әмір етілді».