﴾Адамдар арасында ешқандай ілімге сүйенбестен, ел-жұртты Аллаһтың жолынан адастыру әрі Кітаптағы ғибратты тәмсілдер мен мысалдарды мазаққа айналдыру үшін алдандыратын арзан сөздерді сатып алатындар бар﴿ .
﴾Адамдар арасында ешқандай ілімге сүйенбестен, ел-жұртты Аллаһтың жолынан адастыру әрі Кітаптағы ғибратты тәмсілдер мен мысалдарды мазаққа айналдыру үшін алдандыратын арзан сөздерді сатып алатындар бар. Міне, соларға қор қылатын ауыр азап бар﴿ («Луқман» сүресі, 6 аят).
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«﴾... арзан сөздерді сатып алатындар бар﴿ деген аяттың мағынасы жайында ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Кейбіреулер айтты: «Бұл жерде нақты сауда-саттық мағынасындағы “сатып алу” емес, керісінше “артық көру” мен “таңдау” мағынасында. Себебі, "сатып алу" деген – өзара айырбасты білдіретін амал: бір нәрсе (яғни, тауар) алынады, екіншісі (яғни, ақша) беріледі. Бірақта олар көркем болған тура жолдан гөрі, жиіркенішті болған адасуды таңдады.
Сондықтан олар ермек әңгімені ақиқат пен хикметтен артық көріп, мәңгілікті емес, өткінші нәрсені таңдады. Сол себепті бұл таңдау “сатып алу” деп аталды.
Кейбіреулер былай деген: бұл аятта шынайы мағынадағы сатып алу меңзеліп тұр. Бірақ олар бұған қатысты әртүрлі пікір айтқан: бір тобы айтты: бұл жерде "әнші әйелдер мен еркектерді сатып алу" меңзеледі, өйткені олар соларды сатып алып, солар арқылы ләззат алып, көңіл көтереді.
Ал енді бір тобы былай деген: Надир ибн Харис бос әңгімелерін, яғни басқа халықтардың пайдасыз әңгімелерін сатып алып, жазып алып, кейін оларды Құрайыштарға айтып беретін болған. Сонда ол: «Мухаммад сендерге Ад пен Самуд қауымының қиссаларын айтып жүр, ал мен сендерге парсылар мен римдіктердің әңгімелерін айтып берем» – дейтін. Міне, осылайша ол ермек әңгімені сатып алып, Аллаһтың жолынан адастырушы болған. Бұл – оның Құраннан және Мухаммадқа ﷺ иман келтіруден елді алыстату үшін істеген әрекеті.
Аллаһ Тағаланың ﴾... мазаққа айналдыру үшін﴿ деген сөзі жайлы: ол Құраннан бір нәрсе естісе болды — келеке ететін. Бұл — кәпірлер мен мұнафықтардың (екіжүзділердің) әдеті. Олар Құранмен де, Аллаһтың Елшісімен ﷺ де, Оның сахабаларымен де әжуалап, мазақ ететін. Сосын Аллаһ оларды қорлайтын ауыр азаппен қорқытты: ﴾Міне, соларға қор қылатын ауыр азап бар﴿.
Ибн Масғуд пен Ибн Аббас, Аллаһ екеуінен де разы болсын, ﴾... арзан сөздерді сатып алатындар бар﴿ аятын: «Бұл – әнші әйелдер мен ән салуды сатып алу» – деп түсіндірген.
Әбу әл-Қасим Әбу Умамадан, ол Пайғамбардан ﷺ тізбекпен жеткізген (марфуғ) хадисте айтты: «Әнші әйелдерді сатпаңдар, сатып алмаңдар және оларға (шариғат қайтарған музыкалық құралдар мен әндерге және биге) үйретпеңдер. Оларды сатуда\сатып алуда ешбір қайыр жоқ және олардың ақысы – харам» (ат-Тирмизи, 1282/2195).
Осындай жағдайға байланысты ﴾... арзан сөздерді сатып алатындар бар﴿ деген аят түсті. Егер бұл (риуаяттар) расталса, онда ол аяттағы «арзан сөздің» нақты тәпсірі болып табылады».