Пайғамбарымыздың ﷺ қабірін зиярат ету үшін арнайы сапарға шығу мәселесі.
Ғасырымыздың мухаддисі Шейх Мухаммад Юсуф әл-Биннури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Мәғәрифу әс-Сунан шарх Сунан әт-Термизи» (3\230-231) кітабында айтты:
«Үммет ғалымдарының басым көпшілігі Пайғамбарымыздың ﷺ қабірін зиярат ету — ең ұлы Аллаһқа жақындатушы құлшылықтардың бірі деп есептеген. Ол үшін сапарға шығу рұқсат етілген ғана емес, тіпті құпталған (мустахаб) іс болып саналады.
«Әл-Уәфа» кітабында (2-том, 415-бет): «Ханафи ғалымдары: “Пайғамбарымыздың ﷺ қабірін зиярат ету — ең абзал құпталған әрі мустахаб амалдардың бірі, тіпті уәжіпке жақын деңгейде”, — деп айтқан. Дәл осы пікірді малики және ханбали ғалымдары да ашық түрде білдірген. Әс-Субки олардың сөздерін өзінің зияратқа арналған кітабында егжей-тегжейлі келтіріп, тізбектеп баяндаған. Бұл мәселеде ижманың (бір ауызды келісімнің) бар екені белгілі болғандықтан, оны әрі қарай қазбалай берудің қажеті жоқ.
Сол кітаптың (2-том, 411-бет) тағы бір жерінде: “Әс-Субки зиярат мәселесіндегі ижманы сөз жүзінде де, іс жүзінде де анық көрсетіп, бұл жөнінде имамдардың сөздерін түгел келтірді. Сондай-ақ, зияраттың Құранмен, сүннетпен, ижмамен және қияспен дәлелденген құлшылық екенін түсіндірді”, — деп айтылады.
Зерттей келе анық болатыны: бұл (яғни, Пайғамбарымыздың ﷺ қабірін және жалпы әулие кісілердің қабірлерін зиярат ету үшін арнайы сапарға шығудың тыйым салу) мәселеде Ибн Таймия мен оған ергендер ғана дара қалған (яғни, үмметтің басым көпшілігіне қайшы келген). Кейбір тұстарында оларға келісетіндер табылғанымен, бұл — үммет ғалымдарының басым көпшілігі мен барлық имамдардың ұстанымына қайшы.
Егер Ибн Таймияның айтқанына аз ғана топ қосылды десек те, ол пікір қағаз беттерінің арасында қалып, ғалымдар арасында да, халық арасында да қабылданбаған еді. Оны қайта тірілтіп, жаңғыртқан — Ибн Таймияның өзі. Сол арқылы үммет ішінде жаңа бір бүліктің есігін ашты. Сондықтан бұл көзқарас оның өзге де шектен шыққан (шәзз) пікірлері сияқты қабылданды. Ал олардың барлығын бұл жерде тізіп шығу — бөлек әңгіме».