Қасамды бұзудың кәфәраты.
▪️ Кімде-кім Аллаһтың атымен қасам ішіп, кейін сол қасамын бұзса, оған кәфәрат уәжіп болады.
Қасам кәфәратының түрлері мыналар:
– он міскінді таңғы және кешкі асымен (тойдырып) тамақтандыру,
– немесе он міскіннің әрқайсысына жарты сағ (шамамен 1,6 кг) бидай беру,
– немесе он міскінді киіндіру.
Киімде есепке алынатыны – дененің көп бөлігін жабуы.
Мысалы, ер адамға тек шалбар беру жеткіліксіз, өйткені ғұрыпта шалбармен ғана жүру жалаңаштық саналады. Сондықтан шалбармен бірге көйлек немесе сырт киім беру қажет.
Ал әйелге берілетін киім намазға жарамды ең төменгі киім болуы тиіс, яғни шалбармен бірге химар (бас жабатын киім) қосылады. Өйткені әйелдің басы ашық күйде оқыған намазы дұрыс болмайды.
Сондай-ақ іріп-шіріген, жарамсыз киім беру рұқсат етілмейді.
▪️ Егер қасамын бұзған адам он міскінді тамақтандыруға немесе киіндіруге шамасы жетпейтін кедей болса, онда қатарынан үш күн ораза ұстауы тиіс.
Егер екі күн ораза ұстап, үшінші күні ауызын ашып қойса, онда үш күнді қайтадан басынан бастап ұстауы керек.
▪️ Егер адам қасамын бұзбас бұрын кәфәратын өтеп қойса, бұл жарамсыз, сондықтан қасамды бұзғаннан кейін кәфәратын қайта өтеуі қажет.
▪️ Егер бір адам бір істің үстінен бірнеше рет қасам ішсе¹, мысалы: «Аллаһпен ант етемін, мына істі істемеймін» деп айтып, кейін сол күні немесе басқа күні тағы да «уАллаһи», «биЛләһи», «Аллаһтың сөзімен ант етемін» деп сол істі қайталай қасам ішсе, кейін сол қасамды бұзса – оған бір ғана кәфәрат уәжіп болады.
▪️ Ал егер әр қасамды бөлек ниетпен айтқан болса немесе ешбірін бірін-бірі күшейту үшін айтпаған болса, онда әр қасамды бұзғаны үшін жеке-жеке кәфәрат уәжіп болады.
▪️ Егер адамға бірнеше қасам бұзғаны үшін бірнеше кәфәрат уәжіп болып, бірақ тірі кезінде оларды өтей алмаса, өсиет қалдыруы уәжіп, яғни артындағыларға кәфәратын өтеуді тапсыруы керек.
▪️ Кәфәраттың берілетін орындары – зекет берілетін адамдар.
Сондықтан зекет алуына рұқсат етілмеген адамдарды кәфәрат ретінде тамақтандыруға немесе киіндіруге болмайды.
¹Бұл егер бірінші қасамды екінші сөзімен қуаттау үшін айтқан болса; ал егер әр қайсысына бөлек ниет еткен болса немесе мүлдем еш нәрсе ниет етпеген болса, онда әр қайсысына жеке кәфәрат уәжіп болады.
Үмметтің данасы Шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди, «Бәһишти Зиуәр», 334 бет.