September 9

﴾Уа, иман келтіргендер! Мүміндерден өзгені сырлас дос тұтпаңдар. Өйткені, олар сендерге жамандық жасау үшін қолдарынан келгенін аямайды﴿.

Уа, иман келтіргендер! Мүміндерден өзгені сырлас дос тұтпаңдар. Өйткені, олар сендерге жамандық жасау үшін қолдарынан келгенін аямайды. Сондай-ақ олар сендердің қиындық пен қасіреттен көз ашпағандарыңды қалайды. Көрмейсіңдер ме, сендерге деген дұшпандықтары ауыздарынан төгілуде. Ал іштеріне бүккен қастығы одан бетер. Егер ақылға салып ойланып, (тиісінше әрекет ететін болсаңдар), сендерге анық ақиқаттарды ашық баяндаудамыз﴿. «Әли Имран» сүресі, 118 аят.

Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:

«﴾Уа, иман келтіргендер! Мүміндерден өзгені сырлас дос тұтпаңдар﴿:

Бұл аятта (мәніне қатысты) ғалымдар арасында түрлі пікір айтылған:
Біреулер: Аллаһ мүміндерге мұнафықтарды қолдануды, олармен бауырлас болуды немесе мүміндердің орнына оларды дос тұтуды тыйды – деген.
Басқалар айтқан: Хафса нұсқасында «Өздеріңнен басқа адамдарды сырлас қылмаңдар» делінген, яғни мүміндерден басқа ешбір өзгені.

Хазіретті Ибн Аббас, Аллаһ олардан разы болсын, былай деген: «Аллаһ мүміндерге яһудилерді, [христиандарды] және мұнафықтарды – мүмін бауырларынан өзге – сырлас етуді тыйды. Олар (яғни, мұсылмандар) сырларын соларға ашатын болды, мүміндерге емес».

«Сырлас дос» дегеннің мағынасы: олар — ішкі сырын, құпиясын айтатын бауырлары.

Шейх (Аллаһ оған рақым етсін) былай деді: Кәпірді сырлас етуге тыйым салынуының екі себебі бар:
Біріншісі – әдеттегі танылу сипаты. Әр адам кіммен бірге жүрсе, сонымен танылмақ.
Екіншісі – оған бейімделіп, дұшпанның сырттай көрінген сыпайылығына немесе жақсы қарым-қатынасына алдана бастайды. Соның әсерінен ол кәпірге көңіл аударып, онымен жақындаса түседі. Мұндай бейімделу — имандылыққа жетелейтін ізгі нәрселерден алыстатып, ақырында дін парыздарын орындауға селқос қарауға себеп болады.

Өйткені, олар сендерге жамандық жасау үшін қолдарынан келгенін аямайды﴿: Олар: «Сендердің жайларыңды әшкере етуге келгенде уәделерінен тайады», – дейді.

Сондай-ақ олар сендердің қиындық пен қасіреттен көз ашпағандарыңды қалайды﴿: Яғни, сендердің күнәға батқандарыңды қалайды әрі соны армандайды.

Яғни: Олар сендердің өздеріне серік болып, сондай істерді бірге жасауларыңды қалайды.
Яғни, бұл – олардың көздеген мақсаты. Бұл мағына кейінгі аятпен байланысты: ﴾Көрмейсіңдер ме, сендерге деген дұшпандықтары ауыздарынан төгілуде﴿.

Кімде-кім бұл аяттың басы мұнафықтар жайында деп айтса, былай дейді: ﴾Көрмейсіңдер ме, сендерге деген дұшпандықтары ауыздарынан төгілуде﴿ деген сөз – Құранның басқа бір аятында келген: ﴾Әйтсе де сен оларды сөздерінің сарынынан-ақ сөзсіз танисың. Аллаһ сендердің барлық істеріңді біледі﴿ («Мухаммад» сүресі, 30-аят) дегенге ұқсайды. Яғни, мұнафықты оның астарлы сөзінен тануға болады».

Бұл – олардың: ﴾Ел-жұрт оларға: «Дұшпандарың сендерге қарсы қол жинады, ендеше, олардан қорқыңдар (һәм аман-сау тұрғандарыңда бас сауғалаңдар)», – дегенде, бұл хабар олардың иманын одан сайын арттыра түсті. Сонда олар: «Бізге бір Алла жетеді. Ол қандай керемет қамқоршы!» – деп жауап берді.﴿ («Әли Имран», 173 аят) деген сөздері арқылы жамағатты бөлуге ұмтылғанын меңзейді. Сондай-ақ, мұсылмандардың басына келген қиындыққа қуануын білдіреді. Мысалы, Аллаһу Тағаланың: ﴾Араларыңда (жорыққа шығуға) мүлдем асықпайтындардың бары анық﴿ («Ниса», 72 аят) деген сөзі секілді.

Ал іштеріне бүккен қастығы одан бетер﴿: Олар (яғни, кәпірлер мен мұнафықтар) мүміндерге сырттай келісіп тұрғандай көрініп, ал іштей оларға деген өшпенділік пен қайшылықты, әрі оларды құртуға деген ұмтылысты жасырған. Олардың іштерінде жасырғаны — сырттай көрсеткенінен де ауыр болатын. Кімде-кім бұл аят кәпірлер туралы деп айтса — бұл да орынды пікір. Ал Аллаһ Тағаланың: ﴾Ал іштеріне бүккен қастығы одан бетер﴿ деген сөзі — олардың тілмен айтқан балағаттары мен дұшпандықтарын меңзейді. Бірақ олар бұдан да зор бұзықтық пен жамандықты іштерінде жасырып жүр. Аллаһ жақсырақ білуші.

Егер ақылға салып ойланып, (тиісінше әрекет ететін болсаңдар), сендерге анық ақиқаттарды ашық баяндаудамыз﴿:

Аллаһтың: ﴾Егер ақылға салып ойланып﴿ деген сөзі: «Аллаһтың түсірген ашық дәлелдері мен айқын аяттарын ой елегінен өткізсеңдер» деген мағынада деп түсіндіруге болады. Сондай-ақ, бұл сөз: «Егер ақылдарыңды пайдалы іске жұмсасаңдар» деген мағынаны да беруі мүмкін. Себебі Аллаһ Тағала Құранның бірнеше жерінде олар жайында: «Олар ақылдарын пайдаланбайды» деген. Яғни, олардың ақылдары болғанымен, олар оны ақиқатқа жетуге пайдаланбады. Сондықтан олар сол ақылынан пайда көрмеген соң, олардан ақыл мүлде жоқ сияқты деп сипатталған».