June 5, 2025

«Бұл күні сендерге екі мейрам жиналды, кім қаласа айт намазымен шектелсе болады, ал біз екі намазды да оқимыз».

Бізге Мухаммад ибн әл-Мусаффа және Омар ибн Хафс әл-Уассабий жеткізіп айтты: Бізге Бақийа, ол Шуғбадан, ол Муғира ад-Дыйббиден, ол Абдул-Азиз ибн Руфайғтен, ол Әбу Солихтен, ол Әбу Һурайрадан Аллаһ Елшісінің ﷺ былай деп айтқанын жеткізді: «Бүгін сендердің күндеріңде екі айт жиналды. Кім қаласа, оған жұманың орнына жеткілікті болады. Ал біз (жұма намазын) оқимыз».

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әд-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» (1073-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Бүгін сендердің күндеріңде екі айт жиналды) — яғни жұма мен айт. (Кім қаласа, оған) айт намазы (жұманың орнына жеткілікті болады) — яғни айт намазы жұма намазының орнына жеткілікті болады. (Ал біз (жұма намазын) оқимыз»).

Әмир әл-Яманий айтты:

«Бұл хадис айт намазынан кейін жұма намазының рұқсатқа айналатынын көрсетеді: оны оқуға да, тәрк етуге де болады. Бұл үкім — айт намазын оқыған адамға ғана қатысты, айт намазын оқымаған адамға қатысты емес. Осы пікірді әл-Һәди және бір топ ғалым ұстанған, бірақ имам мен онымен бірге үш адамға қатысты емес (яғни, ең азы имам мен үш адам міндетті түрде мешітте жұма оқу керек).
Ал Атаа болса, жұма парызы баршадан түгелдей түседі деп есептеген: кім оқығысы келсе — оқысын. Ол ибн Зубәйрдің іс-әрекетін дәлел еткен. Өйткені ол жұма күні айт намазын адамдармен бірге оқиды. Атаа былай дейді: «Содан кейін біз жұма намазына келдік, бірақ ол бізге шықпады, сондықтан біз әркім жеке-жеке (бесін) намаз оқыдық». Ибн Аббас ол кезде Таифта еді. Кейін келгенде, біз оған бұл жайлы айттық, сонда ол: «Сүннетке сай істеген» деді. Сондай-ақ оның пікірінше, бұл жағдайда бесін (зухр) намазының парызы да түседі, тек екінті (аср) намазы ғана оқылады.
Әбу Дәуд ибн Зубәйрден оның былай дегенін жеткізеді: «Екі айт (яғни айт намазы мен жұма) бір күнде жиналды. Сонда ол екеуін біріктіріп, таңертең екі рәкағат қылып оқыды да, одан артық қоспады. Кейін екінті (аср) намазын оқығанға дейін басқа намаз оқымады».
Ал «жұма — сол күннің негізгі (асыл) намазы, ал бесін (зухр) — оның орнына жүретін балама» деген пікірге келсек, бұл оқиға сол көзқарастың дұрыстығын меңзейді. Өйткені негізгі міндет (жұма) оны орындау мүмкіндігі бола тұра (адамның мойнынан) түссе, онда оның орнына жүретін балама (зухр) да түседі.
Сондай-ақ хадистің сыртқы мағынасы да осыны көрсетеді: адамдарға жұманы оқымауға рұқсат берілді, бірақ жұма түскен жағдайда бесін намазын оқуға бұйрық берілмеді. Бұл — жұма (намазы адамның мойнынан) түскенде бесіннің де түсетінін білдіреді.
Имам Шәфиғи «әл-Умм» (2/67) кітабында: ««Екі мейрамның бір күнге жиналуы»: Бізге ар-Рабиғ, ол әш-Шәфиғиден, ол Ибраһим бин Мухаммадтан, ол Ибраһим бин Уқбадан, ол Омар бин Абдул-Азизден риуаят етті:
«Аллаһ Елшісінің ﷺ кезінде екі мейрам бір күнге жиналды және ол: «(Қала сыртында тұратын) ауыл тұрғындарына¹: «Кімде-кім жұма намазын күткісі келсе, отырып күтсін»», - деді.

¹Өйткені кішкентай ауыл тұрғындарына жұма намазы парыз емес.

Бізге ар-Рабиғ, ол әш-Шәфиғиден, ол Мәликтен, ол Ибн Шиһабтан, ол ибн Әзһардың азат етілген құлы Әбу Убайдтен :
«Мен айт намазын Осман ибн Аффанмен бірге өткіздім. Кейін хазіретті Осман халыққа бұрылып хұтба айтты: «Бұл күні сендерге екі мейрам жиналды, ауыл тұрғындарынан кім қаласа жұма намазын күтсе болады, ал кім ауылына қайтуды қаласа қайта берсін, өйткені мен оған рұқсат бердім», - деді.
Әш-Шәфиғи айтты:
«Егер Ораза айт күні жұмаға сәйкес келсе, имам айт намазын оқуы керек, содан кейін қала сыртынан келген ауыл тұрғындары қалағандары ауылдарына барып, жұма намазына қайта келмесе болады деп рұқсат береді. Бұл олардың еркі - қаласа жұма намазын қалада қалып күтеді немесе шамалары жетсе, ауылдарына барып жұма намазына қайта келеді. Егер олай істемесе, ешқандай айып жоқ, ин шәә Аллаһ».
Және айтты: «Қала тұрғындарының ешқайсысына айт күні жұма намазын тәрк етуі рұқсат емес. Ал егер жұма намазын тәрк етуге шариғи үзір болса, онда жұма намазын тәрк етсе рұқсат, тіпті айт күні болса да»».

Мен (имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әд-Матуриди) айтамын:

«Марқұм шейх Мәулана Мухаммад Яхья өзінің шейхы, мәртебелі шейх Мәулана Рашид Ахмад әл-Гангохои (әл-Ханафидің) – Аллаһу Тағала оны рахымына алсын – баяндамасынан былай деп жазды: «Пайғамбардың ﷺ кезінде жұма мен айт күні бір күнге келгенде, айт намазына ауыл тұрғындарының көпшілігі әдет бойынша басқа күндері жиналмайтындай жиналатын және айт намазын аяқтағаннан кейін жұма намазын күту ауыл тұрғындарына қиынға соқты, сондықтан Аллаһ Елшісі ﷺ айт намазын аяқтаған кезде, жаршы: «Сендердің араларыңда кім қаласа, жұма намазын күтіп оқысын! Кім қаласа, ауылдарына қайтсын!». Бұл қалаға айт намазына жиналған ауыл тұрғындарына арналған үндеу болатын, өйткені Пайғамбарымыз ﷺ оларға: «... ал біз болсақ екі намазды да оқимыз», - деп айтты. Бұл жердегі «біз» деген Мәдина тұрғындарын меңзеп тұр.
Бұл — «Сендерден кім қаласа, намаз оқысын» деген сөздегі үндеудің қала тұрғындарына емес, ауыл тұрғындарына бағытталғанын айқын көрсетеді.
Ал ибн Аббас пен ибн Зубәйр ол кезде жас болған. Дегенмен, олар жаршының даусын, азанды өз құлақтарымен естіген, бірақ оның нақты нені білдіретінін толық түсінбеуі мүмкін. Ибн Зубәйр айт намазын күн тас төбеге көтерілмей тұрып (зәуәлдан бұрын) кешіктіріп оқыды да, жұманы алға шығарды. Бәлкім, ол жұманы зәуәлдан бұрын оқуға болады деп есептеген (кейбір ғалымдар да солай санайды). Сөйтіп, жұма намазын оқып, оның ішінде айт намазын да қамтыды. Сол себепті ол бесін намазын оқымады, мұны риуаяттың сыртқы мағынасы да көрсетеді.
Ал ибн Аббас та сол уақытта айтылған үндеуді өз құлағымен естігендіктен: «Ол сүннетке сай істеді» деген. Яғни, ол Пайғамбарымыздың ﷺ «Кім қаласа, намаз оқысын» деген сөзін естігеніне сүйеніп айтқан»».