Пайғамбарымыздың ﷺ былай дегенін естідім: “Адамның мінетін ең жаман көлігі — ‘зағаму’”, — деді».
Бізге Әбу Бәкір ибн Әби Шәйба, ол Уәкиғтен, ол әл-Әузәғиден, ол Яхиядан, ол Әбу Қиләбаның былай деп айтқаның жеткізді: Әбу Масғуд әбу Абдуллаһтан (немесе Әбу Абдуллаһ Әбу Масғудтан) сұрады: «Сен Пайғамбарымыздан “зағаму” сөзі жайлы не естідің?» Сонда ол: «Мен Пайғамбарымыздың ﷺ былай дегенін естідім: “Адамның мінетін ең жаман көлігі — ‘зағаму’”, — деді».
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (3893-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«Әл-Хаттаби айтты: «Бұл сөздің түп мағынасы мынау: адам бір қажеттілікпен жолға шыққысы келсе, не бір елді мекенге баруды көздесе, мінетін көлігіне мініп, сол арқылы өз мұқтаждығына жетеді.
Ал Аллаһ Елшісі ﷺ адамның сөзінің алдында айтып, сол арқылы өз мақсатына жетуді көздейтін «зағаму» («солай дейді», «естуімше») деген сөзді — межелі жеріне жету үшін мінілетін көлікке ұқсатты.
Өйткені ‘зағаму’ сөзі, әдетте, қайнар көзі жоқ, негізі берік емес хабар жайлы айтылады. Бұл — тек ел аузында тараған, ауыздан-ауызға жеткен негізі жоқ бір әңгіме ғана.
Сондықтан Аллаһ Елшісі ﷺ осындай сипаттағы сөзді айыптады әрі ондай хабарға сақ болуды, тексеруді және нақтылығына көз жеткізуді бұйырды. Адам мұндай нәрсені сенімді негізге тірелмейінше және сенімді кісіден жетпейінше жеткізбеуі керек.
Себебі: «Рауи (хабар жеткізуші) — екі өтірікшінің бірі» деп те айтылған (яғни, хабарды ойдан шығарған адам немесе жеткізген адам «солай дейді», «естуімше» деп, сол хабарды тексермей таратқан адам)».
Әбу Дәуід айтты: «Әбу Абдуллаһ» деп отырғаны — Хузайфа (Аллаһ одан разы болсын)».