«Ер адамның өз үйіндегі намазы – осы мешітімдегі намазынан артық. Бірақ парыз намаздардан басқа».
Бізге Ахмад ибн Салих, Абдуллаһ ибн Уаһб, Сулайман ибн Биләл, ол Ибраһим әбу ан-Насрдан, ол өз әкесінен, ол Буср ибн Сағидтен, ол Зәйд ибн Сәбиттен Пайғамбардың ﷺ былай деп айтқанын жеткізді: «Ер адамның өз үйіндегі намазы – осы мешітімдегі намазынан артық. Бірақ парыз намаздардан басқа».
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» (1044-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«Бұл хадис ер адамның мешіттен тыс (үйінде) оқыған намазы, егер парыз болмаса, мешітте оқығаннан абзалырақ екенін көрсетеді. Тіпті бұл мешіт — Аллаһ Елшісінің ﷺ мешіті, Құдс немесе Харам мешіті секілді ерекше артықшылыққа ие мешіт болса да. Бұл артықшылық – адамның өз үйінде оқыған намазы риядан (көзбояушылықтан) алыс болуымен байланысты.
Ал енді парыз намаздарға келсек, оларды ер адамдардың мешіттерде жамағатпен оқуы міндет. Ал әйелдерге келетін болсақ, олар үшін парыз және нәпіл намаздарын үйде оқу абзал. Тіпті оларға мешітке баруға рұқсат етілсе де, үй — олар үшін абзалырақ, өйткені онда (яғни үйде) олар жасырын болады және фитнадан (арандатудан, бүлік себептерінен) аулақ тұрады».