«Мүмін қарызы өтелмейінше соған байлаулы тұрады».
Хазіретті Әбу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисте айтты: Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Мүмін қарызы өтелмейінше соған байлаулы тұрады». Хадисті Имам әш-Шафиғи, Ахмад, әт-Тирмизи, Ибн Мәжа және әд-Дарими риуаят етті. Әт-Тирмизи айтты: «Бұл хадис ғариб».
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2915) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Мүмін) яғни, жаны (қарызы өтелмейінше) яғни, қарыз себепті (соған байлаулы тұрады»).
Бұл хадистегі «мүмін қарызына байлаулы тұрады» деген сөздің мағынасы: мүмін адам өлген соң жәннатқа кіру бақытын немесе жәннаттағы жоғары дәрежені немесе Аллаһтың салих құлдарымен бірге болу мәртебесін бірден иелене алмайды — ол қарызы өтелмейінше сол нығметтерге жете алмай тұрады.
Мұны келесі хадис растайды: «Ол (марқұм) Қиямет күні жалғыздықтан Аллаһқа шағым етеді», немесе «Қарызы өтелмейінше рухы рахатты сезіне алмайды» деген мазмұн келген.
Сондай-ақ кейбір ғалымдар былай деді: «Жәннатқа кіруге бөгет болатын қарыз — бұл адам қарызды қажетсіз ысыраппен немесе орынсыз мақсатпен алған болса. Ал егер адам қарызды шынайы мұқтаждығы себепті (яғни, шариғи қажеттілікпен) алған болса, әрі оны өтеуге мүмкіндігі болмаған күйде дүниеден өтсе — ондай пендені Аллаһу Тағала жәннатқа кіруіне бөгет болмайды, ин шәә Аллаһ. Себебі билеуші (әмірші) ондай адамның (қарызын өтеуге мүмкіндігі болмай, дүние салған адамның) қарызын өтеуге міндетті. Ал егер билеуші оның қарызын өтемесе, онда Аллаһу Тағала Қиямет күні ол адамның қарызын қарыз берушілерін разы ету арқылы өтейді. Бұған Ибн Мәджа риуаят еткен мына хадис дәлел: «Қиямет күні әрбір қарыз үшін иесінен есеп алынады. Бірақ үш жағдайда алған қарыз бұдан тыс қалады: Аллаһ жолында соғысуға шығып, соғысқа қажетті құрал-жабдығы жоқ адам, сол үшін жауға қарсы тұруға қажетті құрал-жабдық алу мақсатымен қарыз алған болса; өз үйінде бір мұсылман дүниеден өтіп, оны жерлеуге қаражаты жетпегендіктен қарыз алған болса; өзінің абыройы мен дінін сақтап қалу (яғни, харамға түспеу) мақсатында үйленіп, сол үшін қарыз алған адам. Осы үш түрлі себеппен алынған қарызды Аллаһ Тағала өзі өтейді». Бұл сөздерді Ибн әл-Мәлик «Шарху әл-Машариқ» кітабында келтіреді».