Today

«Расында, Аллаһ және Оның періштелері саптың оң жағына салауат айтады».

Бізге Усман ибн Әби Шәйбә, ол Муғауия ибн Һишамнан, ол Суфияннан, ол Усама ибн Зәйдтен, ол Усман ибн Уруадан, ол Айша анамыздың былай деп айтқанын жеткізді: Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Расында, Аллаһ және Оның періштелері саптың оң жағына салауат айтады».

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (674-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Бізге Усман ибн Әби Шәйбә, ол Муғауия ибн Һишамнан, ол Суфияннан) яғни, Суфиян әс-Сәуриден, (ол Усама ибн Зәйдтен) яғни, Усама ибн Зәйд әл-Ләйсийден, (ол Усман ибн Уруадан) ол — Зубәйр ибн Аууамның ұлы Уруаның ұлы, Әсәди, Мәдиналық. Ол Һишамнан жасы кіші болғанымен, одан бұрын қайтыс болған. Оның анасы — Яхияның анасы, Абдул-Мәлик ибн Маруанның тәтесі болған. Ол Құрайыштың таңдаулы әрі беделді адамдарының бірі еді. Ибн Муаин мен ән-Нәсәи оны сенімді деген. Сондай-ақ Ибн Хиббан оны «Сенімділер» (الثقات) кітабында атап өткен. Ол 136 һиджри жылы қайтыс болған.

(Айша анамыздың былай деп айтқанын жеткізді: Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Расында, Аллаһ және Оның періштелері саптың оң жағына салауат айтады»). Бұл хадис саптың оң жағының артықшылығын білдіреді. Тәпсірде айтылғандай: «Аллаһтың рақымы ең алдымен имамның оң жағына түседі, сосын оң жақ бойымен жалғасады, содан кейін барып сол жаққа түседі». Сондай-ақ кейбіреулер: «Егер саптың сол жағы бос болса, онда саптың екі жағы тең болуы үшін сол жағына тұру оң жағына тұрудан абзал болады», — деген».