Имам болу және жамағат болып намаз оқу мәкруһ болған орындар
▪️ Пасық, бидғатшы және надан адамның имам болуы мәкруһ (егер олардың артынан ұйып намаз оқудан басқа ешқандай шара болмаса, онда олардың артынан ұйып намаз оқу жеке оқығаннан абзалырақ және жамағаттың сауабын алады).
▪️ Имам болуға лайықты адам бола тұар құлдың, қара халықтың бірі немесе соқыр адамның жамағатқа имам болуы мәкруһ тәнзиһ. Егер олар (құл, қара халық, соқыр) білім немесе тақуа иесі болса, онда олардың имам болуы мәкруһ емес, тіпті егер олар жамағаттың ішінде құрмет немесе білім иелері болса, онда олардың имамдыққа шығулары абзал болады.
▪️ Бұзықтығы себепті жамағат ұнатпаған адамның имамдыққа өтуі немесе имамдыққа лайықты басқа адам бола тұра жамағат жақсы көрмеген адамның имамдыққа шығуы мәкруһ. Ал егер имамдыққа шыққан адам расымен имамдыққа лайық болса және одан ешқандай бұзықтық табылмаса, онда жамағаттық оны жақтырмауы есепке алынбайды.
▪️ Имамның сүннет мөлшерінен намазды қатты созып жіберуі мәкруһ.
▪️ Әйелдер өзара жамағат болып намаз оқулары мәкруһ. Егер өзара жиналып өзара намаз оқу орын алатын болса, онда имамы ортада тұрады.
▪️ Фитнаның кең таралуына байланысты, осы заманда әйелдердің мешітке жамағат намазына барулары мәкруһ. Әйелдердің өз үйлерінде намаз оқулары мешітте оқығаннан абзал.
▪️ Нәпіл намазын өзара келісіп, хабарлау арқылы жиналып оқу мәкруһ. Ал егер өзара келіспестен оқыса мәкруһ емес, мысалы: үш адам кездейсоқ жиналып түнгі нәпіл намаз оқыды (яғни, бір адам нәпіл оқып тұрды, басқа екі адам оны көріп, ұйып кетті).
▪️ Кварталдағы тұрақты жамағаты мен имамы бар мешітте (азан мен қамат айтып) екінші жамағат болып намаз оқу мәкруһ . Бірақ мешіттің сыртында, ауласында емес, (азан және қаматпен) екінші жамағат болып оқу мәкруһ емес және сол сияқты, мүсәпір адамдарға қала маңындағы елді мекеннің жол бойындағы мешітте екінші жамағат болып (азан және қаматпен) намаз оқыса мәкруһ емес.
Шейх Мухаммад Әли ибн Шәфиқ ән-Нәдуй әл-Ханафи, «әл-Фиқһу әл-Муиассар мәғә Бидаяту әл-муфти уә ниһаяту әл-мустафти», 150 бет.