Музыкалық құралдар туралы.
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафи өзінің «Минхату әс-Сулук фи шарх Минхати әл-Мулук» (422 бет) кітабында айтты:
«(Музыкалық аспаптардың барлық түрінің дыбысын тыңдау – харам).
Себебі Пайғамбарымыз ﷺ былай деген: «Музыкалық аспаптарды тыңдау – күнә, оған отырып қатысу – пасықтық, ал одан ләззат алу – күпірлік» – деп риуаят етілген (Имам ас-Садр әш-Шәһид әл-Ханафи «Кәрәһәту әл-уақиғат» кітабында).
Музыкалық аспаптар ұғымына барлық ойын-сауық түрлері кіреді. Тіпті таяқ соғып әндету, сыбызғы үрлеу арқылы әуен шығару да осыған жатады.
(Ал егер адам мұндай дыбысты кенеттен естіп қалса – ол кешірімді).
Себебі бұл әдейі жасалған іс емес, ниетсіз орын алды. Сондықтан ол үшін күнә жазылмайды.
Алайда кейін мүмкін болғанынша қайта тыңдамауға тырысуы міндет, өйткені мұндайды тыңдаудан бет бұру – уәжіп.
(Ал некені жариялау мақсатында тойда дабыл ұру – рұқсат).
Себебі Аллаһ Елшісі ﷺ: «Некені жариялаңдар, тіпті дабыл арқылы болса да» –деген.
Тағы бір хадисте: «Харам мен адалдың айырмасы – некеде (жариялау үшін) дабыл соғу мен дауыс (яғни, некені жар салып хабарлау)» – деп айтылған. (Ибн Мәжа риуаят еткен).
(Ал қажылықта және жорықтарда дабыл (барабан) ұру – ойын үшін емес, хабарлау мақсатында рұқсат).
Яғни: көшудің басталғанын, тоқтауды, жиналуды білдіру үшін, сондай-ақ дұшпанға мұсылмандардың айбын-күшін көрсету үшін.
«Ойын үшін емес» деп шектеу қойылуының себебі: егер дабыл немесе басқа аспап ойын-сауық, көңіл көтеру мақсатында қолданылса – ол харам, өйткені бұл күнәлі іс болып саналады».