Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Қадірлі, абыройлы адамдардың сүріністеріне кешіріммен қараңдар, тек шариғат белгілеген («хад») жазалардан басқа».
Айша анамыз, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Қадірлі, абыройлы адамдардың сүріністеріне кешіріммен қараңдар, тек шариғат белгілеген («хад») жазалардан басқа». Хадисті Әбу Дәуд риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 3569) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Қадірлі, абыройлы адамдардың сүріністеріне) яғни, олардың сирек, кездейсоқ жасаған қателіктері мен жаңылысуларына (кешіріммен қараңдар) түсіністікпен қараңдар, (тек шариғат белгілеген («хад») жазалардан басқа») яғни, шариғат (зина, ұрлық секілді жазаларға) бекіткен «хад» жазалары бұған кірмейді.
Бұл хадистегі сөз имамдарға және өзгелерге, яғни ескертуді, жауапқа тартуды немесе тәрбиелеуді қажет ететін құқық иелеріне арналып айтылған. Ал «сүріну» дегеннен мақсат – Аллаһтың бір хақысын (бұзғаны үшін) тағзир (яғни, қазының қалауымен тағайындалатын тәртіптік жаза) қолданылуға лайық болған істер.
Солардың қатарында адамдар тарапынан талап етілетін құқықтар да бар. Яғни хадисте екі тарапқа да – Аллаһтың хақысын бұзғандар мен құлдың хақысын бұзғандарға қатысты – олардың қателіктерін кешіру мустахаб, құптарлық іс екені айтылып отыр.
Имам Шафиғи «қадірлі, абыройлы адамдар» дегенді күнәсі жария болмаған адам деп түсіндіреді.
Ибн әл-Малик: ««Қадірлі, абыройлы адамдар» деген – адамның бойындағы мақтаулы мінездерден тұратын сыртқы бейнесі (күйі)», - дейді.
Қади айтты: ««Қадірлі, абыройлы адамдар» – негізінде әртүрлі нәрселерге тән кейіп немесе күй, бірақ ол арқылы бәріне ортақ бір сипат айтылатын болады. Кейін бұл сөз мінез-құлық (қасиет) мағынасында да қолданылған.
Ал «қадірлі, абыройлы адамдар» деген сөзден мақсат – ақыл-парасаты мен жақсы қасиеттері бар адамдар.
Және былай да делінген: олар – адамдар арасында (қоғамда) беделді, абыройлы (жүзді, сыйлы) кісілер».
Тағы бір риуаятта олар – салиқалы, тақуа кісілер деп те түсіндірілген.
Тағы бір көзқарас: Пайғамбарымыз ﷺ болашақта заманның өзгеріп, адамдардың жоғары лауазымды кісілерге жағымпазданып, олардың қателіктеріне көз жұмуы мүмкін екенінен қауіптеніп, бұл хадисті айтқан деседі. Соның салдарынан, мұндай адамдарға шариғат жазаларын қолданудан тартынып, олармен жақын болғандарға да жеңілдік жасап қою қаупі туады. Сондықтан, Пайғамбарымыз ﷺ оларға да шариғат жазаларын қарапайым адамдарға қолданғандай бірдей түрде қолдануды бұйырған.
Алайда егер кешірім жасалатын болса, тек шариғат жазасы (хад) тағайындалмайтын істерде ғана кешірім жасалсын деген. Сондықтан Пайғамбарымыз ﷺ бұл үкімді ақсүйек, абыройлы кісілердің көңіліне тимейтіндей жұмсақ әрі әдепті сөзбен жеткізген.
Дұрысын Аллаһ Тағала жақсы біледі.
(Хадисті Әбу Дәуд риуаят етті). Сол секілді Имам Ахмад пен Бухари да «әл-Әдәб» еңбегінде келтірген.
Сондай-ақ, Ибн Ади Ибн Аббастан былай деп риуаят еткен: «Хад жазаларын күмән болған жағдайда қолданбаңдар және құрметті кісілердің сүрінулерін, егер ол Аллаһтың хад жазасына қатысты болмаса, кешіріңдер»».