﴾Шүбәсіз, Аллаһқа және ақирет күніне бар үмітін артқан һәм Аллаһты көп еске алатындар үшін Аллаһ елшісінде сендер үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар﴿.
﴾Шүбәсіз, Аллаһқа және ақирет күніне бар үмітін артқан һәм Аллаһты көп еске алатындар үшін Аллаһ елшісінде сендер үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар﴿ «әл-Ахзаб», 21-аят.
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
﴾Шүбәсіз, Аллаһқа және ақирет күніне бар үмітін артқан...﴿:
Кейбірі былай деген: Пайғамбарымызда ﷺ Аллаһтан қорқатын, ақырет күніне және амалдардың қайтарымына сенетін адам үшін үлгі-өнеге бар.
Ал мұнафыққа (екіжүздіге) және қайта тірілуді жоққа шығаратын адамға келсек – Пайғамбарда ﷺ ондай адам үшін өнеге болмайды.
Сондай-ақ мына сөздің: ﴾...әрі Аллаһқа және ақирет күніне бар үмітін артқан﴿ – мына мағыналарда болуы да мүмкін:
– «Сендер үшін өнеге бар, сондай-ақ Аллаһ пен ақырет күнінен үміт ететіндер үшін де өнеге бар» деген мағынада.
– Немесе: «Сендер үшін өнеге Пайғамбарда ﷺ бар, және де өнеге – Аллаһ пен ақырет күнінен үміт еткендерде бар» деген мағынада.
﴾һәм Аллаһты көп еске алатындар үшін...﴿ – Оның бізге берген нығметтері мен жақсылықтарын еске алып, шүкір айту, мақтап-мадақтау арқылы зікір ету. Немесе Аллаһтың ұлылығы мен құдіретін, билігі мен үстемдігін, ұлықтығы мен тәкаппарлығын ойға алып, қорқынышпен еске алу арқылы зікір ету
«﴾Аллаһ елшісінде сендер үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар﴿:
Кейбіреулер бұл аят Пайғамбарымыз ﷺ өзі соғысқа тікелей қатысқан кездерде түсті деп айтқан. Яғни, кім Пайғамбарымызбен ﷺ бірге шайқасқа қатысса, сол оған жақсы түрде ерген болып саналады. Ал кім бірге соғыспаса, ол өнеге алған болып есептелмейді.
Ал Ибн Аббас (Аллаһ одан разы болсын) бұл аяттағы ﴾теңдессіз үлгі-өнеге бар﴿ дегенді «жақсы сүннет» немесе соған ұқсас бір мағына» деп түсіндірген.
Мұндай сөздер көбіне екі түрлі топқа қатысты айтылады: не мұнафықтардың (екіжүзділердің), не мүміндердің кейбір қателіктеріне байланысты. Сонда Аллаһу Тағала былай дейді: «Сендер үшін Аллаһ Елшісінде ﷺ өнеге бар, соған қарап үлгі алыңдар, соны ұстаныңдар».
Бұл аят бірнеше мағынада түсіндіріледі:
- Бірінші мағына: «Сендер үшін Пайғамбарда ﷺ (пайғамбар болып жіберілмей тұрып), оған уахи түсірілмей тұрып та жақсы өнеге болған – оның көркем мінезін, жомарттығын, ар-намысын, сенімділігін білдіңдер. Сонда қалайша пайғамбар болып жіберілген соң одан бас тарттыңдар?!»
- Екінші мағына: «﴾Шүбәсіз, Аллаһ елшісінде﴿, ол пайғамбар болып жіберілгеннен кейін ﴾сендер үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар﴿. Сондықтан сендерге оған еру, соны үлгі тұту – уәжіп».
- Үшінші мағына: «Сендер Аллаһ Елшісі ﷺ сендерге бекіткен шариғатты ұстанғанда, сендер де мүміндермен тең, бірдей болар едіңдер».
Немесе «أسوة» (үлгі-өнеге) деген сөз «тең болу», «бір деңгейде болу» деген мағынада келуі мүмкін. Арабтарда: «Пәленше – қарыз берушілеріне «أسوة» (усуа) тең болды» – яғни, мал-мүлкі олардың арасында бірдей бөлінді дегендей сөз тіркестері болады.
Бұл – Аллаһ Тағала жақсырақ білуші – аяттың мағынасы осылай болуға ұқсайды».