Yesterday

Музыкалық аспаптарды сату мәселесі.

Бірінші бөлімге тыйым салынған мақсат үшін жасалған, бірақ материалы рұқсат етілген заттар жатады. Мұндай заттарды рұқсат етілген мақсатта тек әуреге түсіп немесе оларға өзгеріс енгізіп қана пайдалануға болады. Фиқһ ғалымдары бұл санатқа тыйым салынған музыкалық аспаптарды жатқызған. Мұнымен олар төрт мәзһабта тыйым салынған музыкалық аспаптарды меңзейді.

Ханбали мәзһабындағы таңдаулы пікір бойынша, музыыкалық аспаптар шариғат тұрғысынан құны бар мүлік болып саналмайды, сондықтан оларды сату жарамсыз. Яғни оларды сату, шошқаны сату секілді, бұл мәзһабта жарамсыз болып, сату келісімі жасалған деп есептелмейді (яғни, сауда батыл болады).

Мәлики мәзһабында да осындай пікір бар. Хаттаб (Алла Тағала оны рақымына алсын) Қарафиден тыйым салынған музыкалық аспаптардың пайдасы жоқ заттар санатына жататынын, сондықтан оларды сату да, иелену де жарамсыз екенін жеткізген.

Одан кейін Хаттаб «әл-Мутайтиядан» мынадай пікір келтіреді: «Кім музыкалық аспаптардың бірін — кернейді немесе басқа аспапты — сатып алса, сату келісімі бұзылып, оған қатысқандарға жаза қолданылады». Бұл сөздің сыртқы мағынасына қарағанда, сату келісімі жасалған болып есептеледі, алайда оны бұзу міндетті.

Ал ханафи және шафиғи мәзһабтары бойынша, бұл аспаптарды сату жарамды болып, сату келісімі жасалған деп есептеледі. Өйткені оларды, өзгерткеннен кейін болса да, рұқсат етілген мақсатта пайдалануға болады. Алайда оларды қазіргі қалпында сату мәкруһ (тахрим) саналады. Әл-Кәсәни (Алла Тағала оны рақымына алсын) былай деген:

«Әбу Ханифа бойынша, барбат, дабыл, сыбызғы, даф және сол сияқты музыкалық аспаптарды сатуға болады, бірақ бұл — мәкруһ. Ал Әбу Юсуф пен Махаммад бойынша, мұндай заттарды сату келісімі жасалған болып есептелмейді (яғни, саудалары батыл болады). Өйткені бұлар ойын-сауық үшін әзірленген, күнә мен бұзақылыққа арналған аспаптар болғандықтан, (шариғи құны бар) мүлік болып саналмайды. Сондықтан оларды сатуға болмайды.
Әбу Ханифаның (Алла оны рақымына алсын) дәлелі — оларды басқа қырынан шариғатқа сай пайдалануға болады. Мысалы, оларды зат салатын ыдыстарға айналдыруға немесе өзге де пайдалы мақсаттарға қолдануға болады. Сондықтан олар мүлік санатынан шықпайды» («Бәдәиғ ас-Санаиғ», 4\337).

Ханафи ғалымдары бұл аспаптарды бөлшектемей тұрып сатуға қатысты айтқан мәкруһ үкімі, мәкруһ тахримді білдіреді. Өйткені Ибн әл-Һумам «әл-Һидаяның» «Мәкруһ саналатын істер туралы бөлімін» түсіндірудің басында былай деген:

«Бұл бөлім фасидтен төмен тұрғандықтан, автор оны содан кейін келтірген. Оның төмен тұруы шариғи тыйым тұрғысынан емес, келісімнің жарамсыз болмауы тұрғысынан айтылған. Әйтпесе, мұндағы мәкруһ істердің барлығы — мәкруһ тахрим. Оларды істеудің күнә екендігі жөнінде хиләф бар екенін білмейміз».

Бұдан сатушы үшін сатудан түскен ақшаның адал болмайтыны шығады.

Шафиғи ғалымдары да бұл аспаптарды бөлшектемей тұрып сатудың мәкруһ екенін анық айтқан. Шафиғи ғалымы Мәуарди (Алла Тағала оны рақымына алсын) былай деген:

«Домбыра, уд, даф және сыбызғы сияқты музыкалық аспаптарды бөлшектегеннен кейін пайдалануға болатын болса, оларды сатуға рұқсат етіледі. Ойыншықтардың үкімі де осындай. Алайда күнәға пайдаланылатын сипаты сақталып тұрғандықтан, оларды бөлшектемей тұрып сату мәкруһ саналады. Егер сол қалпында сатылса, сату келісімі бәрібір жарамды болады».

Алайда шафиғи ғалымдары өз сөздерінде «мәкруһ» ұғымы қосымша түсіндірмесіз қолданылғанда, одан тәнзиһән мәкруһ меңзелетінін айтқан. Алла Тағала жақсырақ біледі.

Муфти Мухаммад Тақи әл-Усмани әл-Ханафи, «Фиқһу әл-Буиуғ», 1\316-318.