May 16

Жұма әдебі

▪️ Әрбір мұсылман бейсенбі күннен бастап жұма намазына дайындалып, бейсенбі күннің екінті намазынан кейін дұға, зікір және тәспі айтып, киімін дайындап, егер қолында әтір болмаса, онда әтірлерін дайындап [мысалы, сатып алып дегендей], жұма намазына ерте баруына кедергі болатын нәрселерден жүрегін босату керек. Кейбір өткен ізгілер айтатын: «Жұма күнінен толық үлесін алған адамдар - жұманы бейсенбіден бастап күткендер , ал жұма күнінен ең аз үлес алған адамдар - жұма күні таң аттырғанда: «Бүгін қай күн?» деп ғапылда болғандар. Жұмадан өз үлесін жіберіп алмау үшін кейбір өткен ізгілер жұма түнін мешітте түнейтін».

▪️ Жұма күні ғұсыл құйынып, тазаланып, мисуак қолдану керек, өйткені бұл күні мисуак қолданудың үлкен қасиеті бар.

▪️ Ең жақсы киімдерін киеді, әтір болса әтір себініп, тырнағын алады.

▪️ Сондай-ақ мешітке ерте бару керек, өйткені оның сауабы оның ерте болуына қарай көбірек болады, Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте, Аллаһу Тағала одан разы болсын, Аллаһ Елшісі ﷺ былай деген: «Кімде-кім жұма күні жүніптіктен [әйелімен қосылғаннан кейін] ғұсыл алып, сосын [мешітке] аттанса, ол түйені құрбандыққа шалғандай, ал кімде-кім екінші уақытта [мешітке] аттанса, ол сиырды құрбандыққа шалғандай, ал кімде-кім үшінші уақытта [мешітке] аттанса, мүйізді қошқарды құрбандыққа шалғандай, ал кімде-кім төртінші уақытта [мешітке] аттанса, ол тауықты құрбандыққа шалғандай, ал кімде-кім бесінші уақытта [мешітке] аттанса, ол жұмыртқаны құрбандыққа шалғандай. Егер имам [хұтбаға шықса], онда періштелер зікірді тыңдау үшін келеді».

▪️ Алғашқы ғасырда адамдар мешіттерге ерте барып, айт күні секілді кептеліс болатын, тіпті таң намазынан кейін мешітке асыққан адамдардың көптігінен жолдар тарылып кететін. Айтатын: «Исламдағы ең алғашқы бидғат – мешітке ерте баруды тәрк ету». Имам әл-Ғазали, Аллаһу Тағала оны рақымына алсын, жұма намазының қадір-қасиеті туралы жолдар жазған соң айтады: «Мұсылмандар еврейлер мен христиандардан қалайша ұялмайды? Олар сенбі-жексенбі күндері өздерінің синагогалары мен шіркеулеріне ерте барады. Және бұл дүниеге берілген адамдар сату және сатып алу үшін базарларына қалай асығады?! Енді ақыретті аңсағандар олармен неге жарыспайды?!»

Мұсылмандардың бұл күннің ұлылығы мен қадір-қасиетін елеусіз қалдырып, оған немқұрайлы қарағаны үлкен өкініш! Бұл күн бұрынғы үмметтерге нәсіп болмады, бірақ бұл шарапатты үмметке нәсіп болды. Пайғамбарымыз ﷺ бұл күнді мақтан тұтып, өткен ізгілер бұл күнді айт күнінен артық ұлықтады, бірақ біз оны дұрыс бағаламадық, оның қадірін білмедік, оның қадір-қасиеті мен ұлықтығына немқұрайлы қарадық, бұл ұлы нығметке күпірлік қылдық. Бұл жамандықты біз өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз Аллаһқа тәнміз және Оған қайтамыз [қайғыда айтылатын зікір].

Үмметтің данасы Шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди, «Бәһишти Зиуәр», 196-197 бет.