Кепілақы және ниеттің шынайылығын растау үшін алдын ала берілетін сома туралы.
Муфти Мухаммад Тақи әл-Усмани әл-Ханафи, «Фиқһу әл-Буиуғ» (2\1138) кітабында айтты:
1. «Кепілақы беріп сатып алу» дегеніміз — (сауда келісімі толық іске асқаннан кейін) сатып алушының белгілі бір мерзімге дейін мәмілені жалғастыру не бұзу құқығын өзінде қалдыруды шарт етіп, сатушыға белгілі бір соманы (кепілақыны) беруі. Егер сауда келісімін жүзеге асырса, кепілақы тауар бағасының бір бөлігі болып есептеледі. Ал сауда келісімін бұзса, кепілақы сатушыға тиесілі болып, сатып алушыға қайтарылмайды.
Фақиһтардың көпшілігінің пікірінше, мұндай шартпен сауда жасауға болмайды. Сондықтан келісім бұзылған жағдайда сатушының кепілақыны өзінде қалдыруына рұқсат етілмейді, оны сатып алушыға қайтаруы міндетті. Алайда (мұсылман) басшы кепілақыны алып қалуға рұқсат ететін үкім шығарса немесе заңда бұған рұқсат берілсе, оны алып қалуға болады. Өйткені бұл — ижтиһадқа жататын мәселе әрі имам Ахмад (Аллаһ оны рақымына алсын) бұған рұқсат берген.
2. «Ниеттің шынайылығын көрсету үшін алдын ала берілетін сома» — сатып алушының бір нәрсені сатып алуға уәде берген кезде, сауда келісімі жасалмай тұрып, сол уәдесіне берік екенін көрсету үшін сатушыға төлейтін ақшасы (яғни, екі тарап сауда жасасуға уәделескен ғана болады, ал сауда келісімі әлі жасалмайды).
Бұл сомаға кепілақының үкімі жүрмейді. Ол сатушының қолындағы аманат болып саналады (яғни, оған аманат үкімдері қолданылады). Егер қандай да бір себеппен сауда мәмілесі жасалмаса, сатушы оны иесіне қайтаруға міндетті.
«Кепілақы» мен «ниеттің шынайылығын көрстеу үшін алдын ала берілетін сома» арасындағы айырмашылық:
Бірінші жағдай: сома сауда мәмілесін жасау кезінде немесе одан кейін (яғни, сауда келісімі іске асқанда) төленеді.
Екінші жағдай: сатып алушы сауда келісімі жасалмай тұрып, тауарды сатып алу ниетінің шынайылығын көрстеу үшін сатушыға тауар бағасының бір бөлігін алдын ала береді. Бұл сома кепілақы болып саналмайды. Оны алған сатушы бұл ақшаны өз меншігіне айналдыруына болмайды. Сондай-ақ иесінің рұқсатынсыз оны инвестициялауға да рұқсат етілмейді.