﴾Ал енді өздері бес саусағындай білетін сол пайғамбар келгенде, оны мойындамай күпірлік қылды. Оларға Аллаһтың лағынеті жаусын﴿.
﴾Оларға Алладан қолдарындағы Тәуратты растайтын Кітап келді. Бұдан бұрын олар кәпірлерді жеңу үшін (Алладан медет тілегенде, «Тәуратта айтылған ақырғы пайғамбардың құрметіне бізге медет бере көр» деп) дұға ететін. Ал енді өздері бес саусағындай білетін сол пайғамбар келгенде, оны мойындамай күпірлік қылды. Оларға Алланың лағынеті жаусын﴿ «әл-Бақара» сүресі, 89-аят.
Хафиз әс-Суютидің «әд-Дурру әл-Мансур фт тафсир әл-Мәсур» тәпсірінде:
Әбу Нуғайм «әд-Дәләил» кітабында Атаның, әрі әд-Даххактың жолымен Ибн Аббастан (Аллаһ одан разы болсын) келтіреді: Мухаммад пайғамбарымыз ﷺ жіберілмей тұрып, Бәни Қурайза мен Бәни Надир яһудилері кәпірлерге қарсы Аллаһтан жәрдем тілеп, былай дейтін еді: «Уа, Аллаһ! Біз Саған үмми пайғамбардың хақы үшін жалбарынамыз, бізге олардан үстемдік бере гөр!»
Сонда олар жеңіске жететін.
﴾Ал енді өздері бес саусағындай білетін сол пайғамбар келгенде, оны мойындамай күпірлік қылды. Оларға Аллаһтың лағынеті жаусын﴿
— мұнда айтылғаны Мухаммад пайғамбарымыз ﷺ. Олар ол жайында еш күмәнданбаған еді, бірақ соған қарамастан оған иман келтірмей, күпірлік етті».
Абд ибн Хумайд, Ибн Джарир және Әбу Нуғайм Қатададан былай дегенін риуаят етті: «Яһудилер кәпір арабтарға қарсы Мухаммад арқылы жеңіс тілеп: «Уа, Аллаһ! Біз Тәураттан сипаттарын табатын пайғамбарды жібер! Ол оларды азаптайды әрі өлтіреді», — деп дұға ететін. Ал Аллаһ Мухаммадты жіберген кезде, оны көріп, өздерінен емес, арабтардан шыққаны үшін қызғанышпен оған күпірлік етті. Олар оның Аллаһтың елшісі екенін біліп тұрса да, соған қарамастан иман келтірмеді».