﴾Бір Өзіңе ғана құлшылық етіп, бір Өзіңнен ғана медет тілейміз﴿.
Ғұлама Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің Құран тәпсірінде «Фатиха» сүресінің ﴾Бір Өзіңе ғана құлшылық етіп, бір Өзіңнен ғана медет тілейміз﴿ аятының түсіндірмесінде айтты:
«Бұл шарапатты аяттан ақиқатында Аллаһтан басқа ешкімнен медет сұрауға болмайтыны аңғарылады. Алайда егер дұғасы қабыл бір адамды Аллаһтың рақымына себеп, дәнекер етсе және одан жәрдем сұрау барысында ол жәрдемде дербес емес деген сенімде болса, мұндай жәрдем сұрау рұқсат. Өйткені мұндай жағдайда ол әулие арқылы жәрдем сұрау — шын мәнінде Аллаһ Тағаладан жәрдем сұрау болып табылады».
Байқап отырғанымыздай, ғұлама Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди «көмек сұраудың» өз шарттарымен рұқсат екенін айтқанда, оны тірі немесе өлі деп бөліп қарастырмаған. Неге? Өйткені мұндай бөліністі Аллаһу Тағала Өзi белгілеген жоқ.
Егер бұл аятты сыртқы, тура мағынасында алатын болсақ, онда тірі адамнан да көмек сұрау ширк болуы тиіс еді. Ал бұл — анық қате. Сондықтан біздің ақидамызда тіріде де, өліде де ешбір пендеде дербес күш-қуат та, өздігінен әсер ету қабілеті де жоқ. Барлық әсер ету — Аллаһтың қалауымен әрі Оның жаратуымен ғана жүзеге асады.
Тірі әулиеден дұға сұрау қандай рұқсат болса, өлген әулиеден дұға сұрау да дәл солай рұқсат. Өйткені әулиенің караматы оның өлуімен тоқтап қалмайды. Бұл — уаһабилер де, шииттер де мойындайтын қағида.
Сондықтан тіріге де, өліге де қойылатын шарт бірдей: ол адамға Аллаһтан тыс, өз алдына дербес құдірет пен тәуелсіз әсер ету күші бар деген құдайлық сипат берілмеуі керек.