July 4

«Уа, Аллаһ Елшісі, әйелдердің күйеуіне қандай құқықтары бар?»

Хазіретті Хаким бин Муғауия әл-Қушайри әкесінен риуаят еткен хадисте: «Мен: «Уа, Аллаһ Елшісі, әйелдердің күйеуіне қандай құқықтары бар?» – деп сұрадым. Ол ﷺ: «Өзің тамақтанатын болсаң оған тамағын бер, өзің киінетін болсаң оны киіндір және бетінен ұрма, балағаттама, үйден басқа жерге қалдырма», - деді». Хадисті Ахмад, Әбу Дәуіт және Ибн Маджа жеткізді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 4347) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(Хазіретті Хаким бин Муғауия әл-Қушайри) кітаптың авторы (яғни, хафиз әт-Тибризи) айтты: «Бухари айтты: «Оның сахабалығына қатысты түрлі көзқарастар бар. Бірақ оның ағасның баласы Муғауия бин Хаким және Қатада одан хадис риуаят етті – Аллаһ оларға разы болсын», (әкесінен риуаят еткен хадисте) кітап авторы әкесінің есімін атамады: («Мен: «Уа, Аллаһ Елшісі, әйелдердің күйеуіне қандай құқықтары бар?» – деп сұрадым. Ол ﷺ: «Өзің тамақтанатын болсаң оған тамағын бер, өзің киінетін болсаң оны киіндір) әт-Тыйби, Аллаһ оны рақымына алсын, айтты: «Пайғамбарымыздың ﷺ (хадисте) үшінші жақтан (ғайба) екінші жаққа (мухатаб) ауысуы – тамақтандыру мен киіндірудің маңыздылығын ерекше атап көрсету мақсатында жасалған. Яғни, қалыпты жағдайда былай деуге болар еді: «ол тамақтандырсын, ол киіндірсін». Бірақ мұндағы «сен тамақтандыр» деген сөйлеу формасы әмбебап мағынада қолданылып тұр – бұл барлық ер адамдарға арналған. Яғни, әрбір күйеу – әйелін өз жағдайы мен шамасына қарай тамақтандыруы және киіндіруі міндет», (және бетінен ұрма) яғни, әйелдің бетін ұруға болмайды. Өйткені бет – адамның ең қадірлі, көрнекті мүшесі. Ол нәзік әрі құрметті органдарды қамтиды. Бірақ егер әйел арсыздық жасаса немесе парыз болған амалдарды тәрк етсе, беттен басқа жерден тәрбие мақсатында ұру рұқсат. «Шарх әс-Сунна» кітабында: «Бұл хадис әйелді беттен басқа жерден ұрудың рұқсат екенін көрсетеді».

Мен (Мулла Әли әл-Қари) айтамын: «Бұл хадис Құрандағы: ﴾(Сонда да қыңырлығын қоймаса, бір жеріне зақым келтіріп алмай ақырындап) ұрыңдар﴿ деген аятты түсіндіреді». Ғалымдар айтты: «Пайғамбар ﷺ адамның бетін ұруға жалпы түрде тыйым салған. Бұл — басқа бір хадисте айтылған болуы мүмкін немесе осы хадистен алынатын жалпы мағына. Өйткені хадисте «бет» деп айтылған, ал «әйелдің беті» деп шектемеген». «Әл-Фәтәуә Қадихан» пәтуә жинағынады: «ер кісі әйелді мына төрт жағдайда ұруға құқылы:

  1. Күйеуі сәнденуді (әсемденуді) қалаған кезде әйелдің әсемденуден бас тартуы;
  2. Әйелі таза болған кезде күйеуі оны жыныстық қатынасқа шақырғанда жауап бермеуі;
  3. Кейбір риуаяттарда – әйелдің намаз оқымауы.
    Бірақ Имам Мұхаммад былай деген:
    «Ол (күйеуі) әйелін намаз оқымағаны үшін ұра алмайды» (дұрысы: ұруға ақысы бар).
    Сондай-ақ, жүніптен немесе хайыздан кейін ғұсыл алмау да – намазды тәрк етумен бірдей есептеледі;
  4. Күйеуінің рұқсатынсыз әйелдің үйден шығуы»,

(... балағаттама) яғни, оған жаман сөз айтпа, сөкпе және «Аллаһ сені қор қылсын» сияқты сөздермен балағаттама, (үйден басқа жерге қалдырма») яғни, одан толықтай теріс айналып, басқа жерге кетіп қалма немесе оны басқа үйге апарып тастама. Өйткені Аллаһ Тағала Құранда былай деген:: ﴾(Айтылған насихаттан нәтиже шықпаса,) олардың төсегінен бөлек жатыңдар﴿ деген аяты (яғни, күйеу әйеліне ренжіп, тәрбие беру мақсатында одан уақытша алшақтаса, оны үйден қуып жіберуге немесе басқа үйге тастауға болмайды. Тек төсекте бөлек жату арқылы алшақтайды)».