Бір адамның басқа адам үшін құрмет ретінде орнынан тұруы жайлы.
Бізге Абдуллаһ ибн Абдур-Рахман, Ғаффан, Хаммад ибн Сәлмәһ, ол Анас (ибн Мәликтің) былай деп айтқанын жеткізді: «Олар үшін ең сүйікті адам – Аллаһтың Елшісі ﷺ болатын. Бірақ олар оны көргенде орындарынан тұрмайтын. Өйткені оның мұны ұнатпайтынын білетін».
Имам Әбу Иса әт-Тирмизи айтты: «Бұл хасан сахих хадис».
Муфти Асғар Әли ар-Раббани әл-Ханафи әл-Матуриди «Джәмиғу әт-Термизи уә әл-мәзһәб әл-Ханафи» (9\43-46) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«Бұл мәселеде Анас пен Әбу Мәджләзден жеткен хадистер арқылы адамның басқа бір адамға орыннан тұруының мәкруһ екені бекітілген. Бұл – Пайғамбарымыздың ﷺ мына сөзіне негізделген: «Кім адамдардың өзіне орнынан тұрып құрмет көрсеткенін қаласа, тозақтан орнын дайындай берсін». Алайда, бұл ескерту – тәкәппар адамдарға, яғни өзіне адамдар орыннан тұрмаса ашуланатын немесе ренжитін адамдарға қатысты. Ал егер бұл сипаттар болмаса, онда бұл тыйымға кірмейді. Өйткені Пайғамбарымыз ﷺ Суфуан ибн Умайя мен Адий ибн Хатим келгенде олардың құрметіне тұрып қарсы алған. Сондай-ақ оның азат еткен құлы Зәйд ибн Хариса және басқалар да оған келгенде орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Аллаһ Елшісі ﷺ қызы Фатима келгенде оған тұратын, Фатима да әкесіне тұрып қарсы алатын. Оған туыс ағасы Джағфар ибн Әбу Талиб те тұрған. Бұл амалдар — орыннан тұрудың әрдайым мәкруһ еместігін көрсетеді. Міне, дәл осыны ханафи мәзһабының ғалымдары да ұстанған:
1. Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуридидің «Мирқату әл-Мафатих» (7\6974) кітабында:
«(Анас (ибн Мәликтің) былай деп айтқанын жеткізді: «Олар үшін) яғни, сахабалар, Аллаһ баршасынан разы болсын, (ең сүйікті адам – Аллаһтың Елшісі ﷺ болатын. Бірақ олар) яғни, барлық сахабалар (оны көргенде) яғни, Ол ﷺ алдарына келгенде (орындарынан тұрмайтын. Өйткені оның мұны ұнатпайтынын білетін») яғни, олар Пайғамбарымыздың Раббысы алдындағы кішіпейілдігі үшін, әрі тәкәппарлар мен менмендердің әдетіне қарсы болғандықтан орындарынан тұрмайтын.
Ол ﷺ болса, орнынан тұру мен отыруда, тамақ ішу мен сусында, киім кию мен жүруде және басқа да іс-әрекеттер мен мінез-құлықта жасандылықсыз араб әдетін сақтауды жөн көрген. Сол себепті мына хадис келген: «Мен және үмбетімнің тақуалары жасандылықтан аулақпыз»
Ат-Тыйби айтты: «Оның ﷺ мұндай нәрсені ұнатпауы – сахабалардың оған деген шынайы сүйіспеншілігімен түсіндіріледі. Бұл махаббат екеуара рухани жақындықты тудырып, ресмилік пен жасандылықты жояды. Бұған жоғарыда айтылған: «Олар үшін ең сүйікті адам – Аллаһтың Елшісі ﷺ болатын».
Имам Әбу Хамид (әл-Ғазали) айтты: «Егер адамдардың арасындағы рухани байланыс толық орнаса, өзара құрметке жататын кейбір нәрселер – мысалы, орнынан тұру, кешірім сұрау, мадақ айту секілді – жеңілдей түседі. Өйткені мұндай әрекеттер сырттай құрмет белгісі болса да, өз ішінде бір бөгделік пен жасандылық бар. Ал махаббат кемеліне жеткен кезде, бұл ресмиліктің бәрі жойылады. Адам досына өзіндей қарайды. Себебі сыртқы әдеп – жүректегі ішкі әдептің айнасы. Ал жүректер махаббатпен тазарып, шынайы байланыс орнаса, онда ішкі сезімді сырттай көрсетудің қажеті қалмайды. Қорытынды: орыннан тұру немесе тұрмау мәселесі – әр кезеңге, адамға және жағдайға байланысты әртүрлі болады. Дұрысын Аллаһ білді».
2. Қазы Юсуф ибн Муса әл-Ханафидің «әл-Муғтасар әл-Мухтасар мин Мушкил әл-Әсар» (2\388) кітабында:
««Адамдардың бір-біріне орындарынан тұруы туралы»: Кәғб ибн Мәликтен жеткен хадисте былай делінеді: «Кәғб тәубе қабыл болғаннан кейін былай дейді: «Мен Аллаһ Елшісіне ﷺ бармақ болып шықтым. Жол бойы адамдар мені топ-топ болып қарсы алып: “Аллаһ сенің тәубеңді қабыл еткені құтты болсын!” – деп құттықтап жатты. Мен мешітке кірдім, қарасам, Аллаһ Елшісі ﷺ отыр екен, айналасында адамдар жиналып отырған. Сол кезде Талха ибн Убайдуллаһ орнынан атып тұрып, маған қарай жүгіріп келіп, қолымды алып құттықтады. Аллаһқа ант етемін, муһажирлердің ішінен менен қуанып, маған тұрып шыққан жалғыз адам – сол болды. Кәғб кейіннен Талха ибн Убайдуллаһтың бұл амалын ешқашан ұмытпайтын». Әл-Худриден риуаят етілген хадисте: «Құрайза руы Сағд ибн Муғаздың үкіміне мойынсұнуға келіскеннен кейін, Сағд олардың үкімін айту үшін келгенде, Пайғамбарымыз ﷺ сахабаларға былай деді: «Мырзаларыңа тұрыңдар!», немесе: «Араларыңдағы ең жақсыларыңа тұрыңдар!»¹.
Әбу Һурайрадан: «Аллаһ Елшісі ﷺ үйіне кірмек болғанда біз орындарымыздан тұратынбыз».
Тағы Әбу Һурайрадан риуаят: «Біз таңғы уақыттарда Аллаһ Елшісімен ﷺ бірге мешітте отыратынбыз. Ол үйіне кетуге тұрған кезде, біз де орындарымыздан тұратынбыз да, ол үйіне кіріп кеткенге дейін тұратынбіз».
Бұл амал Пайғамбарымыздың ﷺ: «Кім адамдардың өзіне орнынан тұрып құрмет көрсеткенін қаласа, тозақтан орнын дайындай берсін» – деген сөзіне қайшы келмейді. Өйткені біз риуаят еткен бұл оқиғаларда Аллаһ Елшісі ﷺ оларға орнынан тұруға рұқсат берген, әрі олар бұл әрекетті өз таңдауларымен жасаған. Яғни, бұл жерде сахабалар мұны өз еріктерімен істеген, ал Пайғамбарымыздың олардан өзін осылай құрметтеуді қалап немесе ұнатқандығы туралы айтылмаған.
Ал аталған хадистегі (яғни: «Кім адамдардың өзіне орнынан тұрып құрмет көрсеткенін қаласа, тозақтан орнын дайындай берсін» деген) ескерту – адамдардың өзіне орыннан тұруын жақсы көретін, соны талап ететін адамның жағдайына қатысты.
Бұл хадистерді үйлестіре отырып, мынадай тұжырым жасауға болады: егер адам өзіне адамдардың орыннан тұруды ұнатпаса, ол рұқсат. Ал егер ол адамдардың өзін құрметтеп тұруды жақсы көретін болса (немесе талап ететін болса) – онда бұл мәкруһ.
Сондай-ақ, Анас ибн Мәликтен риуаят етіледі: «Олар үшін ең сүйікті адам – Аллаһтың Елшісі ﷺ болатын. Бірақ олар оны көргенде орындарынан тұрмайтын. Өйткені оның мұны ұнатпайтынын білетін». – деген.
Одан түсінетініміз – егер олар (сахабалар) Пайғамбарымыздың ﷺ мұны ұнатпайтынын білмегенде, оған орындарынан тұрған болар еді. Ал оның ұнатпауы – оларға бұл нәрсе харам болғандықтан емес, қайта өзінің кішіпейілдігі үшін еді. Бұған дәлел – оның сахабаларға Сағд үшін орындарынан тұруды бұйыруы. Сондай-ақ Талха ибн Убайдуллаһтың Кәғбке Пайғамбарымыздың ﷺ қасында орыннан тұрып қарсы алуы, әрі Пайғамбарымыздың ﷺ оны тыймауы. Сахабалардың бір-біріне орындарынан тұруы – белгілі әрі даусыз нәрсе.
Демек, мәкруһ саналатыны – адамдардың өзіне орыннан тұруды жақсы көруі, ал жай ғана орыннан тұрудың өзі емес. Кейбір дүмше хадисшілер (өздерін хадисші қылып көрсетушілер): «Кім адамдардың өзіне орнынан тұруын қаласа…» деген хадис – бөтен халықтардың көсемдеріне көрсететін әдетіндей, бастарының жанында ұзақ уақыт тұрып, шамадан тыс құрмет көрсетумен түсіндірген. Бірақ бұл дұрыс емес. Өйткені Муғауия Ибн Амрға қарапайым орыннан тұрудың өзін қабыл етпей: «Отыр, уа, Ибн Амр! Мен Аллаһ Елшісінің: «Кім адамдардың толық орнынан тұруын қаласа…» дегенін естідім» – деген. Және бұл оқиғаның өзінде Муғауияға орыннан тұрған болатын. Бұл болса әлгі «дүмше хадисшілердің» жорамалының негізсіз екенін, ал алғашқы айтылған түсіндірудің (яғни, тыйым тәкәппарлықпен орыннан тұруды қалағандарға қатысты екендігін) дұрыс екенін дәлелдейді».
¹Бұл хадис «Сахих» Бухариде келеді: «Сағд ибн Муғазға Бану Қурайз (яһудилер) өздеріне үкім шығаруды тапсырған кезде, Аллаһ Елшісі ﷺ оны шақырады. Ол есекке мініп келеді. Сағд жақындағанда, Пайғамбарымыз ﷺ: «Мырзаларыңа тұрыңдар!» – деді.
Сонда Сағд Пайғамбарымыздың ﷺ қасына келіп отырды. Аллаһ Елшісі ﷺ оған: «Анау адамдар (Бану Қурайза) сенің үкіміңді қабылдауға келісті», – деді. Сағд: «Менің үкімім – олардың еркектері (мұсылмандарға қарсы соғысқа қатысқан жауынгерлері) өлтірілсін, ал әйелдері мен балалары тұтқынға алынып, олжа ретінде бөлінсін», – деді.
Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Шындығында, сен оларға Аллаһ Тағаланың үкіміне сәйкес үкім шығардың», – деді.
3. Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-Ханафидің «Сахих» Бухаридің шархы «Ғумдату әл-Қари» (14\289) кітабында:
«Бұл («Мырзаларыңа тұрыңдар!» деген) хадистен сұлтан мен билеушінің мұсылмандар арасындағы мырзаларын (беделділерін), абырой иелерін ең жоғарғы басшының мәжілісінде құрметтеуге және олардың қасындағыларға, серіктері мен көсемдеріне орындарынан тұрып ілтипат көрсетуге бұйырылған.
Сондай-ақ адамдардың барлығына өз мырзаларына (басшысына) тұруды міндеттеу де бар. Бұл іс Муғауия риуаят еткен хадиске ( «Кім адамдардың өзіне орнынан тұрып құрмет көрсеткенін қаласа, тозақтан орнын дайындай берсін») қайшы келмейді. Өйткені бұл қатаң ескерту — тәкәппарларға, яғни өзіне тұрмағанына ашуланатындарға қатысты.
Әл-Қуртуби былай деген: «Мәкруһ саналатыны – адамның отырған жерінде оған орындарынан тұрып құрмет көрсету».
Біздің кейбір ғалымдар «Пайғамбарымыздың ﷺ: «Мырзаларыңа тұрыңдар!» деген сөзі тек Сағдқа қатысты арнайы үкім еді» деп жорамалдаған. Басқалары: «Бұл – Сағд ауру болғандықтан, оны хайуаннан (жануардан) түсіру үшін айтылған» деп түсіндірген. Бірақ бұл түсіндірудің негізсіздігі айқын.
Суһайли былай деген: «Пайғамбарымыз Суфуан ибн Умайя мен Адий ибн Хатим келгенде оларға тұрып қарсы алды. Сондай-ақ ол өзінің азат етілген құлы Зәйд ибн Харисаға және басқа да адамдарға тұрып қарсы алатын. Қызы Фатима кіргенде, оған тұрып қарсы алатын, ал Фатима да оған тұрып қарсы алатын. Сол сияқты ол немере ағасы Джағфар ибн Әбу Талибке де тұрған».