«Жақсылардың таудай үлкен күнә иелеріне шапағаты үміт етіледі».
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Дау әл-Мәғәли шарх Бәдәи әл-Әмәли» кітабында «шапағат»туралы айтты:
«Жақсылардың таудай үлкен күнә иелеріне шапағаты үміт етіледі».
Бұл жердегі «үлкен күнә» дегеніміз – таудай болған ауыр күнәлар.
«Жақсылық» төрт нәрседе көрінеді: көзқараста, қимылда, сөйлеуде және үндемеуде. Егер көзқарас ғибрат алу үшін болмаса – ол ғапылдық, егер қимыл құлшылық ниетімен болмаса – ол бос солғындық, егер сөз зікір болмаса – ол бос лағу, егер үндемеу ойлану үшін болмаса – ол немқұрайдылық.
Мағынасы, пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер секілді жақсылардың – үлкен күнә иелеріне шапағат етуі – үміт етілген нәрсе. Ал кіші күнәларға келгенде, тіпті одан да зор үміт бар.
Бұл жерде айтылған «үлкен күнәлар», ширктен басқа күнәлар. Өйткені Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: ﴾Ақиқатында, Аллаһ Өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды қалағанын кешіреді﴿ («Ниса» сүресі, 48-аят). Яғни, бұл кешірім шапағат арқылы да, басқа жолмен де жүзеге асады. Әт-Тирмизи мен басқа хадис жинаушылар риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Менің шапағатым — үмметімнің үлкен күнә иелеріне» — деген.
Бұл мәтінде муғтазила ағымына қарсы уәж бар, өйткені олар шапағатты тек дәрежені көтеру үшін болады деп қабылдап, үлкен күнә иелері тозақта мәңгі қалады деп санаған.
Сондай-ақ Ибн Мәджаһның «Сунән» жинағында Осман ибн Аффаннан келген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Қиямет күні үш топ шапағат етеді: пайғамбарлар, одан кейін ғалымдар, одан кейін шәһидтер» — деген.
«Үміт етіледі» деген сөз шапағаттың болу-болмауы күмәнді, яғни ықтимал екендігін меңзеп тұрғандай әсер қалдыруы мүмкін. Алайда шын мәнінде олай емес – шапағаттың болуы ақиқат, бұл сенімді (қатғи) ілім. Өйткені ол жайында көптеген атақты хадистер келген, тіпті олардың саны мутауатирге жақын (яғни, өте көп хадис келген).
Ибн Джамаға айтты: «Адамдар екіге бөлінеді – мұсылман және кәпір. Кәпір — тозақта, бұл – үмметтің ижмасы. Мұсылман да екіге бөлінеді – бойсұнушы және күнәһар. Бойсұнушы — жұмақта, бұл да ижма. Күнәһар екіге бөлінеді – тәубе еткен және тәубе етпеген. Тәубе еткен — жұмақта, бұл да үмметтің бір ауыз пікірі. Ал тәубе етпеген — Аллаһтың қалауында: қаласа кешіреді, қаласа жазалайды».