July 24

Сандалдың үстінен мәсіх тарту мәселесі

Хазіретті Муғира ибн Шуғбадан, Аллаһу Тағала одан разы болсын, риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз ﷺ дәрет алды және екі шұлығына және сандаліне мәсіх тартты».

Шейх Абдул-Хай әл-Ләкнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Ғайату әл-муқал фимә иатағәлләқ би-н-нуғал» (10 бет) кітапшасында хадиске қатысты айтты:

«Біздің асхабтарымыз (яғни, ханафилер) бұл хадиске байланысты үш мәселе айтты:

  1. Хадиске келген сандал сөзін (мәсіх тартуға жарамды қалың) шұлық деп жорамалдады...
  2. Сандалды (мәсі тартуға жарамды) шұлықтың үстінен киді деп жорамалдады. Осы пікірді ат-Тыйби және басқалары таңдады. Шейх Абдул-Хақ әд-Дәһләуй «әл-Мишкәт» кітабының шархында айтты: «Шұлық - мәсі, салқыннан сақтану үшін немесе мәсінің астын тозудан сақтау үшін мәсінің сыртынан киеді. Бұны тағы «джурмуқ» деп те атайды (аяқты қатты салқыннан және мәсіні тозудан сақтауға арналған киізден жасалған біздің байпақ секілді). Хадистің мағынасы: «Әл-Хаттаби айтқаны секілді, сандалды (қалың) шұлықтың үстінен киген және сандалдың өзіне мәсіх жасаумен шектелмей, бәлки (қалың) шұлыққа (немесе «джурмуққа») мәсі жасағанда сандалдың үстінен бірге жасаған (яғни, мәсіх сандалға емес, қалың шұлыққа немесе джурмуққа болған)».
  3. Сандалға мәсі жасаудың үкімі жойылған. Мұны Шейх әд-Дәһләуй әд-Дәримидің «Сунан» кітабынан жеткізеді».