October 18

«Әйел адамға үш күндік жолға махрамсыз шығуы рұқсат емес».

Бізге Ахмад ибн Мәниғ, ол Әбу Муғауиядан, ол әл-Әғмащтан, ол Әбу Салихтен, ол Әбу Саид әл-Худриден Аллаһ Елшісінің ﷺ былай деп айтқаның жеткізді: «Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірген әйелге үш күндік немесе одан да ұзақ сапарға шығуы рұқсат емес, тек егер онымен бірге әкесі, не ағасы, не күйеуі, не баласы немесе махрам ер кісі болса ғана».

Бұл мәселеде Әбу Һурайрадан, Ибн Аббастан және Ибн Омардан да риуаяттар келген.

Имам әт-Тирмизи айтты: «Бұл хадис – хасан сахих».

Муфти Асғар Әли ар-Раббани әл-Ханафи әл-Матуриди «Джәмиғу әт-Термизи уә әл-мәзһәб әл-Ханафи» (4\424) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«Бұл мәселеде (яғни әйел адамның сапары жайлы) осы тарауда келтірілген Әбу Саидтің хадисімен және Әбу Һурайраның хадисімен — әйелдің жалғыз сапарға (яғни, 80-90 км. қашықтыққа) шығуы мәкруһ екендігі бекітілген. Бұл қажылық, умра немесе басқа кез келген сапар болсын — бәріне ортақ үкім.

Ал Пайғамбарымыздың ﷺ мына сөздері: «Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірген әйелге ...» дегені — бұл тахрим мәкруһ (яғни харам дәрежесіне жақын тыйым екенін) білдіреді. Егер әйел мен Мекке арасындағы қашықтық үш күндік (яғни, 80-90 км. қашықтығындағы) жол болса, ол сапарға шығуға рұқсат етілмейді. Ал үш күннен (яғни, 80-90 км-ден) аз болса — рұқсат етіледі.

Біздің ханафи мазһабының ғалымдары да осы пікірде.

«Мухтасар ихтиләф әл-Ғулама» (2\57-58) кітабында: «Әйел адам махрамсыз қажылыққа шыға ала ма?» — Біздің ғалымдарымыз бен әл-Хасан ибн Хаий бұл сұраққа: «Жоқ, әйел адам тек өзімен бірге туысқан махрам ер кісі болса ғана қажылыққа бара алады», — деп жауап берген.

Сондай-ақ Нәфиғ Ибн Омардан мына хадисті жеткізеді: «Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Әйел адамға үш күндік жолға махрамсыз шығуы рұқсат емес».

Ибн Аббас жеткізеді: Пайғамбарымыз ﷺ (мінберде) былай деді: «Әйел адам махрамсыз сапарға шықпасын. Және оған махрам болмаған ер адамның кіруіне де болмайды». Сонда бір кісі орнынан тұрып:
— Уа, Аллаһтың Елшісі! Мен Табук жорығына қатысу үшін жазылып қойған едім, ал әйелім қажылыққа барғысы келеді. Мен не істейін? — деді.
Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Әйеліңмен бірге қажылыққа бар», — деді».

Имам әс-Сарахсидің «әл-Мабсут» (4\110-111) кітабында: «Әйел қажылыққа ихрам кигенімен, егер онымен бірге шығатын күйеуі, махрамы болмаса — ол «мухсар» (яғни қажылыққа баруға кедергісі бар) үкімінде болады. Бұл біздің мәзһабтағы: «Әйел адамға күйеуі немесе махрамы болмаса, қажылық сапарына шығуына болмайды» дегенге негізделген.

Бұл мәселедегі біздің дәлеліміз — Ибн Аббастан (Аллаһ одан разы болсын) келген хадис Пайғамбар ﷺ: «Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірген әйелге үш күн және түннен артық сапарға күйеуімен немесе өзінен болған туыс махрам ер адаммен бірге болмаса, шығуы рұқсат емес». Сонда бір кісі тұрып:
— Мен пәленше жорыққа қатыспақ едім, ал әйелім қажылық жасағысы келеді. Не істеуім керек? — деп сұрады.

Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Онымен бірге шық, оны жалғыз қалдырма», — деп бұйырды»».

Имам әл-Маусилидің «әл-Ихтияр лил-Тағлил әл-Мухтар» (1\140) кітабында: «Әйел адам қажылыққа тек күйеуімен немесе махрамымен ғана шыға алады, егер бұл сапар қашықтығындағы жол болса». Себебі Пайғамбарымыз ﷺ былай деген: «Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірген әйелге үш күн немесе одан да ұзақ жолға күйеуімен немесе туыс махрам ер адам болмаса, шығуына болмайды».

Имам аз-Зайлағидің «Табйин әл-Хақаиқ» (2\5) кітабында: «Әйел адамның сапарға шығуы үшін күйеуі немесе махрамы болуының шарты — егер жол үш күндік немесе одан ұзақ болса — мына хадиске негізделеді: «Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірген әйелге үш күндік немесе одан да ұзақ сапарға шығуына болмайды, тек егер онымен бірге әкесі, не ағасы, не күйеуі, не баласы немесе махрам ер кісі болса ғана» (хадисті риуаят еткен — Муслим және Әбу Дәуд).

Тағы бір риуаятта былай делінеді: «Әйел адам үш күндік жолға махрамсыз шықпасын» (хадисті Риуаят еткен — Муслим)»».

Солай біздің барлық дерлік фиқһ кітаптарымызда келген.