July 19

Сәлем беруге мәкруһ саналатын орындар мен жағдайлар.

Шейх (ән-Нәхләуи атымен танымал) Халил ибн Абдул-Қадир әш-Шәйбани әл-Ханафи өзінің «әд-Дурару әл-Мубаха фи Хазр уә әл-Ибаха» (511 бет) кітабында айтты:

Сәлем беруге мәкруһ саналатын орындар мен жағдайлар. Олардың қатарына мыналар жатады:

  • намаз оқып тұрған адамға;
  • Құран оқып отырған адамға;
  • хадис айтып отырған адамға;
  • құтпа оқып тұрған адамға;
  • оларды тыңдап отырған адамдарға;
  • фиқһты қайталап (дәрісін қайталап) отырған адамға;
  • адамдардың арасындағы дауларға үкім шығарып отырған адамға;
  • шариғи ілімді талқылап отырғандарға;
  • азан айтып тұрған азаншыға;
  • қамат айтып тұрған адамға;
  • дәріс беріп тұрған ұстазға;
  • намаз оқу немесе зікір тарту үшін отырған адамға;
  • қажетін өтеп отырған адамға;
  • тамақ жеп отырған адамға (егер тамағы ауызында болса);
  • күнәсін ашық жариялайтын пасыққа (оны қорлап, күнәсі үшін кемсіту мақсатында сәлем берілмейді);
  • бөтен жас қыздарға;
  • шариғатта рұқсат етілмеген ойынмен айналысып отырған адамға;
  • ғайбат айтып отырған адамға;
  • ән айтып отырған әншіге (өйткені ол адамдарды үлкен күнәға жинаушы);
  • көгершін ұшыратын адамға (өйткені көгершінді ұшыру үшін үйдің төбесіне шығып, сол жерден көрші үйлерге көз салады);
  • қалжыңқой қарияға;
  • өтірікшіге;
  • бос сөзбен айналысып отырған адамға;
  • адамдарды балағаттап отырған адамға;
  • бөтен әйелдерге қарап отырған адамға, егер олардың тәубе еткені белгілі болмаса;
  • жұбайымен жақындасып жатқан адамға;
  • әуреті ашық адамға;
  • дәрет сындырумен айналысып отырған адамға;
  • қалғып отырған адамға;
  • ұйықтап жатқан адамға;
  • моншада отырған адамға.

Сәлем беру шариғатта рұқсат етілмейтін барлық жағдайда оған жауап беру де міндет болмайды. Тек пасық адамнан басқа. Өйткені ол сәлем берсе, оған жауап беру міндет болады.

Сондай-ақ:

  • баланың;
  • мас адамның;
  • жынды адамның;
  • «Сәләм әлейкум» (деп мим әрпін сукунмен айтатын) адамның

сәлеміне жауап беру міндет емес.

Ал «Сәләмуллаһи аләйкум» («Алланың сәлемі сендерге болсын») деген сөз — сәлемдесу емес, жай ғана дұға болып саналады.

Сондай-ақ қажеттілік болмаса, зиммиге (Ислам мемлекетінде тұратын мұсылман емес адамға) бірінші болып сәлем беру мәкруһ. Ал егер қажеттілік болса, онда оның еш әбестігі жоқ.