October 11

Дүниелік нәрседен айырылып қалудан қорқу мәселесі.

«Қырық бесінші — дүниелік нәрседен айырылып қалудан қорқу. Бұл — жүректің тарыла түсуі, яғни қандай да бір дүниелік жамандыққа ұшырап қалам ба деген жағымсыз сезім. Бұл — қайғыдан өзгеше, өйткені қайғы өткен іске қатысты, ал қорқыныш — болашаққа байланысты.

Бұл қорқыныш үш түрлі болуы мүмкін: Кедейліктен қорқу, ауру-сырқаудан қорқу, бір жаратылғаннан зиян көрем бе деген қорқыныш.


Кедейліктен қорқу: Бұл — өте сөлекет және сөгіске лайық сезім. Өйткені кедейлік – салих (тақуалы) құлдардың белгісі. Ол – Аллаһтың нығметі әрі бақыттылықтың нышаны. Олай болса, одан қорқу немесе оны бір бәле, қиындық деп білу – орынсыз. Тіпті егер оны қиындық деп есептесек те, бұл – Аллаһ Тағалаға жаман ойлау болады.

Аурудан қорқу: Рахат өмірден айырылып қаламын деген оймен болса – бұған қарсы ем: рахат бәрібір өтпелі екенін түсіну, ол ерте ме, кеш пе бәрібір кетеді. Әдеттегі ғибадатты орындай алмай қаламын, соның салдарынан сауаптан қағыламын деген оймен болса – бұл — надандық.

Себебі хадисте келген: «Адам ауырса, оған дені сау кезінде үйреншікті түрде істеп жүрген амалдарының сауабы толық жазылады». Тіпті егер ол сабыр етсе, сауап бұдан да арта түседі. Өйткені басқа бір риуаятта айтылғандай: «Қиямет күні бәле-жалаға ұшыраған адамдарға берілетін мол сауапты көргенде, дені сау болғандар: «Шіркін, біздің де теріміз қайшымен тілініп, азапқа түссек қой», – деп армандайтын болады».

Ал үшінші түрі – жаратылған (адам немесе басқа бір пенде) тарапынан келетін жамандыққа ұшыраудан қорқу. Оның емі: Егер біреудің зиян келтіруі сенің бір әрекетіңнен болса – тоқтат, егер ол істі тоқтату дінге зиян келтірмесе¹.

Ал егер ол істі тоқтату мүмкін болмаса немесе тоқтатқан жағдайда дінге зиян келтіретін болса, онда адам өзін тағдырға дайындауы керек, өйткені тағдырда жазылған нәрсе міндетті түрде болады, ажал – бір ғана уақыт, сондай-ақ дүние нығметтері — өтпелі көлеңке, ұйқыда көрген түс секілді ғана».

¹Мысалы ақиқатты айту: Адам бір әділетсіздікке қарсы шығып, ақиқатты айтты, бірақ бұл сөз ықпалды адамға ұнамай қалуы мүмкін, ол оған зиян тигізеді деп қорқады: Егер үндемеу немесе сабыр сақтау дінге зиян келтірмесе – үндемей қалады. Бірақ егер ақиқатты айту шариғат бойынша уәжіп болған болса (мысалы, зұлымдықты тоқтату), онда ақиқатты айтуы керек, тіпті өзіне зиян келуі мүмкін болса да – өзін тағдырға тапсыру керек. Себебі зиян келсе де, тиетін нәрсе – бәрібір тағдырмен.

Фақих, шейх (ән-Нәхләуй атымен танымал) Халил ибн Абдул-Қадир әш-Шәйбани әл-Ханафи, «әд-Дурар әл-Мубаха фи әл-Хазр уә әл-Ибаха», 432 бет.