Сонда мен: “Уа, Раббым! Бұлар – менің сахабаларым ғой!” – деймін. Сонда маған: “Расында, сенен кейін олардың не жаңалықтар енгізгенін білмейсің», – делінеді. Сонда мен: «Менен кейін (дінін) өзгерткендер алыстатылсын, алыстатылсын!» – деймін».
Пайғамбар ﷺ айтты: «Мен сендерден бұрын хауз жанында тұрамын. Сол жерде менің алдымнан кейбір адамдар қуылып шығарылады. Сонда мен: “Уа, Раббым! Бұлар – менің сахабаларым ғой!” – деймін. Сонда маған: “Расында, сенен кейін олардың не жаңалықтар енгізгенін білмейсің», – делінеді. Сонда мен: «Менен кейін (дінін) өзгерткендер алыстатылсын, алыстатылсын!» – деймін». Сахих әл-Муслим.
Муфти Мухаммад Тақи әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди «Тәкмилату Фатху әл-Мулһим» (4\437) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«Ғалымдардың хадисте айтылған, хаузға келулеріне тыйым салынған адамдардың кімдер екендігі жайында пікірлері әртүрлі болған:
1. Олар — Әбу Бәкірдің (Аллаһ одан разы болсын) халифалығы кезінде діннен қайтқандар (муртадтар). Әбу Бәкір оларға қарсы соғысқан. Бұл көзқарасты хадис шарыхтаушылардың көбі таңдаған. Бұны Әсманың (Аллаһ одан разы болсын) мына сөздері де қуаттайды: «Аллаһпен ант етемін, олар сенен кейін бұрынғы діндеріне қайта оралды». Сондай-ақ Әбу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) келген хадисте: «Олар Исламнан кері бұрылды» — деп айтылған (әл-Бухари, хадис №6585).
Бұл хадиске Қабиса осылай түсіндірме берген, және бұл әл-Бұхаридің әл-Фарабри нұсқасында түсіндірме ретінде келген. Исмағили Қусәйбадан бұл хадисті толық түрде жеткізген. Хадистің риуаятымен келген адам тарапынан жасалған түсіндірме — өзгелердің сөзінен артық саналады.
Алайда бұл жерде Пайғамбарымыздың ﷺ: «Менің сахабаларым! Менің сахабаларым!» — деп айтуы кейбіреулерге күмән тудыруы мүмкін. Себебі діннен қайтқандар (муртадтар) — шариғатта сахаба деп аталмайды.
Бұл күмәнға мынадай жауап берілген: Аллаһ Елшісі ﷺ оларды өзінің көзі тірісінде Исламда болған халдеріне қарап «сахабаларым» деп атауы мүмкін. Яғни:
- не Ол ﷺ олардың кейін муртад болғандарын білмеген;
- не олардың кейбірінің ғана діннен қайтқанын білген;
- немесе алғашында білгенімен, хауыз басында үмбетіне деген өте қатты жанашырлығынан ол жайт есінен шығып кеткен.
Ал оған олардың не істегені айтылғанда, Пайғамбар ﷺ олардан бас тартады.
2. Олар — Пайғамбарымыздың ﷺ заманында өмір сүрген екіжүзділер (мұнафықтар). Оларға «сахабалар» деген атаудың қолданылуы — олардың сырттай мұсылман болған кейіпіне қарай бағаланған. Алайда бұл көзқарасты қабылдау үшін мынадай жорамал жасалуы керек: Аллаһ Елшісі ﷺ кейбір мұнафықтардың шын халін білмеген. Бірақ бұл пікірге сын көзбен қарауға негіз бар.
Сондай-ақ бұл көзқарасқа хадистегі мына сөйлем де қарсы келеді: «Сенен кейін олардың не істегенің білмейсің» — бұл сөз олардың тозаққа лайық істерді Пайғамбарымыздың ﷺ өмірінен кейін жасағанын көрсетеді.
3. Олар — ислам дінін ұстанған күйі дүниеден өткен, бірақ үлкен күнә немесе бидғат иелері. Бұл көзқарас бойынша, олар хауздан әуелде жаза ретінде қуылады, кейін оларға рақым көрсетіледі.
Алайда бұл жорамал да хадистің сыртқы мағынасына қайшы келеді. Себебі:
- Бидғат иелері Пайғамбарымыздың ﷺ өмірінен кейін пайда болған.
- Ал хадисте олар жайында «менің сахабаларым» деп айтылған.
Бұл қиындыққа мынадай жауап берілген: «сахаба» сөзі мұнда жалпы мағынада қолданылған болуы мүмкін, яғни Пайғамбарды ﷺ бір көрген немесе бірге болған кез келген адам жайлы. Алайда бұл жорамалға да қарсы дәлел бар.
Себебі имам Ахмад пен ат-Табаранидің Әбу Бакрадан (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадисінде былай делінеді:
«Маған хаузға мені көрген және маған серік болған адамдардан (яғни шынайы сахабалардан) бір топ келеді».
Бұл хадистің иснады — хасан (жақсы), және ол «Фатху әл-Бәрри» кітабында, «Қалайша махшарға жиналады» атты тарауда (11-том, 385-бет) келтірілген.
Сондай-ақ тағы бір маңызды дәлел бар: Пайғамбарымыздың ﷺ «алыстатылсын, алыстатылсын!» (سحقاً سحقاً) деген сөзді айтуы — ешбір мұсылманға, тіпті ол күнәһар не бидғатшы болса да, жараспайды. Сондықтан бұл пікірдің дұрыстығы күмәнді.
Сондықтан бұл хадиске қатысты ең дұрыс түсіндірме — бірінші көзқарас. Яғни, онда меңзеліп тұрғандар — Әбу Бәкірдің (Аллаһ одан разы болсын) дәуірінде діннен қайтқандар (муртадтар)».