August 24

Фасху ан-Никах.

Муфти Мухаммад Тақи Усмани: Мұсылман емес елдердегі ислам орталықтары арқылы мұсылман әйелдің некені бұзуы (фасху ән-никах) мәселесі

Аудармашының алғы сөзі

Azan.ru ислам порталындағы оқырмандар назарына біз қазіргі заманның көрнекті ғалымы, муфти шейх Мухаммад Тақи Усмани حفظه الله تعالى жазған бір маңызды зерттеудің аудармасын ұсынып отырмыз. Бұл еңбек мұсылман емес елдерде қазы (шариғи сот) болмаған жағдайда мұсылман әйелдің қандай жолмен «фасху ан-никах» – некені шариғат бойынша бұзу амалын жүзеге асыра алатынын қарастырады. Мұндай жағдайлар өмірде кейде өте зәру болып жатады.

Фасху ан-Никах – ер кісі әйелінің хақыларын бұзып, бірақ талақ бермей қойған жағдайда әйелдің некені бұзу туралы талабымен басталатын, шариғат бойынша бекітілген рәсім. Классикалық ислам құқығында мұндай жағдайда әйел шариғат қазына жүгінуге құқылы. Қазы жағдайды қарап, қажеттілік негізінде неке байланысын бұза алады.

Бүгінгі таңда әйелдің мұндай жолмен некені бұзуға мұқтаж болатын жағдайлары сөзсіз кездеседі. Автор бұл туралы былай дейді:
«Мысалы, күйеуі із-түзсіз жоғалып кетсе, белсіз болса, есінен айырылса, әйеліне материалдық қамтамасыз етуден бас тартса немесе оған көтере алмайтын зиян келтірсе, әйел фасхқа мұқтаж болуы мүмкін». Бірақ, мұсылман емес елдерде шариғи қазы жоқ. Мұндайда әйел не істеуі керек? Кімге жүгінуі керек? Шариғатқа сай, оның некесін бұза алатын құзыретті орган кім болмақ? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға муфти шейх осы еңбегінде жауап береді.

Ахмад Абу Яхья әл-Ханафи


Кіріспе

Барлық мақтау бүкіл жаратылыстың Раббысы болған Аллаһқа болсын!
Ал Аллаһтың сәлемі мен игілігі – құрметті пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мен сахабаларына және Қияметке дейін оларға шынайы ілескендердің бәріне болсын.

Ақиқатында, қазіргі таңда көптеген мұсылман әйелдер мұсылман емес елдерде өмір сүруде. Ол жерлерде шариғат үкімдерін жүргізетін қазы болмағанымен, түрлі даулы мәселелерді шешуде, әсіресе шариғатқа сай себептермен күйеуімен неке қатынасын бұзғысы келетін әйелдер үшін, ондай лауазымды адамның қажеттілігі айқын сезіледі.

Осы мәселеге қатысты Ислам әлемі лигасының Мекке мухтарам қаласындағы фиқһ бөлімінің бас хатшылығына мұсылман емес елдегі бір ислам орталығынан сұрақ келіп түсті.

Сұрақ мынадай болды:
«Мұсылман әйелдің күйеуімен некені бұзу (фасх ан-никах) үшін мұсылман емес елдің зайырлы сотына жүгінуіне бола ма? Ал егер ислам орталығы шариғат сотының орнын басып, шариғатқа сай себеппен әйелдің некесін бұзатын болса, бұл дұрыс бола ма?»

Фиқһ бөлімі бұл сұрақ бойынша келесі мәжілісте қаралуы үшін маған жауап дайындауды тапсырды. Осы еңбектің мәтіні сол сұранысқа жазылған менің жауабым болып табылады. Тауфиқ тек Аллаһтан.

1. Әйелдің некесін мұсылман емес сот арқылы бұзу туралы Шариғат үкімі

Бұл мәселеге келсек, шариғат бойынша мұсылман әйелдің некесін зайырлы (мұсылман емес) соттың бұзуы жарамсыз. Бұл үкімнің негізі – Аллаһ Тағаланың мына сөздері:

﴾وَلَن يّجْعَلَ ٱللَّهُ لِلْكَافِرِينَ عَلَى ٱلْمُؤْمِنِينَ سَبِيلًا﴿
Мағынасы: ﴾Сондай-ақ Аллаһ кәпірлердің мүміндерден үнемі үстем болуына жол бермейді﴿ («ан-Ниса» сүресі, 141-аят).

Сондай-ақ, Аллаһ Тағаланың мына сөзі де дәлел:

﴾يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَتَّخِذُوا الْكَافِرِينَ أَوْلِيَاءَ مِن دُونِ الْمُؤْمِنِينَ أَتُرِيدُونَ أَن تَجْعَلُوا لِلَّـهِ عَلَيْكُمْ سُلْطَانًا مُّبِينًا﴿
Мағынасы: ﴾Уа, иман келтіргендер! Мүміндерді былай қалдырып, кәпірлерді сырлас, дос тұтпаңдар﴿ («ан-Ниса» сүресі, 144-аят).

Имам Әбу Бакр әл-Джассас (Аллаһ оны рақымына бөлесін) бұл аятқа былай түсініктеме береді:

«Бұл аяттан кәпірлерден көмек сұрауға, оларға сенуге және істерді тапсыруға тыйым екені ұғынылады. Бұл – кәпір адамның мұсылмандардың ісіне басқаруға еш құқы жоқ екенін білдіреді».

Сондай-ақ, барлық фиқһ ғалымдары арасында мына мәселе бірауыздан қабылданған: мұсылман емес адам шариғаттағы қазы бола алмайды, оның шешімі мұсылман үшін жарамсыз.

Имам Ибн Рушд (Аллаһ оны рақымына бөлесін) былай дейді:

«Қазы тағайындауда бірқатар шарттар бар. Олар уәлиге қойылатын шарттармен бірдей: ақыл есі бүтін, балиғат жасына жеткен, ер және азат мұсылман болуы керек. Осы алты шарттың бірі болмаған адам қазы бола алмайды».

«Әл-Маджмуғ шәрх әл-Мухәззәб» атты еңбекте:

«Қазы – кәпір, ашық күнәһар, құл немесе кәмелетке толмаған болмауы керек».

Аш-Шируани (Аллаһ оны рақымына бөлесін) былай дейді:

«(Қазы болуға қойылатын шарттар) – яғни, оны тағайындауға рұқсат беретін шарттар: мұсылман болуы. Кәпір бұл қызметке тағайындалса да, оның шешімдерін орындау міндетті емес. Мұсылмандар оған жүгінуге және үкімін орындауға міндетті емес, тек өзара үкімге келіссе, соған амал етсе болады».

Ибн Қудама (Аллаһ оны рақымына бөлесін) былай жазады:

«Қазы – ақылы бар, баслиғат жасына толған, азат, тақуа мұсылман болуы керек...».

«Әл-Фәтәуә әл-Һиндияда» былай делінеді:

«Қазы – куәгерге қойылатын шарттарға сай адам болу керек. «әл-Һидаяда» айтылғандай: Ислам, таклиф (мойнына парыз амалдар жүктелген), азат және т.б.».

Ибн Әбидин (Аллаһ оны рақымына бөлесін) былай деп қорытындылайды:

«Қысқасы, куәгерге қойылатын шарттар – Ислам, ақыл, баслиғат ажсына толу – қазыға тағайындалу үшін де, шешімінің жарамды болуы үшін де негізгі шарттар болып табылады».

Осының негізінде мынадай үкім шығады: мұсылман әйелдің күйеуімен некесін бұзу мақсатында зайырлы сотқа жүгінуіне рұқсат етілмейді. Егер ол ондай сотқа жүгінсе, шариғат тұрғысынан оның некесі бұзылды деп саналмайды.

Алайда, егер ол әуелі шариғат бойынша некесін бұзған болса, содан кейін шариғи үкімнің жүзеге асуы үшін зайырлы заңнамаға сай сотқа барудан басқа жол қалмаса – онда бұл амалға рұқсат беріледі. Бірақ мұндай жағдайда бұл – зайырлы сот шешімімен тіркелген факт қана болады, шариғаттық некені бұзу емес.

Мұсылман емес елдерде «орталық» деп, әдетте, мешітті, Исламды оқыту курстарын, кітапхананы және т.б. қамтитын мекеме аталады. Біздің жағдайымызда бұған муфтияттар, қазияттар, мешіттер, ғалымдар кеңестері және т.б. жатады. (Аудармашының ескертпесі)

Енді екінші сұраққа келейік:

Яғни, мұсылман емес елдердегі ислам орталықтарының (біздің жағдайымызда бұған муфтияттар, қазияттар, мешіттер, ғалымдар кеңестері және т.б. жатады. (Аудармашының ескертпесі)) мұсылман әйел мен оның күйеуі арасындағы некені шариғат негізінде бұзу мәселесінде шариғат сотының рөлін атқаруына рұқсат етіле ме?

Жауап:
Некеге қатысты негіз – неке ісі ер адамның (күйеудің) қолында. Әйелдің өз еркімен ажырасуына немесе некені бұзуына рұқсат жоқ. Алайда, кейбір жағдайларда әйел шариғат қазысына жүгініп, қазы, шариғат берген өкілеттігі негізінде, бұл некені бұзуы мүмкін. Кейбір мәселеде фақиһтар арасында пікірталас бар болса да әйел некені бұзу үшін қазыға жүгіну себептері белгілі. Мысалы, күйеуінің хабарсыз кетуі, белсіздігі, ақыл-есінің ауытқуы, әйелін асыраудан бас тартуы немесе оған төзе алмайтындай зиян келтіруі.

Бірақ, Ханафи, Шәфиғи және Ханбали мазһабтарының үкімі бойынша, некені міндетті түрде шариғат қазысы бұзуы тиіс. Мен бұл мазһабтардың ешбірінде бұл өкілеттікті қазыдан басқа біреуге беруге рұқсат еткен ғалымды таппадым. Яғни, бұл мазһабтарда шариғат қазысы жоқ елдерде тұратын әйелдердің жағдайы шешілмей қалайын деп тұр. Төрт мазһабтың ішінде бұл мәселені шешетін жалғыз мазһаб – Мәлики мазһабы. Бұл мазһабта мұсылмандардың бір тобы (жамағат) даулы мәселелерде шариғат қазысы жоқ жағдайда қазының орнын басып, үкім шығара алады деп бекітілген. Мәлики мазһабы кітаптарында бұл үкім барлық сот істеріне қатысты екені ашық айтылған.

Ғұлама ад-Дусуки (Аллаһ оны рақымына бөлесін) былай дейді:

«Біл, егер қазыға жүгіну мүмкін болмаса немесе қазы әділ¹ болмаса, онда бірнеше әділ мұсылман қазының міндетін атқара алады».

¹Мұнда меңзеліп тұрғандар – ашық түрде үлкен күнә жасамайтын әрі кіші күнәға табандылық танытпайтын адамдар. (Аудармашының ескертпесі)

Бұл сөздерден мұсылмандардың бір тобы тек мұсылман емес елдерде ғана емес, мұсылман елінде де, егер шариғат қазысы әділ болмаса немесе онымен байланысу мүмкін болмаса, қазы рөлін атқара алатыны байқалады. Сонымен қатар, бұл топ тек кейбір істерде емес, барлық сот істерінде үкім шығара алады, тек шариғат қазысына жүгіну мүмкін болмаған жағдайда.

Сол себепті, Мәлики мазһабының фақиһтары мұсылмандар тобының үкімін қазының үкімімен тең дәрежеде қарастырған.

Мысал келтірейік:

Әл-Хаттаб (Аллаһ оны рақымына бөлесін) былай дейді:

«Із-түзсіз кеткен күйеудің әйелі қазыға, жазалаушы сотқа немесе зекет жинаушы қызметкерге жүгінеді. Егер олар жоқ болса, мұсылмандардың бір тобына жүгінеді».

«Хашия әл-Адауи» атты кітапта былай делінеді:

«(Ол уәкілетті адамға жүгінуі керек). Уәкілетті дегеніміз – неке істерімен айналысатын немесе басқа да салалардағы қазы. Ең дұрысы – қауымның қазысы немесе «уәли» (яғни, шариғи бас сот), немесе «уәли әл-мәә» (зекет жинаушы шенеунік). (...) Үшеуінің үкімі де бірдей. Бірақ қауымның қазысына жүгіну қауіпсізірек. Егер әйел жоғарыда аталғандардың ешбірін таба алмаса, онда мұсылмандар тобына жүгінуі керек».

«әл-Фәуәқиһ әд-Дәуәни» кітабында:

«Автор (әйел кімге жүгінуі керек екенін) ашық айтпаған. Біз Халилдің көзқарасын келтірдік: ол – қазы, уәли немесе мұсылмандар тобы».

Әл-Мәууәк былай жазады:

«Әл-Қабиси және Қарауин мешітінің басқа ғалымдары былай деген:
«Егер әйел шариғат басшысы жоқ елде тұрса, онда күйеуін білетін тақуа көршілеріне жүгінуі керек. Олар төрт жыл күту мерзімін белгілейді, содан кейін әйел жесірдің иддасын күтіп, қайта күйеуге шығуына рұқсат етіледі. Себебі, басшы болмаған жағдайда мұсылман қауымының үкімі шариғат басшысының үкімін алмастырады».

Имам ад-Дардир (Аллаһ оны рақымына бөлесін) «әл-Илә» тақырыбында былай жазады:

«Мәселенің түйіні: мерзім біткен соң, оған (күйеуіне) әйелге мәһр төлеу бұйырылады. Егер ол бас тартса, ажырасу бұйырылады. Егер ол да орындалмаса, онда әйелді қазы немесе мұсылмандар тобы ажыратады».

Имам ад-Дардир (Аллаһ оны рақымына бөлесін) қамқоршы тағайындау мәселесінде былай жазады:

«Истихсан бойынша ғұрып шариғаттың анық мәтінімен салыстырылады. Көптеген ауылдық жерлерде (тек ауылда ғана емес), әке қайтыс болғанда, балаларға қамқоршы жөнінде ешқандай өсиет қалдырмайды, өйткені ол өзінің бауырына, көкесіне немесе атасына сенім артады. Осы туыстар балаларға қамқоршы болады. Олар (жетімдердің) мүлкін, барлық шарттар орындалса, сата алады және ондай мәмілелер жарамды деп есептеледі, бұзылуға жатпайды. Бірақ, бұл істерді атқарушы адамның мейірімділігімен және жақсы тәрбиесімен танымал болуы міндетті. Егер ондай болмаса, онда шариғат қазысына немесе мұсылмандар тобына жүгіну қажет».

Ғұлама ад-Дусуки (Аллаһ оны рақымына бөлесін) «кепіл болу» (аль-кафаля би ан-нафс) мәселесінде де мұсылмандар тобы қазы рөлін атқара алатынын жазады. Ол айыпталушыны әділ сот жүргізе алатын қалаға жеткізу жайында сөз қозғайды.

Имам былай дейді:

«Оның “егер ол жерде қазы болса” деген сөзі: ол қалада әділеттілік орнайтын болса, ол жерде қазы бар ма, жоқ па – бәрібір. Егер қазы жоқ болса, оның міндетін мұсылмандар тобы атқарады».

Сондай-ақ имам (Аллаһ оны рақымына бөлесін) былай дейді:

«Із-түзсіз кеткен адамның жағдайына қатысты мәселелердің бірі – әйелінің асыраусыз қалуына немесе күйеуінің төсек қатынасынан бас тартуы салдарынан зиян шегуіне байланысты некені бұзу. Бұл некені тек қазы ғана бұза алады – егер оған тікелей немесе басқа жолмен жүгіну мүмкін болса және ол, мысалы, некені бұзу үшін пара алмайтын болса. Ал егер мұндай мүмкіншілік жоқ болса, онда бұл міндетті мұсылмандар тобы атқарады».

Осы келтірілген дәйектерден мәлики мазһабы фақиһтарының шариғат қазысы қажет болатын барлық мәселелерде, әділ қазы болмаған жағдайда, оның өкілеттігін мұсылмандар қауымына тапсыруға рұқсат бергені анық байқалады.

Бүгінгі күні мұсылман емес елдерде өмір сүретін мұсылмандар үшін бұл көзқарас – сөзсіз бір үлкен жеңілдік. Қазіргі таңда көптеген мұсылмандардың мұсылман емес елдерге қоныс аударғаны белгілі. Бұл елдерде өз мәселелерін шешу үшін шариғат қазыларына жүгінуге олардың мүмкіндігі жоқ. Тіпті, көптеген мұсылман елдерінің өзінде де қазіргі сот жүйесі шариғат заңдарына негізделмейді.

Әсіресе бұл мәселе мұсылман емес елдерде тұратын әйелдер үшін өте өзекті. Олар көбінесе күйеулерінен зәбір көріп жатады, жақын туыстары жоқ, ал шариғат бойынша зайырлы соттарға жүгінуге рұқсат жоқ. Егер бұл жағдайда біз мәлики мазһабының көзқарасын қабылдамайтын болсақ, онда ондай әйелдер шынымен-ақ төзгісіз қиындық пен азапқа тап болар еді.

Бұл мәселеде мәлики мазһабының көзқарасын сенімді заманауи фиқһ ғалымдары да ұстанған. Үндістанда британдық отарлау кезеңінде осындай қажеттілік туындаған болатын. Өйткені отаршыл билік шариғат соттарын жойып, мұсылмандар арасындағы дауларды, соның ішінде отбасылық мәселелерді де, мұсылман емес соттарға шешкізе бастады. Сол кезеңде Үндістандағы мұсылмандардың басым бөлігі ханафи мазһабын ұстанатын. Соған қарамастан, ханафи фақиһтары бұл мәселеде мәлики мазһабының үкімі бойынша пәтуа берген.

Мәуләнә шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуи (Аллаһ Тағала оны рақымына бөлесін) бұл туралы «әл-Хиля ән-Наджиза ли әл-Халиля әл-Аджиза» атты жеке еңбек жазған. Ол осы кітапты жазу барысында мәлики мазһабындағы көптеген муфтилермен кеңескен. Шейх олардың пікірімен келісіп, мұсылмандар қауымы мұндай елдерде шариғат қазысының міндетін атқара алады және шариғатқа сай себептермен мұсылман әйелдің некесін бұзуға құқылы деп пәтуа берген. Үндістандағы бүкіл ғалымдар бұл мәселеде онымен келісіп, осы кітапта өз келісімдерін білдірген.

Мәлики мазһабының үкіміне және заманауи сенімді ғалымдардың келісіміне сүйене отырып, менің пікірімше, мұсылман емес елдердегі ислам орталықтары бұл іспен айналысатын арнайы топтар құруы қажет. Алайда бұл топтар шариғат қойған барлық шарттарға толық сай болуы керек, сонда ғана олардың шешімі жарамды болады.

Мәлики фақиһтарының еңбектерін қорыта келе, бұл шарттарды келесідей етіп түйіндеуге болады:


1. Топтағы адам саны

Мәлики мазһабындағы ғалымдар арасында мұсылмандар тобын қазының орнын алмастыру үшін ең аз дегенде неше адамнан тұруы керектігі жөнінде пікірталас бар. Кейбір ғалымдар бұл сан кем дегенде үш ер адам болуы тиіс деген.

Шейх Мухаммад Улийш (Аллаһ оны рақымына бөлесін) былай деп жазады:

«Автордың және өзге ғалымдардың сөздерінен бір адамның немесе екі адамның тобы жеткіліксіз екені аңғарылады».

Ал басқа ғалымдар екі адам жеткілікті деп есептеген.

Ад-Дардир (Аллаһ оны рақымына бөлесін) «аш-Шарх әл-Кабир» атты еңбегінде былай дейді:

«Мұсылмандар тобы дегеніміз – екі немесе одан да көп әділ адам».

Бұл сөздерге ад-Дусуки былай деп түсініктеме береді:

«Бұл сөздер бір әділ адамның жеткіліксіз екенін анық көрсетеді. Алайда «Кабир» еңбегінде мұсылман қауымынан бір адамның да жеткілікті екені айтылған пікір де бар».

Сосын ад-Дусуки ад-Дардирдің сөздерін тарқата отырып былай деп жазады:

«Ад-Дардирдің мына сөзі: егер әділдер табылмаса, онда “жамағат” ұғымын негізге қарап анықтаймыз – яғни куәгерлердің саны артқан сайын куәліктер арасындағы қайшылық көбейіп кетуі мүмкін. Бұл сөздердің сыртқы мағынасы үш күнәһар адам да жеткілікті екенін білдіреді. Алайда бұлай айтуға біз келісе алмаймыз. Себебі куәгерлер әділ болмаса, онда олардың саны әділ куәгерлердің үкімін алмастыратындай болуы керек. Бұл – шариғат қағидасы бойынша – әділдіктің орнына жүретін негіз».

Сондықтан сақтық ретінде, топ кем дегенде үш адамнан тұруы тиіс.

  • Біріншіден, пікір қайшылықтарын болдырмау үшін [5].
  • Екіншіден, егер әділдік жоқ болса, саны артуы керек, тіпті бір не екі адам жеткілікті деген ғалымдар да осылай айтқан, жоғарыда ад-Дардир мен ад-Дусукидің сөздерінде көрсетілгендей.
  • Үшіншіден, қазіргі заманда бір адамның үкімі күмән тудыруы мүмкін, ал бірнеше адамға сенім жоғары болады. Сондай-ақ, араб тілінің ережесі бойынша, «көптік» үшеуден басталады.

2. Мұсылмандар тобына қойылатын талап

Мәлики мазһабы фақиһтары ондай топтың мүшелеріне «әділ болудан» басқа нақты шарттарды қоймаған. Ғалым болу – міндетті емес деп айтылғанмен, олардың шариғаттағы тиісті сот үкімдерін білетіні анық болуы тиіс.

Егер бұл топ неке мәселелерімен айналысатын болса, онда некені бұзу себептері мен рәсімі (фасх ан-никах) жайында және осыған байланысты басқа барлық мәселелер жөнінде толық білімдері болуы тиіс.

Сол себепті, топ мүшелерінің ислам ғалымдарынан құралғаны – өте құптарлық. Егер толық ғалымдар тобы табылмаса, ең болмағанда біреуі ғалым болуы тиіс. Басқа жағдайларда топ мүшелері сенімді ғалымдардан осы мәселелер бойынша білім алуы, не қажетті үкімдерді анықтау үшін фәтуа иелеріне (муфтиге) жүгініп отыруы керек.

3. Пікірталас немесе келіспеушілік туындаған жағдайда қалай әрекет ету керек?

Егер мұсылмандар тобы үш ер адамнан тұрса, олар шешімді көпшілік дауыспен қабылдай ала ма?

Бұл сұраққа қатысты мәлики мазһабы фақиһтарының кітаптарынан нақты жауап таба алмадым.

Алайда олардың кітаптарындағы мәтіндердің сыртқы мағынасы – шешім топтың барлық мүшелерінің бірауыздан келісуімен қабылдануы тиіс екенін білдіреді. Бұл – біздің сұрағымыз бен кітаптарда айтылған екі қазы арасындағы келіспеушілікке қатысты үкім арасындағы ұқсастықтан туындайды.

«Әл-Мудаууана» атты еңбекте былай делінеді:

«Мен айтамын: егер екі қазы арасында келіспеушілік туындап, біреуі талақ (ажырасу) үкімін шығарса, ал екіншісі бұған қарсы болса, онда талақ жүзеге аспайды. Өйткені екеуі де бір үкімге келісуі тиіс».

Имам әл-Баджи былай жазады:

«Егер екі тарап бірнеше қазыға жүгініп, олардың бәрі бір үкімге келсе, онда бұл – жарамды. Бұл туралы Ибн Кинана «әл-Маджмұғада» жазады. Осыдан мынадай қорытынды шығады: егер екі тарап бірнеше қазының бір үкіміне разы болса, онда қай қазының үкімін орындаймыз деп таңдау талап етілмейді».

Егер осыны мұсылмандар тобына қатысты жағдаймен салыстырсақ, онда олардың үкімі шариғат бойынша жарамды болу үшін, барлық мүшелердің бірауыздан келісуі қажет екені көрінеді. Ал егер олардың арасында келіспеушілік туындаса, топтың үкімі жарамсыз болады.

Алайда заманауи сот тәжірибесіне қарасақ, егер істі бірнеше судья бірлесіп қарайтын болса, онда үкім көпшілік дауыспен шығарылады. Бұл тәжірибе негізінде мұсылмандар тобы да (қазылар тобының рөлін атқарушы ретінде) көпшілік дауыспен шешім шығара алады деп айтуға болады.

Дегенмен, бұл мәселе – заманауи фиқһ мамандары тарапынан тереңірек зерттеуді қажет етеді.

4. Мұсылмандар тобының некені бұзу (фасх ан-никах) бойынша өкілеттігі

Жоғарыда айтылған барлық мәселелерді ескере отырып, мұсылман емес елдерде некесін бұзуға мұқтаж болған мұсылман әйелдер үшін шығатын жол – сол елдегі ислам ғалымдары немесе ислам орталықтары тарапынан құрылған арнайы мұсылмандар тобына жүгіну. Бұл топ шариғат белгілеген барлық рәсімдерді атқаруға өкілетті.

Олар әрбір нақты жағдайда некені бұзуға шариғатқа сай себеп бар-жоғын анықтау үшін қажетті рәсімдерді орындағаннан кейін, әйелдің неке шарты бұзылады.
Бұл жағдайда оған талақ берілуі мүмкін немесе із-түзсіз кеткен күйеуі өлді деп есептелуі мүмкін – бұл үкімдер фиқһ кітаптарында егжей-тегжейлі баяндалған. Мұндай жағдайда некенің бұзылуы – шариғатқа сай жарамды болады. Әйел идда мерзімі аяқталған соң қайта тұрмысқа шығуға құқылы болады.

Алайда, мұсылмандар тобы арқылы жүзеге асқан некені бұзу шариғат тұрғысынан жарамды болғанымен, бұл үкім мұсылман емес елдердің зайырлы заңымен мойындалмайды. Сондықтан шариғи некені бұзу рәсімі аяқталған соң, әйелге өз елінің заңына сәйкес некенің бұзылғанын растау мақсатында жергілікті азаматтық (зайырлы) сотқа жүгінуге рұқсат беріледі. Алайда мұндай сот шешімі – шариғат бойынша некені бұзу болып саналмайды. Бұл тек мемлекеттік органдар алдында пайда болуы мүмкін құқықтық қиындықтардан сақтану үшін қажет.

Сонымен қатар, егер әйел алдымен зайырлы соттан ажырасу шешімін алған болса, бұл шариғат бойынша жарамды талақ немесе шариғи неке бұзу деп есептелмейді. Егер ол осы сот шешімімен ислам орталығына келіп, шариғат бойынша да ажырасуға рұқсат беруін сұраса, орталық алдымен бұл некені бұзуға шариғаттық негіз бар-жоғын тексеруі тиіс.

Егер ондай себеп табылмаса, ислам орталығы бұл әйелдің некесін бұзуға қазының міндетін атқара алмайды.

Алайда, егер шариғаттық себеп – мысалы:

  • күйеуінің із-түзсіз жоғалуы,
  • белсіздігі,
  • ауыр психикалық ауруы,
  • әйеліне әділетсіздік жасауы,
  • немесе фиқһ кітаптарында айтылған басқа да себептер –
    анықталса, онда ислам орталығы істі қайта қарап, қажетті рәсімдерді қайта өткізуге міндетті.

Егер шариғаттық неке бұзу шешімі үшін қажет болған шарттар расталса, әйелдің некесі шариғатқа сай түрде бұзылады. Бұл жағдайда ислам орталығы тек зайырлы сот шешімімен шектеліп қалмауы тиіс.

Аллаһ жақсы білуші.

Қосымша:

Муфтий Ибраһим Десаи (Аллаһ оны сақтасын) жетекшілік еткен «Дарул-Ифта әл-Махмудия» пәтуә мекемесінің мұсылман емес елдердегі некені бұзу (фасх) рәсімі туралы пәтуәсі


Сұрақ:
Сіз неке бұзу (фасх) рәсімі туралы айтып бере аласыз ба?


Жауап:

Бисмилләһир-Рахманир-Рахим.
Ассәләму алейкум уа рахматуллаһи уа бәракәтуһ.

Ең алдымен айтарымыз: шариғи некені бұзу (фасх) мәселесі – өте нәзік тақырып. Фасх рәсімі нақты белгіленген тәртіпке қатаң түрде бағына отырып жүзеге асырылады.

Біз мұндай жағдайларда некені бұзу рәсімін әрдайым хазірет мәуләнә Ашраф Әли әт-Тәһәнәуи (Аллаһ оны рақымына бөлесін) жазған «әл-Хиля ән-Наджиза» атты еңбекте келтірілген тәртіпке сай жүргіземіз.

Бұл тақырыптың аса нәзіктігіне байланысты фасхқа негіз болатын себептерді нақты анықтау үшін барлық сақтық шараларын қабылдау қажет.

«Үмметтің данасы» Ашраф Әли әт-Тәһәнәуи (Аллаһ оны рақымына бөлесін) «әл-Хиля ән-Наджиза» атты еңбегін жазу барысында бұл іске аса жауапкершілікпен қараған, әрі бірнеше мәрте мәлики мазһабы ғалымдарынан кеңес алған.

Жалпы алғанда, фасх мәселесі қарастырылғанда, екі тарапқа да – күйеуі мен әйеліне – сөз берілуі керек. Комитет тек бір тараптың сөзімен некені бұзуға құқылы емес. Алайда, егер күйеуі комитетпен байланысудан бас тартса, онда комитеттің біржақты түрде некені бұзуға құқығы бар.

Егер неке толық дағдарысқа ұшыраса, және ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік жойылмайтын деңгейге жетсе, мәлики мазһабы ғалымдарының көзқарасы бойынша, бұл жағдай – некені бұзуға шариғи негіз болып табылады.
Ал ерлі-зайыптылар арасындағы қайшылықтың деңгейін бағалауға қатысты ережелер ғалымдарға белгілі.

Жалпы алғанда, егер ерлі-зайыптылар арасында өзара келісімге келу мүмкін болмай, барлық бітімгершілік әрекеттер нәтижесіз болса, онда күйеуі Құранда айтылған нұсқауға сай әйелін жақсы түрде босатуы тиіс.
Ал егер ол мұны істемей, бас тартатын болса, бұл жанжалдың күшеюіне, әрі екі жақтың да құқығының бұзылуына алып келеді.

Ескерту: бұл жауап – жалпы сипаттағы жауап болып табылады, және нақты жағдайларда қолдану үшін нұсқаулық бола алмайды.

Аллаһ жақсы білуші.

Мәуләнә Фараз ибн Адам
(«Дарул-Ифта» шәкірті, Ұлыбритания)

Тексеріп, бекіткен:
Муфтий Ибраһим Десаи