Ақиқатында кімде-кім мұсылман бауырының айыбын іздесе, Аллаһ оның айыбын іздейді...
Ибн Омар риуаят етілген хадисте: «Аллаһ Елшісі ﷺ мінберге шығып, дауыстап былай деді: «Ей, Исламды тілдеріңмен қабылдап, бірақ иман әлі жүректеріңе енбегендер! Мұсылмандарға зиян тигізбеңдер, оларды жазғырмаңдар және айыбын іздемеңдер. Ақиқатында кімде-кім мұсылман бауырының айыбын іздесе, Аллаһ оның айыбын іздейді, ал кімде-кімнің айыбын Аллаһ іздесе, оны үйінің ішінде болса да масқара етеді». Хадисті әт-Тирмизи жеткізді.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5044) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Аллаһ Елшісі ﷺ мінберге шығып, дауыстап былай деді: «Ей, Исламды тілдеріңмен қабылдап) мүмін мен мұнафықты қамтиды, (бірақ иман) яғни, иманның асылы мен кемелдігі (әлі жүректеріңе енбегендер) бұл пасық адамды да қамтиды және бұл: «Мұсылманның айыбын іздейді...», «... мұнафық пен мұсылманның арасында бауырластық жоқ!» деген сөзінен шығатыны анық. Ендеше, әт-Тыйби хадистің үкімін тек екіжүзділермен ғана шектеуі анық және келісілген көзқарасқа қайшы келеді. Сондықтан үкім жалпылықты қамтиды (яғни, үкім тек мұнафықтарға ғана емес). Дұрысын Аллаһ жақсырақ біледі! (Мұсылмандарға) яғни, Исламда кәміл болғандарға, тілімен куәлік сөздерін айтып ислам қабылдап, жүректерімен иман келтіргендерге (зиян тигізбеңдер), (оларды жазғырмаңдар) жазғыру - олардың баяғыда (немесе ақиқатты білгенге дейінгі) істеген күнәсі үшін сөгу мен айыптау, мейлі олардың тәубе еткені белгілі болсын, белгісіз болсын. Ал нақты күнә жасап жатқан немесе күнәсін жасап болғаннан кейінгі адамға сөгіс айту, егер тәубе етпегені анық болса, қолынан келетін адамға уәжіп болып табылады. Бәлкім, бұл жақсылыққа әмір ету және жамандықтан тыю мәселесі болғандықтан, оған жаза немесе тағзир тағайындау керек, (айыбын іздемеңдер) сендер білмейтің айыбын іздемеңдер және сендер білетін айыбын ашпаңыздар. (Ақиқатында кімде-кім мұсылман бауырының айыбын іздесе) яғни, кемел мұсылманның, пасықтың емес, өйткені пасықтан сақтанып, адамдарды сақтандыру керек, (Аллаһ оның айыбын іздейді) мұны мысал ету тәсілі ретінде атап өтті, яғни: Аллаһ оның айыбын ақыретте ашады. Мұсылман бауырының айыбын іздеу ең жиіркеішті нәрсе, (ал кімде-кімнің айыбын Аллаһ іздесе) яғни, оның айыбын әшкере етсе, (оны үйінің ішінде болса да) яғни, адамдардан жасырын болса да (масқара етеді»). Аллаһу Тағала айтты: ﴾Иман келтіргендер туралы арсыз сөздер таралуын көксейтіндерге келсек, оларға бұл жалғанда да, ақиретте де жан төзгісіз ауыр азап бар. (Әр мәселенің шын жүзін және ондағы бар ақиқатты) жалғыз Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер﴿ («ан-Нур», 19 аят).
Әл-Ғазали былай деген: «Тыңшылық пен аңду – мұсылман туралы жаман ойлардың жемісі. Жүрек күдікпен қанағаттанбай, тыңшылыққа ұмтылады, бұл жасырынған нәрсені әшкерелеуге алып әкеледі. Жасырудың шегі – үйінің есігін жауып, қабырғаларының артына болу. Үйде шекті музыкалық дыбыстар шығып жатқанына көз жеткізу үшін біреудің үйін ұрланып тыңдауға немесе үйде күнә жасалып жатқанына көз жеткізу сығалап қарауға болмайды, ал егер үйден шыққан қатты дауысты сырттағылар танитындай болса, мысалы, сыбызғы дауысы анық естілсе және бұл сыбызғының дауысы екенін сырттағылар анық таныса немесе үй ішіндегі адамдардың қатты сөйлескен сөздерінен олардың ішімдік ішкендері анық болса, онда оларды тоқтату мақсатында кірсе рұқсат. Сол сияқты шарап бөтелкесін немесе музыкалық аспаптарды сатып алса және оны жеңі мен етегінің астына жасырса, оны көрген адамға тыңшылық жасап оны ашуға болмайды. Сол сияқты шараптың иісін білу үшін иіскеуге де, үйде болған оқиғаны білу үшін көршілерінен сұрауға да болмайды. Осыған байланысты мына өлең шумағын оқыды:
«Адамдардың жасырған айыбын іздеме, әйтпесе Аллаһ сенің айыбыңды ашады.
Олар туралы айтылған кезде олардың жақсы жақтарын атап өт.
Сондай-ақ олардың ешқайсысына өз бойыңдағы нәрсені жүктеме».
(... иман әлі жүректеріңе енбегендер) деген сөзде, егер жүрекке иман жетпесе, Аллаһты шынайы танып-білмейтініне, оның ақысын орындамайтынына ишара бар. Ендеше, жүректің барлық дертінің емі – Аллаһу Тағаланы тану, Аллаһу Тағаланың және мұсылмандардың құқықтарын орындауға, яғни, мұсылмандарға зиян келтірмеу, ренжітпеу, тіл тигізбеу, олардың артынан тыңшылық жасамауға алып келеді. (Хадисті әт-Тирмизи жеткізді) және: «Бұл жақсы және ғариб хадис» деді».