Тыйым салынған тұмарлар тағу жайында
Бізге Мухаммад ибн әл-Ғәлә, Әбу Муғауия, әл-Әғмаш, ол Амр ибн Муррадан, ол Яхя ибн әл-Джәззардан, ол Абдуллаһтың әйелі Зәйнептің бауырынан, ол Абдуллаһ (ибн Масғудтың) Аллаһ Елшісінің ﷺ былай деп айтқаның жеткізді:
«Дем салу, тұмарлар және әт-тиуәлә – ширк», — деді. Мен сұрадым: — Неге бұлай дейсің? Аллаһпен ант етейін, менің көзім ауырған кезде, пәлен деген яһуди адамға барып дем салдырамын, сонда көзім жақсы болып кететін. Сонда Абдуллаһ (ибн Масғұд): — Бұл – шайтанның ісі, ол көзді өз қолымен түртіп мазалайтын. Ал ол дем салғанда, шайтан тоқтайтын. Саған жеткілікті болғаны — Аллаһ Елшісі ﷺ айтып жүрген дұғаны айту еді: «Уа, адамдардың Раббысы! Ауруды жой, шипа беруші – Сенсің. Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ол шипа — ешбір ауру қалдырмайтын шипа болсын».
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (3883-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Дем салу) — бұл жерде тыйым салынғаны — пұттардың не шайтандардың аттарымен жасалатын дем. Ал Құран аяттары мен сүннеттен келген дұғалармен дем салу рұқсат етіледі, (тұмарлар) — әйелдер балалардың мойнына өздігінен әсер етеді әрі көз тиюден сақтайды деген сеніммен тағып қоятын моншақтар мен түйіншектер (және әт-тиуәлә) — әйел адамды күйеуіне жақсы көргізу мақсатында жасалатын махаббат сиқыры ( – ширк) яғни, бұл амалдар мүшріктердің істерінен болғаны үшін немесе егер адам олар шынайы түрде өздігінен әсер етеді деп сенсе, оны Аллаһқа серік қосуға апаратыны үшін.
(Мен) Зейнеп (сұрадым: — Неге бұлай дейсің? Аллаһпен ант етейін, менің көзім ауырған кезде) яғни, ірің мен жас ағып, мазалайтын, (пәлен деген яһуди адамға барып дем салдырамын, сонда көзім жақсы болып кететін). Бұл – дем салудың әсері бар екенін көрсетеді.
(Сонда Абдуллаһ (ибн Масғұд): — Бұл) көздің жақсы болуы (– шайтанның ісі, ол көзді өз қолымен түртіп мазалайтын. Ал ол дем салғанда) яғни, шайтандарға жүгініп деп салғанда, (шайтан тоқтайтын. Саған жеткілікті болғаны — Аллаһ Елшісі ﷺ айтып жүрген дұғаны айту еді: «Уа, адамдардың Раббысы! Ауруды жой, шипа беруші – Сенсің. Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ол шипа — ешбір ауру қалдырмайтын шипа болсын».»