Әйелдердің мешітке баруы.
Имам Абдул-Ғани әл-Ғунайми әл-Майданидің әйгілі «әл-Любәб фи шарх әл-Китаб» (2\176) кітабында:
• Фитна қауіпі болғандықтан жас қыздардың барлық (яғни, жұма, айт намаздарын оқу үшін) жамағат намазына (яғни, мешітке) барулары мәкруһ.
• Егде жастағы әйелдердің таң, ақшам және құптан намаздарына баруларында әбестік жоқ. Бұл Әбу Ханифаның көзқарасы.
• Имам Әбу Юсуф пен Мухаммад айтты: «Егде жастағы әйелдердің барлық намазға баруы рұқсат». Өйткені көзтартымды болмағандықтан олардың шығуында фитна жоқ.
Имам Әбу Ханифаның дәлелі: «Нәпсіқұмарлық өршіп тұрған сәтте олардың (яғни, егде жастағы әйелдердің) шығуы фитнаға себеп болады. Өйткені пасықтар бесін, екінті және жұма намаз уақытында көп жүреді. Ал таң мен құптан уақытында олар ұйықтайды, ақшам уақытында тамақтанумен қолдары бос болмайды». «Әл-Һидая» кітабында.
«Әл-Джәуһара» кітабында: «Заманымызда бұзықтық кең таралуына байланысты күніміздегі пәтуә әйелдердің барлық намазға мешітке барулары мәкруһ».