July 25

Имам Әбу Ханифаны мурджи деп айыптау мәселесі

Имам ибн Хаджар әл-Һайтами әш-Шәфиғи әл-Әшғари өзінің әйгілі «Хайрату әл-Хасан фи мәнәқиб әл-Имам әл-Ағзам Әби Ханиф ән-Нуғман» (164 бет) кітабында Имам Әбу Ханифаны, Аллаһ одан разы болсын, мурджи деп айыптау қате екендігіне қатысты бірнеше пікір келтіреді:

«Бір топ адамдар имам Әбу Ханифаны, Аллаһ одан разы болсын, мурджиалардың қатарына жатқызды, бірақ бұл пікір дұрыс емес.

Біріншіден: «әл-Муақаф» кітабының шархтаушы айтты: «Мурджи Ғассан әл-Куфи өзінің иржә ілімін Әбу Ханифаға жатқызып, оны мурджиалардың қатарына қосатын. Бұл өз мәзһабын осы ұлы әрі әйгілі имамға байланыстыру арқылы оны насихаттау үшін жасалған жала болатын».

Екіншіден: Амиди айтты: «Имамды мурджи деп атағанда сүннит дегенді меңзеп айтуы мүмкін, өйткені муғтазилалар тағдыр жөнінде өздерімен келіспейтіндерді мурджи деп атайтын. Немесе: «Иман артпайды және кемімейді» дегені үшін олар мұны ирджә, яғни амалды иманнан кейін қойды деп ойлады. Бірақ бұл дұрыс емес, өйткені имам Әбу Ханифа амалға қатты мән бергені және оған күш салғаны белгілі».

Ал үшіншіден, Ибн Абдул-Барр айтты: «Адамдар Әбу Ханифаны, Аллаһ одан разы болсын, көре алмады, сондықтан олар имамға жаман нәрселерді тиесілі етіп, ол туралы лайық болмаған сөздер айтатын»».