October 22

Шұлыққа мәсіх тартудың рұқсат болу шарттары.

Шейх Абдул-Хамид ат-Таһмаз әл-Ханафи өзінің «әл-Фиқһу әл-Ханафи фи сәубиһи әл-джәдид» кітабында «мәсіге мәсіх тарту бабында» айтты:

Шұлыққа мәсіх тартуға рұқсат. Алайда ол өткен ізгілер мәсіх тартқан шұлықтар секілді мына шарттарға сай болуы керек:

  • (Киген кезде аяқтың) терісі көрінбейтіндей қалың болуы;
  • Онымен аяқкиімсіз бір фарсах (шамамен 5 шақырым) немесе одан да көп қашықтық жүруге болатын болуы;
  • (Мәсіх тартқан уақытта) судың ылғалын аяққа өткізбеуі.

Қазіргі кезде шығарылатын шұлықтарда бұл шарттар сирек кездеседі.

Бұрын шұлық былғарыдан жасалып, аяқтан балтырға дейін киілетін, бірақ пішіні мәсіге ұқсамайтын. Сондай-ақ ол ширатылған жүн жіптен тоқылып, тобықтан жоғарыға дейін киілетін.

Имамдар астындағысы көрініп тұратын жұқа шұлықтарға мәсіх тартуға болмайтынына бірауыздан келіскен.

Шұлыққа мәсіх тартуға болатындығының дәлелі — Муғира ибн Шуғбадан жеткен мына риуаят:

«Пайғамбар ﷺ дәрет алып, шұлықтары мен сандалдарына мәсіх тартты»¹.

Сондай-ақ Абдуллаһ ибн Масғудтың шұлықтары мен сандалдарына мәсіх тартқаны риуаят етілген.

¹Мәсіх сандалға емес, қалың шұлыққа тартылған.