Пайғамбарымыз Мухаммадтың ﷺ мәулітіне жиналып, оны атап өту — бидғат па, әлде шариғатқа сай іс пе?
СҰРАҚ:
Пайғамбарымыз Мухаммадтың ﷺ мәулітіне жиналып, оны атап өту — бидғат па, әлде шариғатқа сай іс пе?
Пайғамбарымыздың ﷺ мәуліті сахабалар заманында атап өтілмеген. Алайда оның Пайғамбар ﷺ немесе сахабалар дәуірінде болмауы — бұл істің міндетті түрде жаман бидғат немесе шариғатқа қайшы екендігін білдірмейді.
Егер мәуліт — Пайғамбарлар Сардарының ﷺ дүниеге келген күнін еске алып, Оның ﷺ көркем өмірбаянын жаңғырту мақсатында өткізілсе әрі ол жиында шариғатқа қайшы істер, ерлер мен әйелдердің араласуы, сондай-ақ Пайғамбарымызды ﷺ шектен тыс дәріптеу болмаса — ондай мәуліт бидғат деп есептелмейді, және оны істеген адам адасушы немесе тозаққа лайық деп айтылмайды.
Себебі Пайғамбарымыз ﷺ бидғаттың мәнін былай деп түсіндірді:
«Кім біздің бұл ісімізде (дінімізде) одан болмаған бір нәрсе енгізсе, ол қайтарылады (яғни қабыл етілмейді)».
Ал осы хадистің кері мағынасы бойынша: «Кім дінімізге қайшы келмейтін нәрсе енгізсе — ол қабыл етіледі».
Біз бұл қағиданы бірнеше рет атап өткенбіз.
Мәулітті атап өтудің пайдалы тұстары мыналар:
- Мұсылмандардың жиналуы — Ислам бұған үндейді және оны құптайды. Сондықтан бұл – исламға сай іс.
- Уағыз-насихаттар мен діни баяндамалар оқу — Ислам осындай діни насихаттарға шақырады және оны орындауды бұйырады. Бұл да исламның ішіндегі амал.
- Пайғамбарымызды ﷺ асырып жібермей мадақтау — бұл да ислам аясындағы іс. Себебі, Пайғамбарымыздың ﷺ көзінше ақындар Оны ﷺ мадақтаған кезде, Ол ﷺ оларды тыймаған.
- Тамақ беру немесе тәттілер тарату — бұл да исламда бар, рұқсат етілген амал.
Осы аталған мақсаттар исламмен және оның жалпы қағидаларымен қайшы келмейді. Иә, мәулітті өткізу формасы — жаңадан шыққан нәрсе, бірақ оның құрамындағы элементтерді ислам жоққа шығармайтын болса, онда бұл істі «адасушылық болған бидғат» деп айтуға болмайды.
Шейх Абдул-Мәлик әс-Сағди әл-Ханафи ән-Нақшбанди, «Исламдағы бидғат ұғымының дұрыс түсінігі», 183-184 бет.