Yesterday

Аллаһтың атымен қасам ішу мәселесі.

▪️ Аллаһу Тағала атымен көп ант етпеу керек, өйткені бұл Аллаһ Тағаланың есімінің қадірін түсіруге апарады.

▪️ Егер біреу: «Аллаһпен ант етемін», немесе «Рахманмен ант етемін», немесе «Рахиммен ант етемін», немесе «Аллаһтың ұлықтығымен ант етемін», немесе «қасам іштім», немесе «ант еттім» десе – бұл қасам болып есептеледі.

▪️ Егер: «Аллаһты куә етемін» немесе «Аллаһ куә» десе – бұл да қасам болып есептеледі.

▪️ Егер: «Аллаһтың сөзімен ант етемін» немесе «Құранмен (яғни, Аллаһтың сөзімен) ант етемін» десе – бұл қасам болып есептеледі.
Ал егер Құранға қолын қойып, бірақ ант ету сөзін айтпаса, бұл қасам болып есептелмейді (өйткені бұл жағдайда нақты ант сөзі айтылмаған).

▪️ Егер: «Егер мен мына істі жасасам, онда мен яһуди боламын», немесе «христиан боламын», немесе «кәпір боламын», немесе «егер пәлен істі жасасам, Исламнан басқа дінде өлемін» десе – бұл қасам болып есептеледі. Егер ол айтқанына қайшы іс істесе, кәфәрат өтеу міндет болады. Мұндай сөздермен қасам ішу мәкруһ тахрим.

▪️ Егер: «Егер мен мына істі жасасам, маған Аллаһтың қаһары болсын» немесе «Аллаһтың ашуы болсын» десе – бұл қасам болып есептелмейді.
Сол сияқты: «егер мына істі жасасам, мен ұры боламын», немесе «пайыз жеуші боламын», немесе «шошқа етін жеуші боламын», немесе «арақ ішуші боламын» деуі де қасам болып есептелмейді.

▪️ Аллаһтан басқа нәрсемен қасам ішу – мысалы, Пайғамбармен, немесе Қағбамен, немесе әкесімен, немесе басымен, немесе пәленшемен, немесе пәленшенің өмірімен ант ету – қасам болып есептелмейді, бірақ Аллаһтан басқа нәрсемен қасам ішкені үшін адам күнәкар болады.
Аллаһ Елшісі ﷺ: «Кім қасам ішетін болса, тек Аллаһпен қасам ішсін немесе үндемесін», – деген.

▪️ Егер біреу: «Пәленшенің үйіндегі тағам маған харам» немесе «Бұл тағам маған харам» десе, кейін сол тағамнан жесе – қасамды бұзғаны үшін кәфәрат өтеуі уәжіп болады, бірақ әлгі тағам оған (шариғи тұрғыда) харам болып қалмайды.

▪️ Егер біреу басқа адамға: «Аллаһтың ақысы үшін мынаны істе» немесе «Аллаһтың ақысы үшін мұны істеуің керек» десе, ол адамға мұны істеу міндет болмайды (бұл ант емес, өтініш сипатындағы сөз).

▪️ Егер адам бір істі жасауға қасам ішіп, ант сөзімен бірге, үзбей «ин шәә Аллаһ» деп айтса, онда бұл қасам болып есептелмейді.

▪️ Егер адам бұрын істемеген ісіне істедім деп қасам ішсе, мысалы:
«Аллаһпен ант етемін, намаз оқыдым» деп айтса, бірақ намаз оқымаған болса – бұл үлкен күнә, әрі оған кәфәрат жоқ, тек тәубе мен истиғфар қажет.
Ал егер ол әдейі өтірік айтпай, пәленше адам келді деп ойлап:
«Пәленше келді, Аллаһпен ант етемін» десе, бірақ шын мәнінде ол келмеген болса – онда оған күнә да жоқ, кәфәрат та жоқ.

▪️ Егер адам болашақта болатын іске қасам ішсе, мысалы:
«Аллаһпен ант етемін, бүгін жаңбыр жауады» немесе
«Аллаһпен ант етемін, бүгін пәленше келеді» деп айтып, кейін жаңбыр жаумаса немесе әлгі адам келмесе – онда оған қасам кәфәраты уәжіп болады.

▪️ Кімде-кім: «Аллаһпен ант етемін, бүгін оқимын» деп айтып, сол күні оқымаса – күнәға батады және оған қасам кәфәраты уәжіп болады.

▪️ Кімде-кім: «Аллаһпен ант етемін, мына істі жасаймын» деп қасам ішіп, кейін оны орындамаса – оған кәфәрат уәжіп болады.

▪️ Егер біреу күнә іске қасам ішсе, мысалы: «Аллаһпен ант етемін, әкеммен сөйлеспеймін», немесе «Аллаһпен ант етемін, намаз оқымаймын», немесе «Аллаһпен ант етемін, ұрлық жасаймын» десе – ол адамға сол қасамын бұзу уәжіп, әрі кейін кәфәратын өтейді.

▪️ Кімде-кім: «Аллаһпен ант етемін, тамақ жемеймін» деп қасам ішіп, кейін ұмытып тамақ жесе немесе мәжбүрленіп жесе, оған кәфәрат уәжіп болады.
Сондай-ақ, кімде-кім ашулы күйде: «Пәленшеге бір дирһам да бермеймін» деп қасам ішіп, кейін оған үш дирһам берсе, қасамын бұзған болып саналады және кәфәрат өтеу уәжіп болады, өйткені бұл сөзбен ол әлгі адамға еш нәрсе бермеуді мақсат еткен.

Айтудың ең аз деңгейі өзін еститіндей деңгейде айту, жүрекпен айтылған\ниет еткен нәрсе қасам болмайды.

Үмметтің данасы Шейх Ашраф Әли әт-Тәһәнәуй әл-Ханафи әл-Матуриди, «Бәһишти Зиуәр», 332-333 бет.