﴾Пайғамбар мен мүміндердің, өлген мүшріктер үшін Аллаһтан кешірім тілеуі орынсыз﴿ .
﴾Пайғамбар мен мүміндердің, өлген мүшріктер үшін Аллаһтан кешірім тілеуі орынсыз﴿ («әт-Тәубә», 113 аят).
Тура жолдың имамы болған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди әл-Ханафи (һ. 333 ж.қ) - Аллаһ оған разы болын - өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
«Бұл аят бізді тозақ иелері (яғни, өмірден кәпір болып кеткендер) үшін кешірім сұрап дұға етуден тыйды. Себебі Аллаһ кәпірге кешірім бермейді, өйткені оның иман келтірмегені белгілі.
Осыған сәйкес, біз оның кешірілмейтінін және кәпір үшін кешірім тілеп дұға жасауға болмайтынын білдік. Бізге ешқашан иман етпеген кәпірге: «ол иман келтіруді қалап еді» деп айтуға жол жоқ. Сол секілді, тозақ оған уәжіп болған адам үшін де истиғфар жасау бізге міндет емес.
Осылайша бұл муғтазилердің мына сөзін жоққа шығарады: «Аллаһ әрбір кәпірге иман келтіруді қалаған, бірақ олар иман келтірмеді».
Кейбір тәпсіршілдер: «Аллаһ Елшісі ﷺ ата-анасының бірі үшін истиғфар еткен» – дейді. Сондай-ақ Пайғамбар ﷺ өлер сәтінде Әбу Тәліпке кіріп, оны «Ләә иләәһа иллАллаһ» кәлимасына шақырғанын, бірақ ол бас тартқанын, сонан соң Пайғамбар ﷺ ол үшін истиғфар еткенін және: «Маған тыйым салынғанға дейін сен үшін кешірім тілеймін» – немесе осыған ұқсас сөздер айтқанын жеткізген. Сол кезде мына аят түсті: ﴾Пайғамбар мен мүміндердің, өлген мүшріктер үшін Аллаһтан кешірім тілеуі орынсыз﴿.
Әл-Хасан (әл-Басри), Аллаһ оны рахымына алсын, бұл туралы былай деген: «Аллаһ Елшісі болып тұрып, кәпірге кешірім берілмейтінін білмеуі мүмкін емес. Өйткені ақыл мен даналық тұрғысынан алғанда, Аллаһ кәпірге кешірім бермейді және оны мәңгілік азапқа душар етеді».
Біздің көзқарасымыз бойынша, даналыққа (хикметке) сәйкес кәпір мәңгілік азапқа лайық және оған кешірім берілмейді. Мұның бірнеше себептері бар:
Біріншісі: Егер кешірілсе, онда (Аллаһтың) әулуиесі мен дұшпаны теңестірілген болар еді. Ал даналық деген – екеуін ажырату. Аллаһтың әулиесі мен дұшпаны тең бола алмайды.
Екіншісі: Егер біреу Аллаһпен қатар басқаны құлшылық етіп, соған бойсұнса, ол надандығынан солай еткен болады. Бірақ ол надандық ешқашан жойылмайды. Егер ол кешірілсе, бұл Аллаһтан басқаға құлшылық ету үшін жаза емес, кешірім жасалды деген түсінік қалыптастырады.
Үшіншісі: Егер кәпірге кешірім жасалса, онда амалдардың салдары мен нәтижелеріне байланысты бұйрықтардың мәні жоғалар еді. Өйткені амалдар ақыр-соңындағы мақтауға не жазғыруға байланысты бағаланады. Егер кәпірге кешірім берілсе, жазаға лайық іс жасаған адам мақталған болар еді. Бұл – хикметке (даналыққа) қайшы.
Пайғамбар ﷺ екіжүзділерге (мұнафықтарға) олардың шын мәнінде мұнафық екені өзіне анықталмай тұрып истиғфар жасауы мүмкін. Ал шындық ашылып, олардың мұнафық екені белгілі болған соң, олар үшін кешірім сұраудан тыйылды.
Сондықтан кәпір екені (яғни, кәпір болып өлгені) нақты белгілі болған адам үшін Пайғамбардың ﷺ кешірім тілеуі мүмкін емес. Осыдан шыға отырып, кейбір тәпсіршілердің: «Пайғамбар ﷺ көкесіне немесе ата-анасының біріне кешірім сұрап дұға етті» деген сөздері қабылданбайды».