Бұл – «Хинзаб» деп аталатын шайтан. Егер оны сезсең, Аллаһтан пана сұрап (яғни: «Әғузу билләһ» деп) Оған сыйын, әрі сол жағыңа үш рет түкір.
Осман ибн Әбу әл-Ас (Аллаһ одан разы болсын) айтты: «Мен: — Уа, Аллаһтың Елшісі! Шайтан менің намазым мен Құран оқуымның арасына түсіп, оқығанымды шатастырып жібереді, — дедім. Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ: — Бұл – «Хинзаб» деп аталатын шайтан. Егер оны сезсең, Аллаһтан пана сұрап (яғни: «Әғузу билләһ» деп) Оған сыйын, әрі сол жағыңа үш рет түкір, — деді. Мен солай істедім, сонда Аллаһ оны менен қуды». Хадисті Муслим риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 77) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Осман ибн Әбу әл-Ас) — ол Сақиф тайпасынан. Пайғамбарымыз ﷺ оны Тайф қаласына әмір етіп тағайындаған. Ол бұл қызметте Пайғамбарымыздың ﷺ бүкіл өмірінде, Әбу Бәкірдің халифалығы кезінде және Омардың халифалығының алғашқы екі жылында болды. Кейін Омар оны бұл қызметтен босатып, Оман мен Бахрейнге басшылыққа тағайындады.
Ол Пайғамбарымызға ﷺ Сақиф тайпасының делегациясымен келген, әрі олардың ішінде жасы ең кішісі болған — ол кезде оның жасы жиырма тоғыз еді. Бұл оқиға һижраның оныншы жылы болды. Кейін ол Басраға қоныстанып, сол жерде һижраның елу бірінші жылы дүние салды.
Пайғамбарымыз ﷺ қайтыс болған кезде Сақиф тайпасы діннен шығуды ойлаған еді. Сонда ол оларға: «Уа, Сақиф қауымы! Исламды қабылдауда соңғы болған сендер діннен шығуда алғашқы болмаңдар!» — деп айтты. Осылайша олар риддаға барудан бас тартты.
Одан бірнеше табиғиндер риуаят еткен (Аллаһ олардан разы болсын): («Мен: — Уа, Аллаһтың Елшісі! Шайтан менің намазым мен Құран оқуымның арасына түсіп) яғни, шайтан мені намазға кіруден немесе Құран оқуды бастаудан бөгейді. Бұған дәлел — үш рет түкіру амалының бұйырылуы. Егер бұл намаздың ішінде болса, үш рет үздіксіз емес, арасы бөліп-бөліп жасалады (яғни, аз ғана амалмен). Сондай-ақ түкіру мен «Әғузу» айту намаздан кейін орындалуы мүмкін; мағынасы — шайтан мен намазымның кемелдігі, рухы, сыры болып табылатын ықылас пен хушуғ арасына бөгет қойды деген сөз, (оқығанымды шатастырып жібереді, — дедім) яғни «араластырады, күмән келтіреді» деген мағынада. Яғни — намазды немесе Құран оқуды немесе екеуін де шатастырады.
(Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ: — Бұл) яғни, шатастыруға жауапты арнайы шайтан, басшылары емес. Оның аты (– «Хинзиб» деп аталатын шайтан) немесе «Ханзиб». Солай дұрыс нұсқада келген. Немесе «Ханзәб» немесе «Хунзәб». Ибн Хаджар «Ханзуб» деп те айту дұрыс деді. (Егер оны сезсең) яғни оның әсерін байқасаң, түсінсең (Аллаһтан пана сұрап (яғни: «Әғузу билләһ» деп) Оған сыйын) — өйткені шайтанның азғыруынан құтылу тек Аллаһтың күші, жәрдемі, қорғауы арқылы ғана болады, (әрі сол жағыңа үш рет) яғни үш мәрте — шайтанды алыстатуға күшті ықылас білдіру үшін (түкір, — деді). Бұл — шайтанның шегінуіне ишара, әрі жаман амалдарды жазатын періштенің жағына түкіру жолымен оның азғыруын алыстату мағынасына меңзету. Сондай-ақ «сол жақ — жамандық иелерінің жолы» деген ишарат болуы мүмкін. (Мен солай істедім, сонда Аллаһ оны менен қуды»). Яғни азғыруды — Пайғамбарымыздың ﷺ берекесі арқылы Аллаһ менен кетірді».
Пақыр аудармашыдан ескертпе: «Әғузу билләһ» сөзін жүрекпен айту керек (егер тілмен айтса намаз бұзылмайды), бірақ айтпаған жақсы, әрі сол жаққа түкірген кезде «тфу» тәрізді сөз шықпауы тиіс. Егер сөз шықса, намаз бұзылады. Сондықтан бұл амалдарды намаздан бұрын немесе кейін орындаған абзал. Өйткені кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл хадистегі рұқсат — намаздың ішінде сөйлеу әлі тыйылмаған кезеңге қатысты, кейін оның үкімі жойылған деп есептеді.