Today

Фиқһ ілімін үйрену мен үйретудің үкімі.

Бұл — парыз кифая.
Егер адамдарға шариғи үкімдерді үйрететін бір топ кісі табылса — қалғандарының мойнынан бұл міндет түседі.
Ал егер ондай ешкім болмаса — барша мұсылман күнәға қалады.

Фиқһты үйренудің үкімі:

Бірінші: Жекелеген адам үшін фиқһты үйренудің үкімі: бұл жерде ашықтайтын мәселе бар.

а) Егер адамның амалы дұрыс болу үшін белгілі бір білім қажет болса — онда осы мөлшерде фиқһты үйрену әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз айн.

  • Кімге намаз парыз болса — намаздың үкімдерін үйренуі де парыз.
  • Кім Рамазанды қарсы алса — оразаға қатысты үкімдерді үйренуі парыз.
  • Кімге зекет не қажылық парыз болса — солардың үкімін білуі парыз.
  • Саудамен айналысқысы келсе — сауда мен сату-сатып алуға қатысты үкімдерді білуі парыз.

Ескерту:
Парздарды үйрену — парыз,
Сүннеттерді үйрену — сүннет,
Мустахаптарды үйрену — мустахаб.

b) Ал бұл қажеттілік деңгейінен тыс, яғни қазіргі уақытта аса қажет емес үкімдерді үйрену — мустахаб (ұнамды, сауапты іс) және білім ізденгені үшін сауап алады, әрі ұлы артықшылыққа ие болады.

Екінші: Бір елді мекен немесе өңір үшін фиқһты үйренудің үкімі

Бұл – парыз кифая.
Егер бір елді мекенде немесе аймақта шариғи ілімді жетік білетін ғалымдар болып, адамдар дін үкімдерін солардан барып үйрене алса – басқаларға парыз жүктелмейді.

Алайда, егер ондай раббани (яғни, ықыласты) ғалымдар ол жерде мүлде жоқ болып, тұрғындардың басқа ғалымдарға жүгінуі мүмкін болмаса – бүкіл аймақ халқының бәріне жеке-жеке парыз айн болады.
Яғни, қолынан келген әрбір адам дінді үйренуге ұмтылуы тиіс.

Бұл – Аллаһ Тағаланың мына сөзінің үкіміне сай:

Сонымен қатар, мүміндердің (бір мезетте) жаппай жорыққа аттанғаны да орынсыз. Ендеше, әр елден (әр қоғамнан, әр рудан) бір топ адам қалып діни ілімдерді бүге-шігесіне дейін терең меңгеріп, жорыққа аттанғандар қайтып оралғанда, жат қылықтардан, күнә атаулыдан аулақ жүруі үшін оларды ескертуі (яғни, оларға жөн сілтеп, уағыз-насихат айтуы һәм шариғат талаптарын үйретуі) керек емес пе?!﴿ («Тәубе» сүресі, 122-аят)

Кім бұл ілімге өзі ұмтыла алмаса, бірақ басқа үйрене алатын адамды жіберуге немесе қолдауға шамасы жетсе, солай істеуі міндет.
Егер оны да жасамаса – барша жұрт күнәға қалады.

Фиқһ ілімінің артықшылығы және оны үйренуге шақыру

Дінде түсінікке ие болу – амалдардың ең абзалдарының бірі, адам бойындағы ең көркем сипаттардың бірі.

Біріншіден, бұл ілімге Аллаһ Тағаланың өзі шақырған. Ол былай деген:

Сонымен қатар, мүміндердің (бір мезетте) жаппай жорыққа аттанғаны да орынсыз. Ендеше, әр елден (әр қоғамнан, әр рудан) бір топ адам қалып діни ілімдерді бүге-шігесіне дейін терең меңгеріп﴿ («Тәубе» сүресі, 122-аят).

Екіншіден, Пайғамбарымыз ﷺ былай деген: «Адамдар – кен секілді: олардың жаһилиеттегі жақсылары — егер дінді түсінсе — Исламда да жақсылары» (Муслим).

Үшіншіден, фиқһ – Аллаһтың құлына жақсылық қаласа, берген нышаны.
Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Аллаһ кімге жақсылық қаласа – оны дін ілімінде түсінікке жеткізеді» (Бухари мен Муслим).

Бұл айтылғандар фиқһтың маңыздылығы мен ұлы мәртебесін көрсетеді.

Ислам дінінде фиқһ ілімінің орны ерекше, оның дәрежесі өте жоғары. Өйткені мұсылман адам дінінің үкімдерін терең түсінсе, оның не нәрсе өзіне парыз, не нәрсе міндет, не нәрсе тыйым екенін білсе:

– Аллаһқа іліммен әрі көрегендікпен құлшылық етеді,
– Адамдармен жақсы мінезбен қарым-қатынас жасайды,
– Ешкімнің ақысын жеп, әділетсіздікке бармайды,
– Бұл дүниеде де, ақыретте де бақыт пен игілікке жетеді.

Фиқһ – шариғи ілімдердің бірі ғана емес, оның ең басты мақсаттарының бірі.

Сондықтан Аллаһ Тағала Пайғамбарымызға ﷺ шариғи ілімді арттыруды сұрауды бұйырған:

Айт: Раббым, білімімді арттыр!﴿ («Таһа» сүресі, 114-аят).

Бұл бұйрық – тек Пайғамбарымызға ғана емес, барлық мұсылманға арналған әмір.

Пайғамбарымыз ﷺ пайдалы ілім үйретілетін жиындарды "Жәннат бақшалары" деп атаған.

Сондай-ақ: «Ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері» деген. (Әбу Дәуіт, Тирмизи, т. б.).

Шейх Мухаммад Әли ән-Нәдуи әл-Ханафи, «әл-Фиқһу әл-Муяссар».