«Уа, Әли! Үшеуді кешіктірме: уақыты келген намазды, дайын болған жаназаны және теңі табылған бойдақ әйелді».
Хазіретті Әли, Аллаһ одан разы болсын, Аллаһ Елшісі ﷺ былай деп айтқаның риуаят етті: «Уа, Әли! Үшеуді кешіктірме: уақыты келген намазды, дайын болған жаназаны және теңі табылған бойдақ әйелді». Хадисті әт-Тирмизи риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 605) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«( «Уа, Әли! Үшеуді) яғни, бұл – маңызды істерден, сондықтан сөйлем осылай басталып тұр. Мағынасы: үш нәрсені кешіктірме. Олар – намаз, жаназа және бойдақ қыз. Сондықтан олар санмен айтылып отыр (яғни, «үшеу» деп нақты санда айтуы – бұл істің маңыздылығын көрсетеді және тыңдаушының назарын аударту тәсілі. Араб тілінде осылай нақты сандармен бастау – ескерту және зейін қою үшін қолданылады); (кешіктірме): бұл істерді кешіктіру – апат алып келеді. Керісінше, оларда асығыстық танытылуы керек. Бұл үш нәрсе «асыққан – шайтаннан» деген кең таралған хадистен тысқары (яғни, ол хадиске бұл үшеуі кірмейді, бұларда асығыстық – құптарлық): (уақыты) яғни, намаздың мустахаб уақыты (келген намазды) (пақыр аудармашыдан: ары қарай араб тіліне қатысты талқылау басталады, аударуды жөн көрмедім), (дайын болған): Әшраф айтты: «Бұл хадисте жаназа намазының мәкруһ уақыттарда оқылмайтынына дәлел бар». Мұны ат-Тыйби да келтіреді: «Бізде де дәл солай, егер жаназа күн шығып жатқанда немесе күн батып жатқанда немесе күн қақ төбеге келгенде дайын болса, жаназа намазын оқу мәкруһ. Сол сияқты сәжде аяты да осы үкімге ұқсас. Ал таң намазынан (күн найза бойы шыққаннан) кейін және асыр (екінті) намазынан кейінгі уақыттарда болса – жаназа намазын оқу мәкруһ емес», (жаназаны) «жаназа» сөзі (араб тілінде) екі жолмен де оқылады: «жиназа» және «жаназа» – бұл екі нұсқа да дұрыс. Бұл кейде тек табытқа (мәйіт жататын астауға) қатысты айтылады, кейде мәйіттің өзіне қатысты қолданылады. Кейбір ғалымдар: «жиназа» – табытқа, «жаназа» – мәйітке қатысты деп айтқан. Алайда дұрыс пікір – бұл екі сөз де («жаназа» мен «жиназа») табыттағы мәйітке қатысты қолданылуы, (теңі) ат-Тыйби айтты: «Хадисте келген «бойдақ» деген сөз – бұл жалпы жұбы жоқ адамға қатысты қолданылады, мейлі әйел болсын, еркек болсын, жесір болсын, немесе бике болсын. Некеде теңдікке мыналар жатады: Ислам (екі жақ та мұсылман болуы), азаттық (екеуі де азат болу), діндарлық (тақуалық), тегінің лайықтығы (шежірелік теңдік), табысы жақсы және кәсібі», (табылған) яғни сен тапсаң да, немесе әйелдің өзі тапса да (бойдақ әйелді) яғни, ері жоқ әйел, тіпті бике болса да (яғни, хадистегі «бойдақ әйел» сөзі бәрін қамтиды: жесір әйелді де, бұрын тұрмыс құрмаған бикені де)». (Хадисті әт-Тирмизи риуаят етті) Мирк айтты: «Бұл хадистің барлық риуаят тізбегіндегі адамдар сенімді (сихих)».