July 8

«Қияметтің белгілерінің бірі – ... ерлер азайып, әйелдер артады».

Хазіретті Әнәс айтты: «Мен Аллаһ Елшісінің ﷺ былай дегенін естідім: «Қияметтің белгілерінің бірі – білім азайып, надандық артады, зина мен ішімдік көбейеді, ерлер азайып, әйелдер артады, тіпті елу әйелге бір еркек болады». Басқа бір риуаятта: «Білім азайып, надандық артады». Хадисті Бухари мен Муслим жеткізді.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 5437) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Қияметтің белгілерінің бірі – білім азайып) яғни, бұл – ғалымдардың қайтыс болуымен немесе оларды ел билеушілердің қорлап, қадірін түсіруімен жүзеге асады, ( надандық артады) яғни, ақымақтар мен білімсіздер үстемдік құрып, ел ішіне надандық жайылады, (зина) яғни, ұят пен ардың азаюынан зина кең таралады (ішімдік көбейеді) яғни, Шараптың көбеюі қоғамда көптеген бұзақылықтардың шығуына себеп болады. Оның кесірі халыққа да, қоғамға да тиеді, (ерлер азайып) яғни, әлемнің тепе-теңдігі мен тәртібін ұстайтын (яғни, әйелдер істей алмайтын жиһад, хадд секілді шариғи үкімдерді тұрғызатын) ерлер аз болады, (әйелдер артады) яғни, қоғамдық істерде, маңызды міндеттерде емес, керісінше, олардың көп болуы қайғы мен ауыртпалықты арттырады (яғни, әйелдердің көп болуы ер адамға материалдық, эмоциялық, рухани және әлеуметтік деңгейде ауыр жүк болатынын білдіреді). Өйткені оларды асырау, қамтамасыз ету үшін көп қаражат табуға мәжбүр етеді (яғни, әйелдерді қамтамасыз ету үшін ер адамдар шариғи білімді қояды), (тіпті елу әйелге бір еркек болады») яғни, оларды асырап-бағуға, қарауға, істерін реттеуге жауапты бір ғана ер адам болады. «Елу әйел» – олардың бәрі бір адамның әйелі болады деген сөз емес. Бұл әйелдер – оның қамқорлығында болуы тиіс аналары, әжелері, әпке-қарындастары мен нағашы апалары секілді жақын туыстары.

(Басқа бір риуаятта: «Білім азайып, надандық артады»): Ғалымдар бұл сөйлемді алдыңғы риуаяттағы «ілім жоғалады, надандық көбейеді» деген сөздердің баламасы (мәндес сөйлемі) деп түсіндіреді. Яғни, мағынасы: «Ілім азаяды, надандық ашық түрде жайылады».

Бұл риуаят оқиғаның бастапқы кезеңін сипаттайды, яғни қиямет белгілері енді басталған уақыт. Ал уақыт өте келе, бұл жағдай шегіне жетіп, ілім түгелдей жойылады. Мысалы, әс-Сижзи Ибн Омардан риуаят еткен хадисте Пайғамбар ﷺ былай деген: «Қағба бұрышы (Рукн) мен Құран Кәрім толығымен көтерілмейінше (яғни, жойылмайынша), Қиямет болмайды». Ахмад, Муслим және әт-Тирмизи хазіретті Әнәстан жеткізген хадисте: «Қиямет жер бетінде «Аллаһ, Аллаһ» деп айтатын адам қалмайынша болмайды». (Хадисті Бухари мен Муслим жеткізді). Сондай-ақ оны Тирмизи мен Ибн Маджа риуаят және Сәид Джамалуд-Дин – Аллаһ оны рақымына алсын – хазіретті Анастан жеткізген риуаятта: «Қияметтің белгілерінен: ғылым жойылады, надандық көбейеді, зина мен арақ ішу кең тарайды және еркектер азаяды, тіпті елу әйелге бір ғана ер қамқоршы болады». Ахмад пен Бухари мен Муслим хазіретті Ибн Масуд пен Әбу Мусадан жеткізген марфуғ хадисте: «Қиямет алдын надандық көбейіп, білім жойылады, кісі өлтіру көбейеді»».